Еліміздің болашағы – білімді жастардың қолында. Сол себепті жастардың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан біршама қолдау көрсетілуде. Қайсыбірін айтсақ та әрқайсысының орны бөлек. Тіпті мұғалімдердің жалақысы көтерілуде, бұл – ұрпақтың білімді болуын қадағалауда жауапкершілікпен қараса деген ниеттің белгісі. Шыны керек, гранттың көптігі де жастардың ҰБТ-дан қорқынышын сейілтті. Бұрындары тесттен өте алмаған талапкерлердің суицидке баруы да жиілеп кеткен еді. Қазір мемлекеттік грантпен оқып, оның үстіне шәкіртақы алатын студенттер қатары көбеюде. Егер осы қолдаудың қадірін білсе, еліміздің болашағы жарқын болатыны анық. Өйткені ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттердің стипендиясы 2025 жылға дейін екі есе ұлғаяды деп мәлімдеді. Ол «2025 жылдан кейін де келесі кезеңге дәл осындай өсім болады. Біз жоғары оқу орындары шәкіртақыны және оқытушы-профессор құрамының жалақысын сапалы түрде арттыру үшін гранттар құнын да кезең-кезеңімен арттырамыз» деді. Шәкіртақының көбеюі – жастарға берілген мотивация һәм мүмкіндік. Десе де, студент тек мемлекеттік гранттан бөлек, жаңа көкжиектерді ашып, түрлі шәкіртақыны ала алатынын білгені жөн. Бүгін сол шәкіртақыларды айтып қана қоймай, өз тәжірибеммен бөлісетін боламын.
Ең алдымен, университетке келгенде студент ҚР Президенттік стипендиясы жайлы хабардар болады. Кейбірі қол жетпес стипендия деп қарап, еш қам-қарекет жасамай тұрып әу бастан үмітін үзетіндері бар. Дегенмен, адамның жасағанын адам жасай алатынын ескеру қажет. Өзгенің қолынан келгені сенің де қолынан келетіні хақ. Тек еңбектене білу керек. Ал енді нақты іске көшейік. Егер мемлекет басшысының қаржылай қолдауына ие болғыңыз келсе, біздің кеңесті мұқият оқып шығыңыз. Президенттік стипендия Қазақстанның барлық университетінде бар деуге болады. Бұл шәкіртақыға қалай үміткер болуға болады? Біріншіден, 1-2-курсты «өте жақсыға», яғни GPA көрсеткіші А, А- аяқтау міндетті. Бір пәннен болсын қорытынды баға төрт болған жағдайда автоматты түрде үміткер қатарына іліне алмайсыз. Көбі жекеме бір семестрді, бір курсты беске аяқтаса, «Президенттік стипендияға тапсыра аламын ба?» деген сұрақты қояды. Жауап – «жоқ». Сіз 4 семестрді, 2 курсты беске аяқтасаңыз ғана үміткер бола аласыз. Алайда бұл сіздің стипендиат атануыңызды білдірмейді. Кезінде мүмкін болған шығар, бірақ бүгінгі күні оқу үлгерімі «өте жақсы» студенттер жетіп артылады. Сондықтан бәсекелестік жоғары. Міне, ең басты талап оқу үлгерімі болса, екінші талап жетістіктер мен қоғамдық жұмыстарға белсене қатысу сыналады. Мүмкіндігінше өз мамандығыңыз бойынша жетістіктер көбірек болғаны дұрыс. Сол жоғары бағаланады. Стипендия білім алушылардың мынадай санаттарына тағайындалады:
1) республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың, фестивальдардың жеңімпаздары немесе жаңалық авторлары;
2) ғылыми еңбек жинақтарында, республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдары бар білім алушылар;
3) табыстары дипломдармен, грамоталармен, сертификаттармен, куәліктермен расталған ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатындар;
4) білім беру ұйымының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене араласатындар.
Қазіргі таңда өңіріміздегі ең үздік жоғары оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 21 студент Президенттік стипендияны алады. Олардың басым бөлігі – ғылым жолындағы жастар. Бейресми ақпарат бойынша үміткерлердің саны 50-ге жуық болған көрінеді. Әрбір университетке президенттік стипендияның саны бөлінеді. Соған сәйкес, стипендия тағайындалады. Стипендияны ғылыми кеңес шешімі негізінде жоғары оқу орнының ректоры қол қойған бұйрықпен бір академиялық кезеңге (семестрге) беріледі. Ғылыми кеңестің шешімі бойынша бір адамға бірнеше рет тағайындалуы мүмкін. Бұл дегеніміз әр семестр сайын конкурс өткізіледі. Президент стипендиясын тағайындау кезінде алдымен үміткердің жетістіктері ескеріледі. Ал екі кандидаттың ұпайы тең болған жағдайда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар балаларға басымдық беріледі. Құжаттар тізімін нақтылай кетейік, жеке куәлік көшірмесі, транскрипт, ұсыным хат пен жетістіктеріңіздің түп нұсқасы мен көшірмесі. Ұсыным хатты сіздің жетістігіңізді, университеттегі белсенділігіңізді көріп жүрген тұлға жазады.
Келесі екінші ауқымды стипендия жайында сөз өрбітсек. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаев қорының стипендиясы. Бұған мемлекеттік грантта, сондай-ақ ақылы бөлімде оқитын студенттер қатыса алады. Талаптары: кемінде екі оқу курсын жақсы аяқтағандар; академиялық үлгерімнің максималды көрсеткішіне ие студенттер (үздік үлгерім); оқу орнының кафедралары мен бөлімшелерінің қоғамдық, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстарына белсенді қатысушылары қатыса алады. Байқаудың үдерісі екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең оқу орны арасында жүргізіліп, ғылыми кеңестің шешімімен екінші турға қатыса аласыз. Ал, ақтық кезең қордың ұйымдастырумен өткізіледі. Шыны керек, бұл шәкіртақының құжаттары көп болғаннан кейін әрқайсысына немқұрайды қарамаған жөн. Себебі көріп тұрғаныңыздай, интервью кезеңі жоқ. Сондықтан сіз емес, сіздің орныңызға құжаттарыңыз сөйлейді. Сауатты толтырып, бар деңгейіңізді көрсете білуіңіз керек. Мұнда екі бағыт бойынша қатысуға болады. Ғылым және өнер. Таңдаған бағытқа қарай жетістіктеріңізді толық көрсетесіз. Ресми сайттағы құжаттарды дедлайн уақытына дейін дайындап, пошта арқылы Нұрсұлтан Назарбаев қорына жібересіз. Мұнда да ғылыми жобалардың атауы, ғылыми конферецияларда оқыған баяндамалар тізімі, жетістіктерді жібересіз. Өткен жылдың 18 сәуірі мен 30 маусымы аралығында өткен байқауға 293 өтінім түсті. Атап айтқанда, «Өнер және мәдениет» бағыты бойынша 25 оқу орнынан 112 өтінім, ал «Ғылым» бағыты бойынша 40 жоғары оқу орнынан 181 өтінім келіп түсті. Байқау бүкіл Қазақстанды қамтыды. Сыр өңірінен екі жас аталмыш шәкіртақының стипендиаты атанды.
Бұл екі көлемді стипендиядан бөлек, 2022 жылы 11 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырды. Бүгінде осы қор арқылы қаншама студент тегін білім алуда. Бұл қордың мақсаты мен функциясы – қазақстандықтардың атаулы және жүйелі мәселелерін шешу, еліміздегі қайырымдылықты жүйелі дамыту, қайырымдылық мәдениетін көтеру, қазақстандықтардың мәселесін шешу үшін мемлекет пен қордың мемлекеттік органдармен тығыз байланыста болуы. Өткен жылы алғаш рет жүзеге асырылған гранттық байқауға көптеген студент қатысты. Дегенмен, отбасылық жағдайы төмен үміткерлерге тегін оқу мүмкіндігін қарастыратын бағдарлама екенін ескерген жөн. Бұдан бөлек, елімізге белгілі азаматтардың атынан ай сайынғы, бірреттік шәкіртақылар бар. Тек өз салаңызға қатысты да шәкіртақылар беріледі. 20 студентке берілетін Шахмардан Есенов шәкіртақысы да жылдан-жылға танымал болып келеді. «Дәулеттен» қайырылымдық қоры да 100 студентке 100 мың теңгеден шәкіртақы бергенін айтқан дұрыс. Қазіргі күні шәкіртақылардың талабы оқу үлгерімімен бірге, мотивациялық хат жазуды қосады. Бұл – алдыңғы шептегі дамыған елдердің жоғары оқу орынға тапсыратын кездегі талабы. Мұндай талап ақырындап біздің елге де үрдіс болып келуде.
Сондай-ақ, сіз ана тіліңізден бөлек, басқа тілдерді жетік меңгерген болсаңыз, танымал компания мен қорлардың шәкіртақысын алуға мүмкіндігіңіз бар. Жалпылама айтқанда, олардың сізден сұрайтыны – Personal Statement, Study Plan, ұсыным хат пен тілдік деңгей. Және әрине, GPA көрсеткіші. Мұның бәрі алынбас қамал секілді көрінуі мүмкін. Алайда білімге деген құштарлық болса бәрі мүмкін. Адамның өмірі оның қиялы мен іс-әрекетіне байланысты. Тіпті ең бай адамның мұрагері де жалаңаш дүниеге келеді. Бұл өмірде бәріміз туғаннан бірдейміз. Бірақ болашақта кім болатынымыз, ол – тек өзіміздің қаншалықты күш-жігерді қолданғанымыздың көрінісі. Шәкіртақы – бұл ақша табу емес, сіздің болашаққа деген қадамыңызға жасайтын сенімді баспалдағыңыз. Университет шақта сабақ оқып қана қоймай, өзіңе, елге, ғаламға қажетті дүниемен айналыссаңыз, жоғырыдағы аталған стипендиялардың бірін немесе бірнешеуін алуыңыз мүмкін. Біз сол жайында болашақ ел тізгіндейтін жандарға кеңес беруді жөн санадық.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!