Павлодар қаласында тұратын 11-сынып оқушысы аз уақыт ішінде тоғыз шет тілін меңгеріп, сол білімінің арқасында Астанадан жеке баспана сатып алды. Бұл туралы Адырна ұлттық порталы “Жетінші арна” телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
Оқушының есімі – Айханым Оқасова. Оның шет тілдеріне деген қызығушылығы әу баста анасы тарапынан дарыған. Алғашында қазақ тілін жетілдіргеннен кейін ағылшын тіліне ден қойып, уақыт өте француз тілін білуді армандаған. Француз тілін үйренгеннен кейін Павлодардағы Жастар ресурстық орталығында кәріс тілінен тегін курстарға қатысқан. Курстың аяқталуына қарамастан, сол тілге деген ынтасы басылған жоқ. Бұдан кейін ол араб тілін меңгеруге кіріскен. Араб тілінен кейін қытай тіліне көшіп, қазіргі таңда түрік және неміс тілдерінде де еркін сөйлей алатынын айтады. Айханым тіл үйренуді 6-сыныптан бастап бастаған. Шет тілдерін меңгеру барысында оқулықтар, бейнесабақтар және интернеттегі тіл тасымалдаушыларымен қарым-қатынас секілді түрлі әдістерді қолданған. Ол кейбір тілдерді бастапқыда өз бетімен аударма жаттығуларымен үйренген, мысалы араб тілінен корей тіліне, ағылшын тілінен қытай тіліне және керісінше аударма жасаған.
Айханым қазіргі таңда мектепте оқып жүргенімен, онлайн түрде шет тілдерін үйретіп, өз білімін бөлісуге де белсенді. Ол болашақта беделді шетел университеттерінің біріне түсіп, әлемді шарлап, түрлі халықтармен байланыс орнатуды армандайды. Тағы бір ерекшелігі – ол білімінің нәтижесінде жақында Астанадан жеке баспана сатып алған. Бұл оның жеке жетістігі ғана емес, сондай-ақ еңбекқорлық пен мақсатқа ұмтылудың нақты мысалы болып отыр.
Айханымның тілді үйренуге деген ынтасы және табандылығы көптеген жастар үшін үлгі бола алады. Оның айтуынша, тіл меңгеру – бұл тек жаңа сөздерді жаттау емес, сонымен бірге барлық әлем мәдениеттерін түсіну, адамдармен тереңірек қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін құрал.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!