Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

“Жұмысшы жастар: Еңбек және инновация” атты жастар форумы өтті

20.12.2025, 8:28 33

Жыл сайынғы дәстүрге сай «Жұмысшы жастар: Еңбек және инновация» атты 17 жастар форумы өткізіліп, аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығын табыстау салтанаты ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Форум барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында жастар саясатына айрықша мән беріліп, жас ұрпақтың білім алуы, денсаулығын нығайтуы және жан-жақты дамуына бағытталған нақты тапсырмалар жүктеліп келе жатқанын атап өтті. Президент тапсырмаларына сәйкес, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр өңірінде, оның ішінде ауданда жастарға арналған бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.

Биыл Тереңөзек кентінде аймақ басшысының бастамасымен «Руханият» орталығы пайдалануға берілді. Аталған орталықта жастар орталығы мен неке сарайы орналасып, жас буынның тәрбиелік, рухани және әлеуметтік дамуына қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар, Тереңөзек кентінің көрікті аумақтарының бірінде «Жастар» аллеясы салынды.

Ауданда жастардың еңбекке баулынуына ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда ауданға қарасты 6 ауылда жастар бригадалары ресми түрде егін егу жұмыстарымен айналысып, 60 гектар жерге бақша дақылдарын егіп, оң нәтижелерге қол жеткізді. Бұл – жастардың адал еңбекке деген жауапкершілігі мен белсенділігінің айқын көрінісі екенін атап өтті.

Жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту мақсатында «Мүмкіндіктер алаңы» атты жылжымалы жәрмеңке ұйымдастырылып, жұмыссыз жастарды қолдауға бағытталған «Үздік бизнес идея» жобалар байқауы өткізілді.

Аудан жастары мемлекеттік қызмет, білім, мәдениет, ғылым және спорт салаларында жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Жерлесіміз, жас ғалым, Гонконг кванттық офтальмология зертханасының басшысы Мұхит Құлмағанбетов Гонконгтың Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы сыйлығында үлкен жетістікке жетіп, «Ғылыми Оскарды» жеңіп алып, халықаралық деңгейде зор жетістікке қол жеткізді. Сонымен қатар, 17 жастағы жерлесіміз Асылжан Абдуллаев өкпе қатерлі ісігін ерте анықтауға бағытталған жасанды интеллект негізіндегі «Cortex AI» стартап жобасын әзірлеп, медициналық диагностика саласына тың жаңашылдық енгізуде.

Спорт саласында да аудан жастары биік белестерді бағындыруда. Алматы облысы, Талғар ауданында өткен қол күресінен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде сырдариялық Самат Нұрсәт чемпион атанды.

Форум қорытындысында мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға елеулі үлес қосып, аудан көлемінде белсенді қызмет атқарып жүрген 10 жасқа аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығы мен 100 000 теңге көлеміндегі қаржылай сертификат табысталды. Сонымен қатар, бірқатар жас “Жыл үздіктері” атанды және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Форум барысында көрмелер ұйымдастырылды және жастарға арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: