Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бейсаясатшыл жастардың бейқамдығы

08.08.2024, 10:00 269

«Шындықты іс жүзінен іздеп жүрген» кім бар? Жастарға қатысты мәселеде жұмыссыздық пен баспанаға барынша бас қатырамыз. Ал, азаматтық белсенділігі жайында жақ ашыла бермейді-ау. Саяси тұрғыда сауатты болу теріс түсінік пен бұрыс болжамнан сақтайды. Өткен жылғы зерттеу деректеріне сүйенсек, 37,2% респондент саясатқа мүлдем қызықпайтынын айтқан. Жастардың 32,9% бөлігі ара-тұра шолу жасаса, 20,6%-ы резонанстық оқиғаларда ғана көңіл бөлетін көрінеді. Бір қызығы, елдегі оқиғаларды қалт жібермей, қадағалайтындар Қызылорда, Түркістан және Қарағанды облысында көп тіркелген. Сонымен, жастар саясатты қалай саралайды? Теріс саяси-идеологияға қарсы иммунитеті қалыптасқан ба?

ТАПШЫ  УАҚЫТ  немесе САЯСАТҚА  «ОНЛАЙН»  САБАҚТАСТЫҚ

Саясатқа араласуға біразы құлық таныт­пайды. Тіпті 2016 жылы жүргізілген сауалнама бойынша 33,6% жас саясатқа қызықпайтыны анықталған. Әрине, бұған ықпал ететін себеп те жоқ емес. Яғни, білім алу, отбасын қамтамасыз ету және қызмет барысы сынды күйбең тіршіліктің таусылмайтын мәселесі саясатқа мойын бұруға мүмкіндік бермейді. Демек, тірлік көп, уақыт тапшы. Қарас­тырсақ, өткен дәуірдегі кей кілтипан да әсер  етпей  қоймайды.

Қазір әлеуметтік желіде саяси тақырыптар жиі қозғалып, пікір ашықтығы пайда болды. Мемлекеттік қызметкерлер мен саясаткерлер мансап жолындағы әлде­бір үндеуін желіде жариялап, көптің  назарына ұсынады. Тіпті, әлем­дік тәжірибеде де әлеуметтік желіні негіз еткендер басым. Теледидарды емес фейсбук парақшасын қолданып, қолдау тапқандар көп. Десек те, «онлайн» сабақ­тастық саяси сауатты белгілі деңгейде арттырады дегенімізбен, белсенділік жайы ше? Мәселен, сайлау кезінде дауыс беру деңгейінің өзі төмен болады. Яғни, жапа-тармағай дауыс беруге ағылатын адам бірен-саран. Өткен жылдарға шегініс жасасақ, зерттеулерге сәйкес, жастардың 37,5%-ы дауыс беру құқығын пайдаланбаған. Әркімнің ойлағаны бар десек те, негізгі себеп сайлау процесінің  көңілге  күдік  ұялататыны  көрінеді.

Иә, медиа мен интернет арқылы сая­си өмірге кіріскісі келетіндер 16,1%-ды құраған. Ал, 76,2%-ы белсенді емес деп танылған. Өткен көрсеткіш болғанымен, ойландыратын сан. Демек, жастардың саяси сауаты мен белсенділігіне ден қою керек  деген  сөз.

– Саясатқа деген қызығушылығым өте жоғары. Ол – қоғамның даму бағытын анықтайтын маңызды сала. Әрбір азамат өз елінің саяси жағдайын білуге міндетті деп есептеймін. Өйткені, қоғамның қажеттілігі мен мүдделері көрініс тауып, өмірімізге тікелей әсер ететіні рас. Жаһандық және жергілікті саяси жаңалықтарды үнемі бақылап, оларды сараптаймын. Әсіресе, Қазақстандағы саяси оқиғалар мен үшін ерекше маңызға ие. Соңғы жылдары елімізде болған саяси өзгерістер мен реформалар қоғамның дамуына үлкен ықпал етті. Президент жолдауы мен Президенттік сайлауларды, жалпыұлттық  референдум, мәжіліс  және мәслихат  депутаттарын  сайлау және сая­си реформаларды қалт жібермеу маңызды. Бұл арқылы қоғамдағы өзгерістерді дұрыс қабылдаймын. Қазақ­стандағы сая­си оқиғаларды бақылау арқылы елдің болашағы туралы түсінігімді кеңейтіп, өз пікірімді қалыптас­тырамын. Әрине, азаматтық позициям­ның бір бөлігі осында, – дейді қоғам белсендісі  Нұрасыл  Бекматов.

ҚАНАҒАТ  ЯКИ  ҚҰР  ҚАЛУ: МАҚСАТҚА  ЖЕТТІК  ПЕ?

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға сәйкес жастар санаты 35-ке дейін ұлғайғаны көпке аян. Өткен жылы еліміздегі жастар саны 6 миллионға де­йін көбейді. 200-ден аса жастар ресурс­тық орталығы мен бірнеше ұйым да бар. Ал, оған мүше болған жастардың саяси белсенділігі мен көзқарасы қандай екені көкейде  тұрған сұрақ. Сонымен, «Қазақ­стан  студенттерінің  Альянсы» Респуб­ликалық студенттер қозғалысы» Қоғамдық бірлестігінің  Қызылорда облыстық филиа­лы миссиясын қаншалықты атқарып  жүргенін  білгіміз  келді.

– Қызылорда студенттері Альянсының қазіргі  уақытта 4 бөлімшесі ашылып, өзіндік қызметі қалыптасқан. 4 бөлімшеге барлығы 160-қа жуық студент мүшелік етеді. Бөлімшелер оқу орындарының жастар комитеті жанынан құрылған. Әрбір азамат үшін саяси белсенді болу, елде болып жатқан тың өзге­рістерге өз пікірін білдіру өте маңызды. Қызылорда студенттері Альянсының студенттері де елімізде  болып жатқан тың өзгерістерден бейхабар емес. Әр­қашан студент ретінде өз ойы мен пікірін ашық жеткізеді. Сондай-ақ, студенттер саяси  партия­ларға  да  мүшелік  етеді.

Олар өзгерістерге жаңаша көзқараспен қарап, белсенді ретінде өз пікірін ортаға салады. Сондай-ақ, қала және облыс әкімдігінің жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысының мүшесі болып табылады. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына студенттеріміз белсенді атсалысты. ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауларын әр­қашан қалыс жібермей, жастар туралы айтылған маңызды қадамдарын ортаға салып талқылайды, сараптайды, – дейді «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттер қозғалысы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы  Расул  Базарханұлы.

Жастар саясатына көңіл толушылық басым екенін жасырмаймыз. Яғни, мұның жүзеге асуына жастардың қанағаттану деңгейі біршама артқан. Зерттеу нәтижесін негізге алсақ, респонденттердің 45,3%-ы көңілі толатынын жеткізген. Бұрынғыдай кемшілік пен кикілжің аз. Бірақ, мәселе тиісті шара мен бағдарламалар жастарға қаншалықты пайдалы және оларды тартуға қауқарлы екендігінде. Ал, облыс жастарының «Облыстағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуына көңіліңіз тола ма?» деген сұраққа 90%-ға жуығы көңілі толатынын жеткізді. Өңірдегі өзгерістерге тоқталсақ.

– Қазіргі таңда ресми мәліметтерге сәйкес аймақта 246 455 жас тұрғын есепке алынған. Жастармен жұмыс істеу үшін өңірімізде 10 жастар ресурстық орталығы және Байқоңыр қаласындағы бөлімше қызмет етуде. Осы ретте, жыл басынан барлық  деңгейдегі ЖРО-мен түрлі бағытта 1056 іс-шара ұйымдастырылып, 66 590 жас қамтылды. Өткен жылдың осы кезеңі­мен салыстырғанда жастардың іс-шаралар­ға қатысу  белсенділігі 24,4%  артып  отыр.

Облысымызда аймақ басшысының қолдауымен жастарға бағытталған жаңа жобалар мен игі бастамалар тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатқанынан хабар­дарсыздар. Биылдың өзінде жас­тарды дамыту мен қолдауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 30 түрлі жоба жүзеге асырылуда. Ал, ұлттық онкүндік аясында 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, тікелей және жанама түрде 50 мыңға жуық жасты қамтимыз деп жоспарлануда, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры  Әліби  Басаров.

Иә, атқарылған іс ауқымды. «Азға қанағаттанбасаң, көптен құр қаларсың» деген тәмсіл де түйсігімізде. Тек тепе-­теңдікті  ұстауды  ұмытпайық.

САЯСАТТАНУ  ПӘНІ:  БАҒДАРЛЫ  БІЛІМ  БЕ, СЫЛДЫР  СӨЗ  БЕ?

Демократиялық мемлекетте жастардың саяси сауатты болғаны жақсы. Ал, жоғары оқу орындарына пән ретінде енгізіл­ген саясаттану бойынша студенттер қалай білім алып жүр? Өйткені, өткенді түгендеп, қазіргіні түсініп, болашаққа болжам жасауға ықпал ететін ғылым да – осы. Оның үстіне сарапшылар, құқық пен міндет, қоғамдық-сая­си өмірге қатысу сынды ақпарат пен тақырыптардың білім беру негізінде жүргізілгенін дұрыс санайды. Алайда, саясаттану пәнінің пәрмені қандай? Жастарға қалай ықпал етіп жүр? Студенттердің қызығушылығы қалай? Бұл көпке де қызық болар. Мұны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «тарих, саясаттану және әлеуметтану» пәнінің оқытушысы қызметін атқарған, саяси ғылымдардың кандидаты Сәулет Сахиев­тен  сұрап  білдік.

– Саясаттану пәні – әлемде болып жатқан процесс пен саяси науқандарды зерттейді. Алдымен ғылымның пайда болуын, философиялық ой-пікірлердің даму кезеңдерін оқытып, одан кейін мемлекет пен билік ұғымын түсіндіріп, саяси партиялардың қайдан пайда бол­ғанын, саяси жүйе сынды негізгі тақырып­қа тоқталамыз. Осы орайда, жастардың саясатқа дұрыс бағытта енуін қадағалаймыз. Өйткені, жастар қабылданған шешім мен оқиғаларға жіті назар аударып, тереңіне бойлай бермейді. Тек ғана әлеуметтік желіде жаряиланған жазбаларға бойұсынып, сол бағытты ұстанып кетеді. Өздерінше сараптама мен салыс­тырмалы түрдегі әдістерді қолданатыны некен-­саяқ. Сабақ барысында студенттерге осы әдістерді үйретеміз. Содан кейін ой-өрісі өзгеріп, танымы кеңейеді. Қазіргі таңда саяси оқиғаларға жаңаша көзқараспен қарайды. Саясаттануды қызығу­шылықпен қарайтындар көп. Елге қыз­мет еткісі келеді, оны жана­рындағы жалыннан байқаймыз. Студенттік конференцияда болғанда әрқайсысы өзінің бағын сынайды. Сол уақытта 1-курс студенттері саясаттануға қатысты баяндама оқып, жобасын қорғаған кезде түрлі  бағытты  алып,  зерттейді.

Саясат адам кәмелет жасқа толғаннан кейін дами бастайды ғой. Яғни, жастар сайлауға қатысу арқылы саясатқа арала­сады. Заңдағы өзгерістер мен болған оқиғалар, биліктің тармақтарына көңіл бөле бастайды. Қазіргі таңда шәкірттерім жергілікті атқарушы органдар мен облыс­тық басқармаларда, партия құрамында қызмет атқарып жүр. Аймақта саясаттану мамандығы жоқ болғанымен, әртүрлі сала мамандарына саясаттануды оқытамыз, – дейді ол.

ТҮЙІН. Бұған дейін де бейбіт шеруге шығып, талабын айтқан жастар болған. Әрине, бұл жиналып алып жиын өт­кізу деген сөз емес. Десек те, әр жас тым құрығанда елдегі саяси жаңалықтарға көз жүгіртіп, зерделеу керек. Әйтпесе, бейқамдық дұрыс деп тапқан шешімнің өзін шиеленістіріп жібереді. Мұндайда сана  сүзгісі мен саяси сауат керек-ақ.

Замира  ДАСТАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: