Ең ауқымды индустрияға қадам басқан соң, интеллектуалды қабілетті арттыру да маңызды. Бұл ретте ақпараттық технология саласының қыр-сырына қанығу қажет. Қызылордалық жас Әмір Сланбек «Relog» компаниясында жұмыс істейді. Екі бірдей қосымшаны жүргізіп отырған маманмен тілдескен едік.
– ІТ саласының беделді мамандыққа айналғанын жоққа шығара алмаймыз. Жалпы, ауқымды әрі табысты саланың бүгіні мен болашағы жайында не дейсіз?
– ІТ саласы күн сайын арта түсетін технологиялар жетістігі мен инновация нәтижесінде танымал әрі табысты екені рас. Болашақта да өсу ағымы трендке сәйкес жалғасады деп ойлаймын. Себебі қазір пайда болған технология, жасанды интеллект, ауқымды мәліметтер негізінде жаңа мамандармен толыға бермек. Кейбірі жасанды интеллект ІТ мамандарының орнын басады деп ойлайды. Ал шындығында, қандай да бір интеллектінің білікті маманды ығыстыруы екіталай. ІТ мамандығының беделі олардың қоғамға қосқан үлесі мен қажеттілігі жоғары болуынан туындайды.
– ІТ иерархиясы жайлы сөз қозғайықшы. Джун мен мидл тобындағы мамандарға сеньор атану үшін қандай қабілет керек немесе не кедергі? Саладағы грейдинг қызметкерлерге мотивация бола ала ма?
– Иә, ІТ әлеміне грейдинг таңсық термин емес. Яғни, кәсіби қасиеті мен біліктілігі бойынша мамандарды бөледі. Бұл қызметтерге байланысты оңтайлы есеп айырысуға тиімді. Мұнда маманның жауапкершілігі де назарға алынады. Мамандыққа машықтанып, салаға енді қадам басқан маман тәжірибесін жетілдірсе, қызметі де жоғарылайтыны анық. Демек, грейдинг – мансап жолындағы мотивация.
Мәселен, джун – тәжірибелі маманның жетекшілігімен қарапайым және күнделікті тапсырманы орындайтын бастаушы маман. Ал мидл кодты жазуда қателік жібермейтін, әдіс-тәсілді меңгерген болса, сеньор – ең қиын міндеттерді орындап, джун мен мидлді бақылайтын нағыз кәсіби маман. Бұл – стандартты түсіндірме. Әйтпесе әр компания өз талабын қоя алады.
Сеньор дәрежесіне жетудің басты кілті – мәселені шеше алу қабілеті. Себебі тосын жағдайда тосылмай, тығырықтан шығудың жолын тауып, мәселені реттейтінін көрсетуі керек. Түрлі алпауыт компанияларда жобаға жауап беретін адам – сеньор мамандары. Сондықтан жоба басқарып, оны жүзеге асыру қолынан келсе, тәжірибелі деген сөз. Технология тілін меңгеріп, командамен жұмыс істеуі де маңызды.
– «Relog» компаниясында қызмет атқарасыз. Қазір қандай интеллектуалдық өнім жасап жүрсіз?
– Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде ақпараттық қауіпсіздік жүйесі бойынша білім алдым. Бұрын-соңды ауқымды жобамен айналыспасам да, тәжірибем болды. Осылайша «Relog» компаниясы жұмыс бойынша әңгімелесуге шақырды. Бұл үш кезеңнен тұрды. Ең күрделісі – екінші кезең. Өйткені, кәсіби мамандар түрлі сұрақ қойып, тәжірибе мен білімді тексереді. Тіпті, қай сәтте қандай сұрақ қоятынын да болжап білу мүмкін емес. Ал «Google», «Яндекс» сынды шетелдік компанияларда live- coding болады. Яғни әңгімелесу барысында кодқа қатысты сұрақ қойып, сол кодты жазуға тапсырма береді. Мұндайда алғырлық танытқан жөн. Әрине, сыннан сүрінбей өту үшін білім керек. Бұл компанияда Relog Driver және Relog Manager қосымшасын әзірлеуге жауап беретін маманмын.
– Тасымал шығынын оңтайландыру мен тұтынушының сенімінен шығу оңай емес. Қызметке жүгінетін көш басындағы компания мен ретеншн деңгейіне тоқталсаңыз…
– «Relog» – бағыттарды құруға және логистиканы автоматтандыруға арналған жүйе. Нәтижесінде менеджерлер жүргізуші мен курьерді онлайн бақылайды. Демек тапсырыс уақытылы жеткізіліп, тұтынушы шағымы азаяды. «Relog» бағдарламасының арнайы алгоритмдері бар. Яғни, тапсырысты жедел және қаладағы төте, дұрыс жолмен жеткізу мақсатында есебін шығарып береді. Тиімділігі артық шығынсыз, уақытты үнемдеуге де нағыз мүмкіндік. «Relog» логистиканың шығындарын 30 пайызға дейін қысқартады. Сәйкесінше, тұтынушыларға қызмет көрсету деңгейін арттырады. Бағдарлама аясында 300-ден астам компаниямен серіктеспіз. Ретеншн деңгейі 85-90%-ды құрайды.
– Инновациялық идея мен инвестиция ІТ саласындағы имиджді айқындайтыны анық. Кәсіпкерлер мен стартапер арасындағы серіктестік жайында не айтасыз?
– Әрине, қос тарап арасындағы кесімді келісім және қарышты қадам жетістікке жетуге негіз болады. Бұл компаниялардың бәсекеге қабілетін арттырады. Әріптестік байланыс инновациялық даму үшін пайдалы. Тың идеяның қалыптасуы мен жаңашылдыққа жетелейтіні айтпаса да түсінікті. Бірлескен жұмыс қашанда технология кешенін жетілдіруге, нарықта табысты болуға мүмкіндік береді. ІТ индустриядағы серіктестіктің тағы бір маңызды аспектісі – білім мен тәжірибе алмасу. Мәселен, жас стартапер кәсіпкерлерден бизнес жүргізу, нарықты талдау және стратегия құруды үйрене алады. Яғни екі жақ ортақ ымыра арқылы бір-біріне ықпал ете алады. Тиісінше, мұның пайдасы қоғам игілігіне жарайтыны сөзсіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!