Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі жастармен жүздесті

25.12.2025, 21:29 18

Бүгін Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев қаладағы Руханият орталығында әр саланың шылбырын қаққан, өз кәсібінде жетістіктерге жетіп, белсенділігімен көзге түсіп жүрген аудан жастарымен кездесті.

Алдымен орталықтың кіреберісінде аудан жастарының жетістіктері мен өз қолдарымен жасаған өнер туындыларын көріп, жасанды интеллекттің көмегімен жүзеге асып жатқан бірнеше жұмыстың нәтижесімен танысты.

«Жаңа дәуірдің жасампаз жастары» атты еркін форматтағы емен-жарқын жүздесу кешін аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, ақын А.Сайлауов тізгіндеп, ерекше кешке ауданымыздың белсенді жастары мен елге қызмет етіп жүрген орта буын өкілдерінің қатысып отырғанын жеткізді.

Басқосуда алдымен аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы сөз алып, ел жастарын мерекелерімен құттықтап, өзінің ізгі лебізін білдірді.

– Құрметті жастар! Баршаңызды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Өтіп бара жатқан жыл аудан жастары үшін ізденіс пен ілгерілеудің, баянды бастама мен белсенділіктің жарқын жылы болды. Жастар қоғамдық өмірдің барлық саласында – мәдениетте, білімде, спортта, әлеуметтік және волонтерлік бағыттарда жоғары белсенділік танытып, нақты нәтижелерге қол жеткізді. Мемлекет басшысы жастарға әрдайым ерекше сенім артып келеді. Себебі елдің ертеңі – білімді, еңбекқор, отаншыл жастардың қолында. Сіздердің жасампаз істеріңіз – ел дамуына қосылған нақты үлес. Алдағы уақытта да сіздердің тың идеяларыңыз бен батыл бастамаларыңызға жан-жақты қолдау көрсетіле береді. Бірлесе еңбек етіп, жаңа белестерді бағындыра берейік. Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс, биік мақсат пен жарқын болашақ тілеймін, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Берік Сұлтаниязов аудан жастарымен жыл көлемінде атқарылған жұмыстармен және алдағы міндеттерімен таныстырып өтті.

Жерлесіміз, жас ақын, республикалық «Алтын домбыра» айтыс аламанының І орын иегері Бексұлтан Орынбасар замандастарына, жерлестеріне деген ыстық лебізін білдіріп, аудан жастары мен ел азаматтарына арнаған жүрекжарды тілегін жеткізді.

Басқосуда еркін форматтағы спикерлер сессиясы өтті. Мұнда жастардың жұмыспен қамтылуы және мемлекеттік қайтарымсыз гранттар иеленуі мәселелері бойынша Мансап орталығының директоры Ж.Алдашев, «2025 жылы аудан жастарының қатысуымен өткізілген іс-шаралар туралы» Жастар ресурстық орталығының маманы Ә.Тоқтамысұлы және «AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Е.Сабырбай сөз сөйледі.

Бұл басқосуда жастар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, аудан әкімінің жұмысына, тұлғалық болмысына қатысты да сауалдар жолданды. Адалдықты, білімді және жауапкершілікті басты ұстаным еткен Аманжол Сақыпұлы жастарға жастық шағынан естелік сыр шертіп, өзіндік ой-пікірін ортаға салды.

Аудан жастарымен болған жүздесуде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бір топ белсенді жастарға, жастар жанашырларына және аудандағы жұмысшы жас мамандарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: