Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр елінде жас ғалымдарға қолдау бар

17.04.2024, 16:30 350

HALYQLINE.KZ

Отандық IT саласы қарыштап даму үстінде. Әсіресе оқушы, студент шағынан инновациялық жобаларға белсене қатысып жүрген жастардың қарасы қалың. Ақпараттық технологияларға деген жасөспірімдердің құлшынысы күн өткен сайын артып келеді. Оған дәлел – ЖОО-лардың IT мен ақпараттық қауіпсіздік мамандықтарына бөлген гранттар саны, шетелдік белді компанияларда қызмет етіп, тәжірибесін шыңдап жүрген жалынды жас мамандар. Жалпы, қазақстандықтар қашанда техника ғылымдарына бейім болған. Бұл жөнінде ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев «қазақ баласы бірінші боксқа, екіншіден, математикаға икемді» демей ме? Осы орайда жасөспірімдердің құлшынысын байқап, материалдық жағынан қолпаштап, көмек қолын созып жүрген Kyzylorda hub бизнес-инкубаторы жөнінде айтып өтпеске болмайды. Инновациялық жоба жасағысы келетіндердің саны көп, дегенмен, көбінде идея тұнып тұрғанымен, оны жүзеге асыруға қажетті қаржыны таба алмайды.

Мемлекет басшысының өзі ақпан айында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында IT-ға бағытталған тың жобаларды көбейтуді айтқан еді. Президент тапсырмасының төңірегінде облысымызда көптеген игі жоба жүзеге асып жатыр. Жақында ғана орталық резиденттері «Chevron» компаниясының ұйымдастыруымен өткен «Sustainbability Living Lab» жобалар сайысында грант иеленді. Сондай-ақ, 13-14 сәуір күндері Түркістан қаласында болған «Recodetau» республикалық хакатонына қатысып, Үндістан мемлекетіне тағылымдамадан өтуге жолдама алды.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті баспасөз мәслихатында Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының резиденті әрі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Саят Қанатұлы толығырақ айтып өтті.

Өткен жылы «Сhevron» компаниясы ұйымдастырған «Sustainability Living Lab» жобалар сайысына Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінен 6 білім алушы қатысуға өтінім беріп, 4 жоба финалдық кезеңге өтті. Нәтижесінде 2 студент грант иегері атанды. Сайыстың шарты бойынша оқу орындарының кампусын дамытуға арналған 70-тен астам жоба келіп түскен болатын. Соның ішінде 17 жоба үздік деп танылып, әрқайсысына 1 млн 300 мың теңге көлемінде арнайы грант бөлінді. Мен ұсынған «Smart Bench» жобасы − университетіміздің бас оқу ғимаратының алдына күнпанельдері орнатылған смарт орындықтар қоюға бағытталған жоба. Негізгі мақсаты − кампус ландшафтарын өзгерту, экологиялық мәселелерді тұрақты шешіммен қамтамасыз ету, университетіміздің инфрақұрылымының дамуына үлес қосу. Жалпы айтқанда, күн сәулесінен қуат алатын «ақылды» орындық. Ол әдеттегі орындықтардан зарядтау станциясы ретінде жұмыс істейтін кіріктірілген күн панелімен ерекшеленеді. Олардың көмегімен бір уақытта бірнеше телефонды қуаттауға болады. Келесі грант иегері Темірлан Әбжанов тұрақты жылыжайға бағытталған жоба ұсынды. Жобаның мақсаты – органикалық қалдықтарды өңдеу арқылы топырақты құнарландыруға пайдалану, – дейді жас ғалым.

13-14 сәуір аралығында өткен «Recodetau» хакатонын «Respublica» партиясын ұйымдастырған. Байқауға 18-25 жас аралығындағы жастар қатысқан. Аталған жобалар сайысына қала атынан «NeoNomad» командасы қатысты. Команда құрамы – frontend, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Тұрғанбай Раушан, hardware, Жұлдызай Мұңайтбасова, дизайнер, бәрімізге белгілі «QazaqGPT» бағдарламасын ашып, жасанды сананы қазақша сөйлеткен Асылжан Абдуллаев. Команда жетекшісі – Kyzylorda Hub-тың атқарушы менеджері Темірлан Әбжанов.

Хакатонға еліміздің әртүрлі нүктесінен 150-ге жуық адам қатысты. Байқаудың шарты бойынша біз берілген бизнесті цифрландыруға бағытталған 8 тақырып және қосымша табиғи апаттар кезінде жедел әрі оңтайлы шешім шығаруға бағытталған жоба жасауға мүмкіндік алдық. Командамен ақылдасып табиғи апаттар мәселесін шешуге бел будық. Нәтижесінде «ReDabyl» жобасын әзірледік. Бұл – су тасқыны секілді табиғи апат кезінде жұмыс істеуге арналған мониторинг және алдын ала болжау кешенді жүйесі. Жобаның міндеті  – сенсорлар нақты уақыт режимінде өзен арналарының бойында орналасқан су деңгейін және басқа параметрлерді үздіксіз бақылайды. Су тасқынын көрсететін шекті мәннен асқан кезде сенсорлар автоматты түрде жауапты органдарға да бұл туралы ақпаратты жібереді, – дейді команда мүшесі Тұрғанбай Раушан.

Алдағы уақытта, дәлірек айтсақ, 3 мамыр күні бизнес-инкубатордың ұйымдастыруымен «KyzylordaHack» облыстық хакатоны өтпек. Жүлде қоры – 500 мың теңге және 1 оқу гранты. Жыл соңына дейін бас-аяғы 4 хакатон өткізу жоспарланған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: