Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жағымпаз жастарды тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба?

12.08.2021, 10:00 1383

Жағымпаздыққа не жетелейді? Қызметқұмарлық немесе шен тағып, шекпенге мейлінше ерте жамылу ма әлде өзіне деген сенімсіздік пе? Әйтеуір айналамызда жағымпаздар толып кетті. Ең сорақысы, қоғам жастарды жағымпаздыққа тәрбиелеп жатқандай. Бай-бағланның ығына жығылып, мақтауын асырып, ақжағалылардың көңілін тапқандардың айы оңынан туып тұр. Марапатқа да, мадаққа да ілігетін – солар. Өтірік көлгірсу қолынан келмейтіндер көлеңкеде қалып қоюда. Бұл сөзімді ел алдында жүрген жастардың өзі де растайды. Мақтап-мадақтаудың  шыңы – әлеуметтік желі беттері. Жетістікке жету жолында жағымпаздану айнымас заңдылыққа айналып қалған. Сірә, мұндай жастар легі билік басына барса ел болашағы бұлыңғыр шығар. Өзекті тақырып. Осы тұрғыда әр салада жүрген жастар мен аға буын өкілдерінің пікіріне құлақ түрдік.

Айжан  АБДУЛЛАЕВА,

облыстық  «Ақмешіт  жастары» газетінің  бас  редакторы:

МАҚТАУДЫ  ҚАБЫЛДАУДЫҢ  ДА  ӨЗ  ӘДЕБІ  БАР

Ол рас, осы бір жағымпаздық дерті жастарды да дендеп бара жатқандай сезіледі кейде. Әсіресе, әлеуметтік желіде жағымпазданудан жарыс басталып кеткендей көрінгенде кісінің өзінен-өзі ұялатындай жағдайы болады. Неге? Өйткені, көп адамдар біреуді мақтар алдында ол адам туралы пікір айтуға қаншалықты қақысы бар екені жайында ойланбайтын сияқты. Біз әрине мақтауға мұқтаж емеспін дейтіндей Құдай емеспіз. Парасат биігіне көтерілген қандай кісі болса да жақсы лепеске жадырап қалады. Оның ешқандай сөкеттігі жоқ.

Бірде шаштаразда отырғанымда ұшақ уақыты таяп қалған екі келіншек асығыс келді де, шашын сәндетіп отырып, қандай қалаға барса да, қандай қымбат салонға кірсе де, осы шаштараздағы қыздардай көңілінен шықпайтынын, сол себепті әдейілеп жол жүрер алдында келгенін айтып, шаштараз шеберін керемет мақтады. Тіпті адамдардың аспаз сияқты шаштараз болып та туылатынын, мұндағы шебердің де сондай адам екенін баса айтты. Менің  шашымды бұйралап тұрған шебер кенет: «Осы адамдарға менің  жақсы  жағымды  көрсеткен Аллаға мың да шүкір» деп күбірледі  жұртқа  естілер-естілмес етіп. Асыра айтып жіберген жоқ па деп ыңғайсызданып отырғанмын, бірақ шебердің мына сөзінен кейін мақтауды қабылдаудың да осындай әдебі бар екені есіме түсіп, ойланып  қалдым.  Мақтамасын демеймін. Біреуді мақтар алдында   екінің  бірі  айтатын: «Жақсының   жақсылығын  айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» деген сөз бар ғой қазақта. Демек, кісінің жақсылығын айтып, мақтап, марапаттап, жұрт алдында жариялап, көңіл хошын көтергеннің ешқандай әбестігі жоқ. Бірақ сол мақтау сөз мақталып жатқан кісінің бойына шақ болу керек және ондағы сөз қуатынан шынайылық сезіліп тұру керек. Ең басты гәп осында. Егер одан қандай да бір жасандылық сезілсе, мақтамен бауыздағандай бас пайдасы үшін әдейі көтермелесе, онда оның көкейіндегісі бүлкілінен-ақ байқалып қалады.

Одан кейін сіз ол адамды мақтауға, ол адам туралы қандай да бір сөз айтуға қаншалықты лайықтысыз? Бұл әсіресе жоғары лауазымды, үлкен қызметтегі және жасы да үлкен адамдарға қатысты. Өйткені, өзің жақсы білмейтін, бір-екі рет алдына барғаныңды айтып, сөзді оңды-солды пайдалану да өте ыңғайсыз нәрсе. Жас адамның бойына жараспайтын қылық та, міне, осы. Ешкім мені білмей қалады деуге болмайды. «Кісіні жақсы тану үшін ол туралы қандай да бір сөз айту үшін онымен көрші тұру керек немесе бірге сапарға шығу керек немесе саудаласу керек» деген хадис бар. Кім болса да қандай да бір кісіні мақтар алдында осыны ескеру керек деп ойлаймын.

Дамир  РАШИДҰЛЫ, 

жас  маман:

ЖҰРТ  ЖАҒЫМПАЗДЫҚТАН  ЖАЛЫҚТЫ

Иә, келісемін. Бүгінде жағымпаздыққа жастар бала күннен тәрбиеленеді. Десе де, бұл үй тәрбиесінен келген дерт емес. Қоғамдағы қитұрқы әрекеттерді көріп, көп нәрсеге көзі жеткен соң осындай әрекетке барады. Жағымпаздыққа бойы сіңу мектеп кезден басталады. Ата-анасы һәм баланың өзі мұғаліммен жақсы болса, мейрам сайын мадағын асырып, сыйлығын тарту етсе оның бағасы төмен болмайды. Бала санасында тәуір баға алу үшін жай ғана оқудың жеткіліксіз екені қалыптасады. Бұл жағымпаздықтың «фундаменті» десек те болады. Мұндай көрініс университет қабырғасында да қайталанады. Өзім де куә болып жүрмін. Дымнан хабары болмаса да, жұмсақ креслоға жақын құрдастарым көп. Басшылардың барлығынан «Алғыс хат» алып үлгерген. Бірақ, менің ойымша дәл қазіргі кезде жағымпаздық жалықтырып бара жатыр. Нағыз басшы, көшбасшыға жақсы жұмыс істей алатын мықты кадрлар керек. Десе де, бес саусақ бірдей емес. Мақтау арқылы креслоға иелік етіп отырғандар да бар. Пандемия кезінде кімнің кім екені анық көрінді. Қиын-қыстау уақытта мақтангершілік көмектеспеді. Алдағы уақытта осыдан сабақ алады деп ойлаймын. Сол үшін енді «жағымпазданып жағдайымды жақсы қылам» деу ақымақтық. Қазір білім мен істің заманы.

Айдос МЫРЗАЛЫ,

«Жастар  ресуртық  орталығы» ҚММ-нің  баспасөз  хатшысы:

ЖАСТЫ  КӨҢІЛІНЕ  ЕМЕС,  ҚАБІЛЕТІНЕ  ҚАРАП  БАҒАЛАУ  КЕРЕК

Иә, ақпараттық ашық қоғам әртүрлі бейәдеп әдеттер мен кереғар түсініктер тәрбиелеуде. Бүгінде өмір сүру дағдысын толассыз табыстар мен мақсатсыз пайдакүнемдік жеңіп, жағымпаздық ұғымы әр істің басында көрініс тауып келеді. Өкініштісі сол, бүгінгі жастар сол жағымпаздықты қалыпты құбылыс санап, ұлттық тәрбиені, адамдық қасиетті екінші орынға қоюда. Осылайша, көздеген жетістігіне ерте жеткісі келетін шығар. Дегенмен, бұл сөзіммен көпке топырақ шашқым келмейді. Қоғамда өзінің ашық пікірін һәм сыни көзқарасын білдіріп жүрген жастар да жетерлік. Арасында біршама жетістікке жетіп жүргендер де бар. Бұл өз кезегінде жетістікке жету үшін «ағалардың» көңілінен шығу керек деген ұғымды жоққа шығарады.

Қандай да бір жас жетістікке жетіп жатса, артынан ерген алыпқашпа әңгімелер көпшіліктің көзқарасын бұзып, жағымсыз пікір қалыптастырады. Кейде сыйластықты жағымпаздыққа балап жататындар да бар. Бірақ, жағымпаз жас ел болашағын жарқын ете алмайтыны анық. Сондықтан, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуді мектеп жасынан бастап, аса назар аудару қажет. Жасты көңіліне емес, қабілетіне қарап бағалауымыз керек. Жастар ұйымдары да осы бағытта жұмыс істеп, жеткіншектер бойына адамгершілік пен адалдықты сіңірсе деймін.

ТҮЙІН. Жағымпаздық жарға жығады. «Жоғарыға» өтірік көлгірсу қазаққа жат дүние. «Бек алдында иіліп, көкірегін басқан қолдан темір илеген білек мың есе артық» деп мақалдаған бабамыз жағынуды жағымсыз әдетке балаған. Қоғамда жағымпаздықтың түрі көп. Билікке жағыну, бастыққа жағыну, көшбасшыға жағыну, көпке жағыну, кім көрінгенге жағыну… т.б. Өзгенің отарында болған кезде жұққан бұл кесел тәуелсіздік жастарын да айналып өтпеді. Жиында жақсы сөйлеп, ордалы ортада «керек адамның» атын аспанға шығарсам тез көтерілемін деген жалаң түсінік пайда болды. Осы уақытқа дейін солай болып та келді. Десе де, қазіргі таңда «қолыңның» кемістігін «тіліңмен» жасыра алмайсың. Бақылау күшейіп, қоғамға мақтануды қажет етпейтін тәуелсіз ойлар легі енді келді. Ал шенді-шекпенді мен бай-бағланның жүрісін түгендеп, әлеуметтік желі беттерін мақтау посттармен толтырып жүрген жастар бұл ісін өзінің ар-намыс таразысынан тағы бір өткізер деген үміттеміз…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: