Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаштық жастар жұмыспен қамтылады

21.11.2022, 9:40 313

 HALYQLINE.KZ Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінде жастарды жұмыспен қамту мәселесіне арналған іс-шара өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Бақытқали Демеуов, облыстық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы директоры Самат Карипов, колледждің жұмыс беруші әлеуметтік серіктестері «МИРАЖ» шаруа қожалығының өкілі Төрехан Бақтыбаев, «Айнабаева» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Салтанат Айнабаева, «Жалағаш электр тарату торабы» КРЭК басшысының орынбасары Жанболат Тәттібаев және т.б жұмыс беруші шаруа қожалық басшылары, колледж оқытушылары мен студенттері қатысты. 

Іс-шара жоспарына сәйкес қатысушылар алдымен колледждің материалдық-техикалық базасымен, «Жас маман» жобасы бойынша алынған заманауи техникалар және құрал-жабдықтармен танысты. 

Оқу орнының Ғани Серікбаев бастаған басшылық құрамы механизатор және аспаз ісіне қатысты екі жоба дайындап, оны сәтті қорғап шығады. Олар аталған жобада Жалағаш ауданының аграрлық өңір екенін, онда дәл сол жылы 166 шаруашылық 29 мың гектар алқапқа күріш егетінін баяндап, жергілікті шаруашылықтарға тәжірибелі механизаторлар мен аспазшылар қажет екенін дәлелдеп шығады. Тыңғылықты дайындалған қос жоба қолдау тауып, Жалағаштағы аталған оқу орны 439 млн теңге грант жеңіп алды. Тиісті қаражатқа сатып алынған саладағы озық технологиялар мен аспаз ісіне қажетті заманауи апараттар, құрал-жабдықтар бүгінде мұндағы студенттер мен оқушылардың тәжірибе шыңдауына айтарлықтай қолғабыс болып отыр. 

Бұрын бұл технологиялар оқу орнына келмей тұрып, колледж түлектері үшін екі қолға бір күрек табу оңай соқпайтын. Себебі олар мұнда бұрыннан қалған көне техникалар мен құрал-жабдықтар арқылы тәжірибе шыңдаған. Ал болашақта бұл жұмыс жасайтын салаға озық технология келгені әлдеқашан. Сондықтан жергілікті шаруашылықтардың басым бөлігі ондағы мамандарды жұмысқа ала бермейтін еді. Алған жағдайда өздері тәжірибеден бір өткізетін. Қазір ше, бүгінде бәрі басқаша. Бұған соңғы жылдардағы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші толық дәлел. 


Өткен жылы оқу орнын 129 түлек бітірсе, бүгінде оның 82 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. 9 бала мамандығын жетілдіру мақсатында ЖОО-да білімін жалғастырса, қалғаны Отан алдындағы борышын өтеп жатыр екен. Әрине бұл колледжге келген жаңа технологиялардың жемісі екеніне ешкімнің дауы жоқ. Себебі Ғани Серікбаев мұндағы балалардан білікті маман қалыптастыру үшін теориядан тәжірибеге басымдық беретінін айтады. Директордың бұл сөзінің растығына жоғарыдағы бір жылдың нәтижесі де дәлел екені анық. Тіпті әлгі бағдарламаның арқасында жыл сайын колледжбен меморандумға отырып, жас мамандарды жұмыспен қамтуды дәстүрге айналдырған жергілікті кәсіп-орындар мен шаруашылықтар қатары да көбейіп келеді екен. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы саласында өзіндік қолтаңбасы бар аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Мираж» бен қоғамдық тамақтану саласында халық сұранысын қамтамасыз етуге қауһарлы «Айнабаева» ЖК бар. Әрине колледж дайындаған мамандарға басқа да жұмыс беруші тараптардан сұраныс жетерлік. Бірақ біз атап өткен қос кәсіпорын оқу орнының түлектерін жыл сайын жұмыспен қамтуды дәстүрге айналдырыпты. Тіпті «Мираж» шаруа қожалығының төрағасы Мейрамбек Бақтыбаев колледж студенттерінің базадағы заманауи техникалармен тәжірибе шыңдауы үшін шаруашылыққа тиесілі алқапты тегін береді екен. Тіпті жанармай жағынан да қарасқан күндер болыпты. Кешегі шарада аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет «Мираж» ШҚ төрағасы мен «Айнабаева» ЖК басшысына Оқу-ағарту министрінің арнайы алғыс хатын табыстады. Жұмыс беруші әлеуметтік серіктес мекемелер колледж үшін өзіндік үлкен орны бар ынтымақтастықтағы ұжым болып табылады. 

Қазақстан бойынша 800-ге жуық колледж болса, соның бірі – Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі. Аймақта «Жас маман» бағдарламасымен грант жеңіп алған 6 колледждің бірі де бірегейі осы оқу орны. 60 жылдан астам тарихы бар колледж бүгінде 281 балаға «Электрик», «Механизатор», «Аспаз ісі», «Құрылысшы» және «Дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша білім беруде. Қарапайым жұмысшы мамандықтар тапшы болып отырған қазіргі қоғамда бұл колледждің орны ерекше. Колледж директоры Ғани Серікбаев жергілікті кәсіпорындар мен шаруашылықтар тарапынан бүгінде түлектерге сұраныс түсіп жатқанын айтады. 

«Қай шаруаның да өз маманы жасағаны дұрыс. Сонда ғана жұмыста сапа болады, бір жағынан еңбек өнімділігі де еселенеді. Қазір бізден түлеп ұшқан студенттерге жергілікті кәсіпорындар мен шаруашылықтардан сұраныс түсіп жатыр. Әсіресе кешегі бағдарламамен келген озық технологиялар колледж бітірушілерінің жұмыспен қамтылуына сеп болып отыр. Себебі оларға өз мамандығын игертуде теориядан практикаға басымдық беріледі. Біз бұл техникаларды жергілікті шаруашылықтарға жалға бере алмаймыз, бірақ жалданып олардың жұмысын бітіріп береміз. Осыған дейін заманауи техникаларымызбен бірқатар жергілікті шаруашылықтардың көктемгі және күзгі науқан тұсында жасалатын жұмыстарының барлығын жасап бердік. Оның барлығын осы колледж қабырғасындағы студенттер жасады. Демек біздің оқу орнын бітірген түлектер алдағы уақытта дайын маман болып шығады деген сөз. Жуырда жергілікті шаруашылықтардың біріне талдау жасадық. Әлгі шаруашылықта 70 механизатор жұмыс жасайды. Оның елуінің мамандығы мұғалім, заңгер, дәрігер, тіпті араларында психологтар да бар. Міне, біз осыдан-ақ қарапайым жұмысшы мамандықтардың қоғамда тапшы екенін аңғарамыз. Ал бұл түйткілді мәселені шешуге колледждің толық қауһары жетеді», – дейді оқу орнының басшысы Ғани Серікбаев.   

Іс-шарада Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінің директоры Ғани Серікбаев пен Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет және жұмыс берушілер, «МИРАЖ» шаруа қожалығының төрағасы Мейрамбек Бақтыбаев және «Айнабаева» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Салтанат Айнабаева арасында өзара әріптестік меморандумға қол қойылды. Дәл осы құжаттар аясында жергілікті кәсіпорын мен шаруашылық басшысы колледждің біршама түлегін жұмыспен қамти отырып, олардың еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып, жұмыс жасауына жағдай жасайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: