Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ жастарының басты мәселесі – ғылым-білім емес, мақсатының жоқтығы

13.04.2023, 9:20 340

Жастар – қазақ елінің болашағы. Бүгінгі өсіп келе жатқан жасөспірімдерге тәрбие беру, үлгі болу, өнеге көрсету – жастардың  қолында. Бұл тұрғыда, «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген қазақ мақалы есімізге түсетіні анық. Демек, жастарға берілетін білім мен тәрбие неғұрлым нәтижелі болса, ертеңгі ел болашағы да соғұрлым айқын болары  анық.

Кешегі хан Абылайдан бастап, ақын-жазу­шыларымыз, би-көсемдеріміз қазақ жастарына үлкен үміт артты. Оған дәлел – қазақ жастарының көсемі атанып кеткен Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деп ұрандатып, рух беруі. Иә, қай тарихты ашып қарасақ та, қоғамды қозғаушы күш – жастар болмақ.  Реформа, әліппе, мектеп ашу, туған жер байлығын зерттеу, мәдениеті туралы құнды деректер жазу Шоқан мен Ахметтей, Ыбырай мен Жүсіпбектей, Міржақыптай өз кезеңінің жастарының қолында болды. Ал, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жаңа қарқында, жаңаша  лепте  дамуы – жастардың білімді, мәдениетті, бәсекеге қабілетті саналы азамат болуында!

    Біз халқымыздың  болашағын айқын  қылу үшін қоғамдағы жастар мәртебесін көтеріп, аудиториядағы мәселелерді де шеше білуіміз керек.  Онда материалдық, рухани мәдениетке байланысты түрлі проблема қамтылған. Сол себептен де, мемлекетіміздегі жастар тағдырын шешу жаңа Қазақстанның іргетасын қалаумен тең. Осы орайда, әр қазақ азаматы өзіне «Мен өз еліме қандай пайдамды тигізе алдым?», «Ұлы Абай айтқандай, «Өмірде бір кірпіш болып қалана алдым ба?», «Қоғамдағы орнымды таптым ба?» деген сауал­дарды қо­йып, жауап іздеуі керек. Сұраққа өзімізше жауап бергеннен кейін ғана жастарымызда болып жатқан мәселелерді  көре  аламыз.

Қоғамдық өмір. Адамзат баласы өз тіршілігін жасап, күнкөріс үстінде. Сол ортада қазақ тілін көтеріп, түрлі жоба түсіріп, елді бірлікке, жақсылық жасауға үндейтін істерге шақырып жатқан жастарымыз қаншама! Дегенмен, ондай  орталарға ілесе алмай жатқан жастарымыз да бар. Сонда, бізге берілетін ата-ана, мектеп, қоғам тәрбиесі әртүрлі екенін байқаймыз. Әсіресе, ішімдікке салынып, нашақорлықтың жолында құрбан болып жатқан қазақ жасын көргенде жүрегің езіледі. Нәтижесінде, өзіне-өзі суицид жасап, өмірмен қошта­сып та жататыны бар. Бұл – қоғамдағы жастар мәселесі…

Менің ойымша, ата-анадан, білім беру орталық­тарынан берілетін білімге күдікпен қарап, кінә таға беруді менталитетімізден алып тастасақ ғана бұл құбылысқа мәселе ретінде қарап, шешімін  таба  алатын  ба  едік.

Елімізде ерікті жастардың белсенділігінің арқасында есірткі тұтынбау, денсаулықты сақтау, нашақорлықтан аулақ жүру сынды флешмоб пен үгіт-насихаттар жүріп жатқандығын білеміз. Құрдан-құр би, яки айтылған сөзден ешнәрсе шықпайтыны анық. Сол себеп­тен де, баланың таным-түсінігі қалып­таса бастағаннан бастап, тәрбиеде бұл нәрсенің дұрыс еместігін түсіндіре алуымыз керек. Ол үшін дін мен ділді пайдалансақ деймін. Ата-бабадан қалған тәрбие, дәстүр дініміз ислам­мен бірге сабақтасып бір арнада жатыр. Алайда, қазіргі күнде дініміз бен тілімізді ұмытып, батыс елдеріне еліктеп, ұлттық құндылықтарымызды өмірінен жоғалтып алған жастарымыз өзін де, келер ұрпақты да бұзады деген ойдамын. Иә, шынында да, тіпті, бұған тәрбиені ғана емес, қазақ жастарының басындағы басты мәселе – мақсатсыздық деп білер едім. Себебі неде? Себебі, қазіргі күнде өзінің жастық өмірінде оқудан, білім іздеуден қалған бос уақытты көше кезіп, еліктеушілікпен өткіз­ген қазақ жасы өз басын тауға да, тасқа да соғатыны бар. Демек, біз қоғамдағы жастар мәселесінің алдын алуымыз үшін ең алдымен жастарымыздың үлкен өмірге қадам басқан кезеңінен дұрыс жол көрсете алуымыз керек. Кез келген адам баласының балалық шағында қалып кеткен арманы болады. Егер де, ата-ана баланың сол арманымен жұмыс істеп, қолдаса, жастарымыз сол бір дүниеге қол жеткізгенше тынбай оқып, ізденер еді. Өкініштісі, қазіргі күнде ҰБТ секілді түрлі оқу бағдарламасындағы тест мөлшерінің көптігі, грант санының аздығын ескеріп өзі сүймейтін, «Диплом болса болды…» деген оймен өмірінде ойға алмаған мамандықтарына орналасып, білім алып жатқан айналамыздағы қаншама студентті жиі кезіктіреміз. Бұл істің соңы жастардың өз құштарлығынсыз таңдаған мамандығын ұмытып, оқуды қаламай, бос уақытын ойын-сауыққа арнап, өмірдегі өз орнын, мақсатсыздық жолында өшіріп алумен аяқталады. Тіпті, есірткіге құмар­лық, өзін-өзі алдау, ішімдікке тәуелділікті де бұл сатыдан табамыз. Тек ол ғана емес, қазіргі күнде ащы судың жетегінде кеткен жастардың некесіз бала тауып, тасжүрек ана, безбүйрек әкеге айналып жатқанын да байқауымызға болады. Сонда бұның барлы­ғының нүктесі – қазақ жастарының мақсатсыздығы дер едім. Әрбір адам өміріне өзіне керекті  мақсатты  қойғанда ғана қоғамда өз орнын  қалыптастыруға  әрекет  жасайды.

Қазақ жастарының басты мәселесі – ғылым-білім емес, мақсатының жоқтығы. Бұл мәселенің алдын алу ұраншыл топтар құраумен ғана шектелмейді. Ол үшін интеллект, лидер­лік қасиеттерді дамытуымыз керек. Мәселен, қызығушылық делік. Егер де, біз жастарға ертең­гі ел болашағының тізгінін ұстайтын жеке тұлға екенін үйретсек және жауапкершілік, сенім артып, ашық бәсекелестік жарияласақ, бәлкім бұл істі жеңер ме едік, кім білсін?

Мәселен, өзге мемлекеттерде жастарының қарапайым жасаған дүниесіне немесе жобасына қолдау көрсетіп, оған түрлі идеялармен моти­вация береді. Мен бұны Түркия мемлекетінде көрдім. Қарапайым қазақ оқушыларының еңбек пәнінде жасаған бұйымдарын олар бизнес ретінде нарыққа шығарып, тұтынады. Ал, біздің қоғамда қалай? Қажетті қолдауды мектеп кезеңінен бастап балаға көрсете аламыз ба? Ертеңгі күніне сеніммен қарай аламыз ба? Біз бейберекетсіздікпен қараған дүниеге балалар да өсе келе маңызды деп қарамайды. Істің соңы «Менің қолымнан ешнәрсе келмейді…» деген пікірмен аяқталып, жастарды мақсатсыз­дыққа әкеледі. Мақсатсыздық – еліктеушілік.

Әрбір дүниеге еліктеп жүрген адамнан мәселе кеткен емес. Бұдан шығатын ой – жастар арасындағы проблеманы тек жастардың мойны­на артып қою қате. Мемлекет болып, ата-ана болып, ұстаздар болып мақсатсыз өскіннің сол санасына жұмыс істей білуіміз керек. Қазақта «Көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұра» деген тәмсіл бар. Заман ағымына сай тәрбиеленіп өскен жастардың білім алып, ғылым жолында жүрген  кезеңінен, яки алдыңызға келген уақытынан-ақ, сіз рухани тұрғыда көмек көрсетіп, өмірдегі орнын табуға жәрдемдесіңіз! Алдына мақсат қойып, оған жете алатынына сенім білдіріңіз.  Әдебиетші, жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе…» демей ме?! Тілі шыққан, санасы қалыптасқан бала ата-ананың қарауынсыз, атыс-шабыс, зорлық-зомбылық көрер болса, ол үшін бұл дүние қалыпты жағдай болмақ. Ал, бұл істің алдын алу – тәрбиенің тал бесіктен басталғандығында. Сондықтан, бірінші жолда, жастарды отансүйгіштікке, адамгершілікке, иманды болуға  тәрбиелеп, дағдылануымыз  тиіс.

Бүгінгі буынның мақсатсыз болуы һәм болаша­ғына бұлыңғыр көзбен қарауы – расында елді алаңдататын мәселе. Осы жолда әр ата-ана өз перзенті үшін әрдайым жанынан табылуы тиіс. Жасап жатқан ісіне мұқият қарап, оның  ақыры немен аяқталатынын болжай білу керек. Дұрыс тәрбиенің жемісі – айқын  мақсаттың  болуы. Ал, мақсат орындалса, саналы, білікті, білгір жастың саны артарына сенім  мол!

Мадина  ИСМАН,

Алматы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: