Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналистік қызмет – мәртебелі міндет

12.02.2026, 15:00 45

Ақпаратты талап ететін қоғамда журналистер абырой биігінде болуы тиіс. Себебі, әлемде болып жатқан жағдайлар мен мәселелерді жеткізіп ғана қоймай, оның шешімін табуға күш салатын, талдап-таразылайтын – журналистер. Яғни, БАҚ-ты «төртінші билік» деп бекер атамаған. Биыл мектеп бітіріп, журналистика саласына оқуға түсіп, белді қаламгер болуды армандауыма осы факторлар себеп болды десем, артық айтқаным емес.

Шыны керек, журналистикаға бірыңғай шығармашылық жолды бала күнінен місе тұтқан, ақынжанды не әдебиетті жаны сүйетіндер таңдайды деген таптаурын біраздан қалыптасқан. Мен бұған келіспеймін. Жазу, сызу – әрине, журналистің басты қаруы. Алайда, бүгінгі журналистикада тек жаза алу мен көркем сөйлей алудан тыс біліктіліктер үлкен рөл ойнайтынын жоққа шығара алмаймыз. Атап айтқанда, жаһанда болып жатқан жаңалықтардан әрдайым хабардар болу, оны сүзгіден өткізіп, қазақша тәржімалау үшін полиглоттық керек. Ал ғылыми-технологиялық бағыттағы жаңалықтарды жазу үшін сол салада қандай да бір базалық ілім болуы керек. Қысқасы, журналистика тек рухани, әдеби таныммен шектелмейді.

Өзім Арал өңірінде, оның ішінде Қарақұмда туып өскен соң қаламгерлік қызмет мен үшін жат емес. Қарақұмнан біршама ақын-жазушы, жүйрік журналист шыққан. Мысалға аққан жұлдыз Сағитжан Бермағанбетов қай-қайсымызға да үлгі. Одан бөлек, Қази Данабаев, Абай Елеш секілді аға буын тілшілік тіршілікте аянбай тер төкті. Бүгінде Qyzylorda телеарнасында журналистік мансабын бастап жатқан Нұртөре Әділді де сөзімізге қосқанымыз жөн. Мен де осы азаматтар секілді нық позициялы, аузы дуалы, жаужүрек журналист болуды армандаймын!

Әбіләкім  Тыныштықбаев,

№59 Қарақұм орта мектебінің 11-сынып оқушысы

Арал ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: