Әрбір елдің ертеңі – жастар. Сол себепті жастар саясаты деген ұғым қалыптасып, түрлі қолдау көрсетілуде. «Жасыңда жалықпасаң, қартайғанда тарықпайсың» деген. Еліміздің керегесі берік, шаңырағы мәңгі болуы үшін қанатын қомдап, туған жерінде еселі еңбек етіп келе жатқан жастар қауымы жетерлік. Жаспын деп жасқанбай, кедергілерге қарамай табысты, көшбасшы болуға ұмтылатындардың қатары артып келе жатқандығы көңілді қуантады. Дәстүрлі түрде өткізілетін «12 тамыз – Халықаралық Жастар күні» биыл да облыс көлемінде аталып өтіледі. Бұны облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі ұйымдастырмақ. Олардың айтуынша, мереке қарсаңындағы іс-шара жастарға мол мүмкіндік беріп қана қоймай, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды екен. Аталмыш іс-шара жайында жауапты мамандар өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында тереңірек тарқатты.
– Жоспар бойынша біздің ұсынысымызбен 5 тамыз – «Жастар апталығының» ашылуы күні, 6 тамыз – «Экомәдениетті дамыту күні», 7 тамыз – «Таланттар күні», 8 тамыз – «Еңбек күні», 9 тамыз – «Балаларға қуаныш сыйлау күні», 10 тамыз – «OPEN AIR», 11 тамыз – «Спорт күні», 12 тамыз – «Мүмкіндіктер және инновациялық идеялар күні» болып белгіленді. Сәйкесінше, атаулы күндер бойынша Қызылорда, Байқоңыр қалаларында және аудандарда жастар апталығының негізгі жоспарынан тін тартатын жүздеген іс-шара ұйымдастырылып, өткізілетін болады. Бүгіннен бастап өңіріміздің барлық қалалары мен аудандарында жастар күнін атап өту мақсатында өткізілетін іс-шаралар туралы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының КММ директоры Мақсат Дауылбай.
Жалпы, мереке жастардыкі болған соң, жастардың вайбындағы кештер өткізілмек. Әрбір он күндік іс-шара әлеуметтік желіде жастардың ұсынысына сай дайындалған екен. Жастардың инновациялық дамуына қолғабыс етіп, олардың жастық шағының тәтті сезімдерінің өшіп қалмауына бұл іс-шараның негізгі бағыты осы болмақ. Сол себепті аймақтағы танымал DJ-лердің әрлеуімен қорытынды кеш аяқталады. Айта кету керек, бұл шаралардың барлығы аймағымыздың Қызылорда, Байқоңыр қалаларында және аудандарда бір күнде, бір уақытта ұйымдастырылып, өтетін болады.
Сондай-ақ, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» да «Кинотаим», «ЖазFEST», «Бір толқында», «TabooArt», «Мінбер» сынды мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізеді. Бұған қоса, облысқа танымал сәнгер Динара Алмуссаеваның тегін мастер-класын, бүгінгі күні табысты кәсіп түрінің ТОП-5-тігіне кіретін бютииндустрияның бірі, тырнақ әрлеу бойынша тегін курсын, жазасын өтеушілер арасындағы «Абай оқулары» сайысын және пробация есебіндегі қыз-келіншектерге арналған кәсіби бағдар жобаларын ұйымдастырады.
Сіздерге жастар мерекесінде атқарылатын іс-шаралардың кестесі мен мақсатын ұсынамыз:
6 тамыз – «Экомәдениетті дамыту күнінде» Облыс жастарының таза аймақ қалыптастыру мақсатындағы «ЭкоМарафон» сенбілік акциясы жүзеге асырылады. Дәл сол күні сенбілікке қатысушыларға және қала, аудан жастарына арналған «ҚарбызFEST» өтеді.
7 тамыз – «Таланттар күнінде» шығармашылық өкілдерінің (барлық жанрлар бойынша) ашық аспан астындағы өнер фестивалі өткізіледі. Фестиваль аясында заманауи би түрлерінен кеш өтіп, өнер көрмелері, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өткізмек.
8 тамыз – «Еңбек күнінде», «Еңбек лагерлері» деп жоспарлануда. Қала және аудан орталықтарындағы кәсіптік білім беретін орта арнаулы ББҰ базаларында өтетін «Еңбек лагерлері» жұмыссыз жастарға және түлектерге арналмақ.
9 тамыз – «Балаларға қуаныш сыйлау күнінде» «Барлық игілік – балаларға» жастар акциясы өтеді. Акцияда облыс аумағындағы жөндеуді қажет ететін балаларға арналған ойын алаңдарын қалыпқа келтіру бойынша көпшілік қайырымдылық іс-әрекеттер жүзеге асырылады.
10 тамыз – «Open air» деп аталды. Бұл күні Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің базасында, ашық аспан астында «Мінбер» атты атаулы шара ту көтереді. Оған жастар саласының жанашылары, сонымен қатар, осыған дейін және бүгінгі күні сала дамуына атсалысқан, атсалысып жүрген көшбасшылар мен жастарға қызмет көрсетуші маманды, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сонымен бірге, әкімшілік құрылымының барлық уәкілетті органдарының басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, депуттар, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері, барлық деңгейдегі жастар орталықтарының басшылары мен қызметкерлері қатысады деп күтілуде. Дәл осы күні барлық жастар орталықтарында әлеуметтік сала жетекгілерінің жастарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулары өтеді.
11 тамыз – «Спорт күні». Бұл күні барлық аудандарымыз бен қалаларымызда «АулаСПОРТ» шарасы өтеді. Бұл – заманауи спорт түрлерінің ашық аспан астындағы шарасы болып табылады.
12 тамыз – «Мүмкіндіктер және инновациялық идеялар күні» болып белгіленген. Бұл күні Қызылорда, Байқоңыр қалаларында және аудандарда «Мүмкіндіктер керуені» және «Инновациялық идеялар жәрмеңкесі» жобалары өтеді. Ашық аспан астындағы мүмкіндіктер алаңында аймақ жастарына бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, кастингтер, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға байланысты жастарға кеңес беру, жылжымалы медициналық қызмет түрлері ұсынылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!