Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біздің елде құқыққа – құрмет, міндетке – мәртебе керек

13.04.2023, 9:40 354

Соңғы уақытта жастардың өз құқығын білу мәселесі жиі қозғалып жүр. Неге десеңіз, оған бүгінгі буынның өз құқығы мен міндеттерін білмей, заңсыз әрекеттерге барып жатқаны себеп. Оны былай қойғанда, өз құқығын білмейтін жастың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жүргенін көз де көрді. Сондықтан, арнайы «Тұлпар» бетінің бүгінгі шығарылымын жастардың құқықтық сауаттылығын қозғауға арнадық. Себебі, қоғам осыны қажет етіп тұрғандай.

Бұл мақалада біреудің алданып яки болмаса құқығы тапталғанын жазып, әшкере еткіміз келмеді. Алдымен, жастар өз құқығын біле ме, соны айқындап алуды жөн көрдік. Сондықтан, әлеуметтік желіде «Құқығыңыздың тапталып, біреуге есе жіберген кезіңіз болды ма?» деген сұрақ аясында 18 бен 35 жас аралығындағы 100-ге тарта оқырманыма сауал жолдадым. Дені өз құқығын толық білмейтінін растады. Шынайы жауап берсе керек, барлығы дерлік құқығыңды қанша қорғап, шыр-пыр болсаң да, кейбір кезде біреуге амалсыздан есе жіберіп, көнуге тура келетінін айтыпты. Мұны дәл осылай түсінер болсақ, сол жастарға құқықтық тұрғыдан сауаттылықты тездетіп арттыру керек. Болмаса, елімізде осыған арналған жобалар іске асуы керек секілді. Бұлай жүре берсек, шынында заңды қастерлеп, басты орынға қоятындардың саны азая беретіні сөзсіз.

Мәселен, дүкенде тұрсыз делік. Әдетте ұзын-сонар кезек күтіп тұрғанда сізден кейінгілер бірінші саудасын жасап, алдыңызды орап кетіп жатады. Адамгершілік тұрғыдан кешірімді дегенімізбен, бәрібірде құқығыңызды таптатып алғаныңыз  – факт. Бұл жерде сіз де үнсіздікке басып, кейін тұрғандар да «пысықтыққа» салса, әр адамның жеке құқығы деген дүние кім үшін?! Бұл – қарапайым ғана мысал. Сіздің өмірде дүкеннен де басқа шаруаңыз бар шығар. Демек, құқықтық тұрғыдан сауатты болуыңыз – біріншіден, өзіңіз үшін болса, екіншіден, міндетіңіз. Соңғы 3 жылда  600 мыңға жуық құқықбұзушылық оқиғасы тіркеліпті. Яғни әрбір 10000 адамның орта есеппен 100-і осындай әрекетке барады екен. Бұл – ұлттық статистика бюросынан алынған мәлімет.

Ешбір адамның біреуден физикалық немесе психикалық түрде зәбір көруіне жол жоқ. Заңнама осылай дейді. Сіздің осы бір құқығыңыз біраз жерде өз көмегін тигізеді. Егер, буллингке немесе  басқа  да  бопса түріне душар болсаңыз, сіздің қорғанышыңыз құқық болмақ. Мұндайда құқық қорғау қызметкерлеріне жүгінуге толықтай дерлік мүмкіндігіңіз бар. Тек бойыңызды қорқыныш сезімінен аулақ ұстауыңыз керек. Бұл арқылы жастарды ұсақ-түйекке бағыттап жатқанымыз жоқ, керісінше, «түкке тұрмайтын дүние» деп жүрген мәселеңізді шешуге сеп болса, біздің мақсаттың орындалғаны. Әрбір жастың отбасында, қоғамда, әскерде, оқу орнында, т.б. атқаратын міндеттері мен құқықтық аспектілері заңмен қорғалып, мөрмен бекітілген. Зайырлы мемлекет пен толерантты қоғам ешкімнің қысым көруіне жол бермеуі тиіс. Біздің санамызда қатып қалған қағида құқықтық сауаттылықпен орын ауыстырса, жоғарыда айтылған статистика күрт азаяр еді. Мақаланы бастаған уақытта бірер студенттен құқықтық теңсіздік жайында ойын білген едім. Оқып көріңіз.

– Өз құқығымызды білуіміз маңызды ғой. Бірақ, біле тұра көп дүниеде көз жұмуға тура келеді. Ал, оны қорғап шығатын болсаң, нағыз «жаманға» айналасың. Тіпті, оқу орнындағы ұстаздарымыз кейбір кезде заңсыздыққа барып жатса да, ештеңе демеуге тура келеді. Мәселен, ауырып, келесі күні анықтамамен келсең де, жоқ болған уақытымызды себепке қарамай «жоқ» деген сөзбен толықтыра салады. Ал, тапсырмаларды өткізейін десең, қабылдамай қояды. Мұндайда ұстазымыздың көңіл күйінің рөлі басым. Сонда да бізде жұмылған көз бен буылған  ауыз, – дейді білім алушы.

Студенттердің құқығын қорғайтын арнайы ұйымдардың бар екенін айтқанымызда, облыста ондай дүниелер ашық ақпараттандырылмайтынын, яғни білмейтінін жеткізді. Ал, біз ақпараттандырудан бұрын ондайлардың жұмысы көзге көрінбей тұрғанын алға тарттық. Рас қой…

«Қазақстан студенттер альянсы», «Сұңқар», «Жастар рухы» деген секілді ұйымдар бар, бірақ оларға шағым айтып баруға болатынын білетіндер де некен-саяқ. Ендеше, кімге өкпелейміз? Оларға бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр? Әйтеуір тармақталып кеткен мәселе шаш етектен. Әңгіменің ауасын бұзбайық. Өзге де пікір білдірген жастардың «жанайқайын» қараңызшы. Тағы бір білімгер бүй деді.

– Адам үшін ең бірінші дүние ішкі мәдениеттің жоғары болуы емес пе? Бірақ айналамызда, оқу орындарында оны көп байқамайыз. Мысалы, емтихан тапсыру үшін тестке кірген уақытта телефон өзімізбен бірге болмауы тиіс. Бірақ, қанша жерден заңға сай әрекет етсең де, бақылаушылар дәл қасыңда тұрып, тездетіп аяқтауыңды талап етеді ғой. Бұл кезде мораль тұрғысынан қысым  шегетініміз  рас.  Өзімізге берілген  уақыттың  1 минуты қалғанша отырсақ та, ол – біздің уақыт. Ал, қызметкерлер оны түсінбейді. Түсінген күннің өзінде студентті кез келгенге көндіге береді дей ме, әйтеуір сөзін өткізіп тынады. Ақыр аяғында қолайсыз жағдайдан төмен баға алып қалуың да мүмкін. Құқық бұзылды және жолың болмады. Сонда оның сөзін тыңдап, тездетіп аяқтаған біз ақымақ болдық па, ол кінәлі ме?! Сауал көп қой, жауабын біле тұрсақ та, айта алмайыз. Босқа базадағы бағаларың өзгеріп кетуі мүмкін, – дейді.

Енді қараңызшы, құқықтық тұрғыдан басымдықты жастармен бірге егде жастағыларға да үйрету қажеттігі туындайтыны байқалады. Өз құқығын қорғап тұрған жастың қандай кінәсі бар? Міне, біздің ақсап тұрған тұсымыз – құқықтық сауаттылықтың кемшіндігі емес, оны құрметтеп, соған құлақ асатындардың аздығы. Бірақ, қайтсек те, соңында заңның үстемдігі бірінші орында тұруы керек. Қоғам болып, адами капиталдың қадірін арттырмасақ, өшіп сөнгеніміз ғой.

Жалпы, жастардың құқықтық тұрғыдан сауатты болуы қаншалықты маңызды? Заңгер кеңесіне назар салыңыз.

– Біз құқықтық тұрғыдан зайырлы мемлекетте өмір сүргеннен кейін, әрбір жас құқықтық тұрғыдан  сауатты  болғаны  дұрыс. Сол үшін кез келген  оқу  орнында жастардың түрлі жағдайға кездесу ықтималдығы жоғары. Ол құқықтық тұрғыдан болсын, басқа болсын. Қазірде сыбайлас жемқорлық мәселелері өте өзекті болып тұр. Мәселен, студенттер білместікпен емтиханды жабу үшін мұғалімге пара беріп, артынан бұл әшкере болатын болса, оның арты дипломсыз қалудан бөлек, болашақта жақсы жұмыс орнына тұра алмайтынын білмеуі мүмкін. Кейде біреудің мүлкін рұқсатсыз алып, ұрлық жасаса, бас бостандығынан айырылуға дейін баратынын білген болса, оның әрекеті басқа болар ма еді. Міне, осы жағынан қарасақ, жастар құқықтық сауаттылыққа мән берсе, мейлінше заң аясынан шықпайтын дүниелермен ғана айналысатын еді. Мұндай әрекеттер болмауы үшін заңгерлер оқу орындарында арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастардың өз құқықтары мен міндеттерін таныстыру керек деп ойлаймын, – деді заңгер, «Әділдік жолы» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының басшысы Ләззат Бақтыбаева.

Қысқасы, жастардың құқығын қорғайтын үкіметтік болсын, үкіметтік емес ұйымдар болсын, өз жұмысының сапасына мән беруі керек. Жастарға арнайы семинар-тренингтер мен түсіндірме жұмыстарының санын арттыру керек. Сонда ғана «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегенді жоққа шығара алатынымызға сенімдімін. Әрине, ол үшін құқыққа деген құрмет пен міндетке деген мәртебе керек.

Е.ИГІЛІК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: