Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастардың мамандық таңдауда неге мән бергені жөн?

25.02.2021, 10:00 735

Мамандығы бойынша жұмыс істейтіндердің көрсеткіші әлем бойынша оң деп баға беру өте қиын. Тіпті, оған ресми статистиканы келтірмей-ақ, оңай көз жеткізуге болады. Себебі күнделікті байқалатын көріністің өзгеретін түрі жоқ. Өткен жылы мамандар елімізде 2 миллионға жуық қазақстандықтың өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін мәлімдеген еді. Соңғы жылдары пандемияның әсерінен де жұмыссыз жастардың көбейгені сөзсіз. Көрші Ресей Федерациясы халқының 27 пайызының ғана дипломда көрсетілген мамандығы бойынша жұмыс істейтінін ресми басылымдарында жазды. Бұл жағдайдың басты  себебі  қандай?

Тағы бір оқу жылын артқа тастап, кезекті ҰБТ-ның уақыты жақындап қалды. Жастардың алдында «Қайда барамын, кім боламын?» деген сауал тұрғаны рас. Мамандық таңдау – бұл өмірімізде болатын ең күрделі шешім. Мамандық таңдар алдында «Ол маған не үшін керек?», «Мен өмір бойы осы салада жұмыс істей аламын ба?», «Бұл мамандықтың қыры мен сыры қандай?» деген сұрақтарға жауап беріп, ойланғаны дұрыс. «Алуан-алуан кәсіп бар, таңдай біл де, талап қыл!» деген өнегелі халықтың ұрпағымыз, сіз кәсібіңізді сүйсеңіз, ел көгереді, жемісін де көресіз. Әрбір ата-ана баласының жақсы мамандық бойынша білім алып, білікті маман атанғанын қалайды. Жас кезінен балаға «Сен өскенде мені емдейтін дәрігер боласың…», «Жаман адамдарды ұстайтын полиция қызметкері боласың…» деген секілді белгілі бір бағытпен тәрбиелейді. Бұл бір жағынан дұрыс-ақ, бірақ бала миына, ойлау жүйесіне шектеу де болуы мүмкін. Баланың өз еркіне салу арқылы, қалайтын, жақсы нәтиже шығара алатындай жұмысты таңдап, сол бағытты тереңірек тануына көмек көрсетсек, бала да жұмыста абыройлы болса, ол – ата-ана үшін де үлкен қуаныш. Қазірде дипломды жинап қойып, басқа жұмыста өзінің бағы ашылып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жастар жетерлік. Дәл осы жерде жастар арасында жұмыссыздық мәселесі де бой көтереді. Мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмаған жастар күнделікті табыс көзі бар әртүрлі жұмыс істеу арқылы да күн көреді. «Мемлекет жастарды жұмыспен қамту» мәселесінде бейжай қарап отырған жоқ. «Ауылдық квотамен», «Мемлекеттік тапсырыспен» оқып шыққандарға жұмыс дайын, дегенмен ауылдық жерде тұрып жұмыс істеуге жастардың ниеті жоқ. Қаламаған жеріне, қаламайтын мамандықпен жұмыс істеуге ешкімді мәжбүрлей алмайсың. Ата-анасының берген бағытымен оқып, маман болып, жаны қаламаған салада жұмыс істесе, елге де, өзіне де пайда жоқ. Аса қызығушылықпен сүйіп істелмеген жұмыстың өрге баспасы анық.

Ең бірінші себеп, осы ата-ананың балаға ықпалы десек те болады. Әрине, ешқандай ата-ана өз баласына жамандық тілемейді, олар бұрыннан есінде қалған ешқашан өз күшін жоймайтын мамандықтарды (дәрігер,  мұғалім, заңгер, банк ісі, полиция қызметкері, т.б.) таңдауға кеңес береді. Алайда соңғы 10-15 жылдықта жаңа технологияның даму үдерісіне қарай жаңа мамандықтарға, мамандарға сұраныс көбеюде. Интернет желісі арқылы табыс табатын маркетинг, таргетолог, SMM-менеджер секілді жаңа мамандықтарға сұраныс артуда. Бұл салада жұмыс істеу үшін де сіз 3-4 жыл уақытыңызды арнайы оқу қабырғасында өткізбейсіз, бар болғаны 1 айға жетер-жетпес уақытта курстан өтесіз.

Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Жазушының ойсаларлық сөздерінен не ұғасыз? Жастар біздің болашағымыз және олардың қандай салада болмасын өз сара жолының қалыптасуына көптеп көмек беруіміз шарт.

Нұрай ОҢАЛ,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың

4-курс студенті

Оқырманнан үзік ой

Гүлдана Нуфтуллаева, мұғалім:

– Менің негізгі мамандық таңдауыма түрткі болған – анам, ол кісі мен оқыған мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беретін. Анам менің мұғалім болғанымды қалады. Ауылдан қалаға білім қуып, тамамдап, тұрмыс құрып, мамандық бойынша жұмысқа да тұрдым. Шүкір, басында қалап түспесем де, қазірде өзімді басқа салада елестете де алмаймын. Қалай десе де ата-ана үшін ең маңыздысы – баланың болашағы. Егер де, балаңыздың белгілі бір салаға бейімділігін байқасаңыз, баланың сол салада өзін сынап көруіне мүмкіндік беріңіз. Ал, егер баланың қызығушылығын байқамасаңыз, балаға бағыт-бағдар беріңіз. Менің ата-анама алғысым шексіз!

Жаңагүл Абдразақова, қаржы маманы:

– Өсе келе ес жия, өз қалауыммен таңдаған мамандығым қаржыгер және осы салада білім алдым. Себебі, қаржы саласы қашанда өз маңыздылығын жоймайды. Оқуымды аяқтап, біраз уақыт еңбек еттім. Қаржы саласының қыр-сырына қанықпын десем де болады. Үйленіп, отбасын құрғаннан кейін жеке бизнеске көшу туралы біраз ойланып жүрдім. Көптеген бизнес тренингтерге де қатысып, өзімді дамыта бастадым. Енді, міне, бүгінгі күнім едәуір жемісті. Бұл бизнеске аз қаражат жұмсамадым, алайда басқа компанияның астында жұмыс істегеннен өзімнің жеке кәсібімді дөңгелетіп, адамдар маған жұмыс істейтіндей дәрежеге де жетеміз, әуелі Құдай! Қос сала бір-біріне ұқсас болғандықтан да маған едәуір жеңіл.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: