Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Топан су (Поэмадан үзінді)

09.04.2020, 10:47 1900

Толыбай  АБЫЛАЕВ

V

– Болмайды Адамға жер тұрақты ірге!

Болсын бұл тіршілікке сынақ мүлде.

… Береді кеме жасап Нұх пайғамбар,

Алланың әмірімен бір-ақ түнде…

…Азанда

Иә азанда Нұх бәріне,

берді әмір,

Жұрт қарасты шыққан үнге.

Жұп-жұптан жан-жануар отырғызды

Кемеге,

…Қосты Адамды жұпқа бірге.

Адамнан басқа да алуан жұп болатын,

Кемеге кетті мініп,

Нұх баратын.

… Біртіндеп жүзді кеме ақ дауылда,

Апаттан тіршілікті құтқаратын.

…Бұл жайлы бір-бірінен асады аңыз,

Іске асты Нұх пайғамбар,

о шараңыз.

…Кемесі Нұхтың тұңғыш су бетінде,

Адамзат тарихында жасаған із.

…Балық таң.

Су бетінде билейді о не?!

Табаны су түбіне тимейді, әне!

…Қақ жарып құс тұмсығы ақ толқынды,

Үдере тартады алға үйдей кеме.

Күтеді бақ па, сор ма?!

Ертеңі не?!

Қоймайды көзге әзір жер көріне.

Қиғылық салады жел оқтын-оқтын,

Кеменің жармасып ап желкеніне.

Су шайған қарап кеме палубасын,

Көзінде тұрған жігіт жалын басым.

Келеді жалбарынып Жаратқанға,

Сүйеген сол жігітке ару басын.

…Көлеңке түсірсе бұлт күн бетіне,

Алланың келтірме шек құдіретіне.

Жақсылық жасарына түптің түбі,

Үміт арт,

Сенім білдір,

Үмбетіне!

Дүниені топан судан жақындаған,

Осылай құтқаруды мақұлдаған.

Аузынан тастамайды аман қалған,

Алланың он сегіз мың атын ғалам.

Тоғыз балл соқты дауыл тоқтамастан,

Көз жасын төкті жаңбыр…

…жоқтап аспан.

Толқында батып-шығып бара жатып,

Ауызға ап Алланы Адам көп таласқан…

Кемеде бардай дауыл тіптен өші,

Атой сап…

Жері шығар біткен осы.

Апаттан тіршілікті алып қашып,

Жүзеді топан суда Нұх кемесі.

Кемесі Нұх пайғамбар адасар ма?!

Жүзеді тау толқынмен таласа алға.

…Топан су басқан түгел төңірегін,

Қай жаққа көз тоқтатып қарасаң да.

…Үркітіп жан-жануар ап тынышын,

Аспанда Зевс жарқ-жұрқ сапты ұрысын.

… Келеді күліп-ойнап

ер мен әйел

Кеменің паналаған тап бұрышын.

Адамда құрып қап па асыл өңге?!

Әйел де сезімге ынтық…

ғашық ер де…

Тұқымы Адамзаттың

бір-ақ сәттік

Кіргенше сезім құмар басы көрге…

Ойландым осы жайлы жазарда өлең,

Ол барда қашады Адам, мазаң неден?!

Адамзат махаббатын

Ақырзаман

Ала алмас апат түгіл,

Ажалменен!

Қайтадан жаралса да Жер жаңғырып,

Қолыңа бақыт деп біл қонған күліп.

Өлсең де өзің бір күн,

Жасай берер

Адамзат жүрегінде ол мәңгілік!

Жаратқан жебеп бір күш егер берсе,

Жетемін мұратыма!

Сенем!!

…Сен ше?!

…Қоғамда бақуат жоқ Бірлігі жоқ,

Адамда ақуат жоқ

…Өле-өлгенше!

Жылытып мейірімі кең Алла жүзін,

Кемесі Нұхтың суда салған ізін.

Тереңге батып кетпей сол кемеңіз,

Сапарын топан суда жалғады ұзын.

Мүк басқан терең суда төсін кеме,

Алысқа бағыттаған көшін кеме.

Келеді ақ дауылмен арпалысып,

Ізінде Асрафил кесір неме.

Асрафил хабаршысы Ақырзаман,

Тізесін неге өшігіп батырды оған?!

…Айнала алай-дүлей,

төбесінде

Зевстың от қамшысы шатырлаған.

Жамандық Асрафил ісі емес пе?!

Айналған аңыздағы сұсы елеске.

Аспан жақ күркіресе

«Ақырзаман…»

Дейтұғын Өтеп көкем түседі еске…

Толқында доптай кеме ойнақшыған,

Қаншаға жетер екен қайрат, шыдам?!

Рақмет, баласына Адамзаттың,

Шыдаған ақ дауылда айлап бұған.

Айдын су кеме астында…

тіпті терең,

Қорқытып келеді жел жұртты үдеген.

Тулаған толқындарға қойып кетіп,

Бір кезде судан аман шықты кемем…

Кеме тап болған кезде көп қысымға,

Адамның жаны ұқсайтын тек шыбынға.

Алланың назасына ұшыраған,

Баласы Нұх пайғамбар кетті суға…

Жеңеді Ар мен Намыс күштілігі,

Сенімге түк емес жел ысқырығы.

Аждаһа апатыңнан аман қалған,

Бұлардың бар екен су ішкілігі.

VІІ

Алланың бұйрығынан не күшті бар?!

Ашылды аспандағы тегіс мұнар.

Тартылып телегей су,

табанында

Қара жер жатты Адамның пейіш құмар.

Жұмбағын шемен тарих,

шешеді аңыз.

Алдымнан ашқан сайын көшеді әр із…

Төрт мұхит, көл мен теңіз,

керек болса

Қалыпты топан судан деседі аңыз.

Ойыма осы дерек қона қалар,

Тасиды топан судай…

толады Арал…

Ғалымдар айтуынша

жаһандағы

Су жерді жеті мәрте орап алар.

…Адамға салда түнеп,

таң атырған,

Жаратқан аян беріп,

ара тұрған.

Тазарып топан судан Жер-Анамыз,

Тіршілік екінші рет жаратылған.

…Тұс-тұсқа таудан сонан бұлақ өрген,

Топан су тартылғанда…

жырақ елден,

Ғайыптан түпсіз теңіз тереңінен,

Асқақтап асқар таулар шыға келген.

Өр, биік әрқашанда өресі Адам,

Аулақ бол, апаттардан келесі онан.

Әуелі Жуди тауын бетке ап…

сосын

Тоқтапты Қазығұртқа кеме сонан…

Тамаша Жер-Анамыз… көктемгі алап…

Тірлікке тоймайды күн көктен қарап.

Дүниенің тұс-тұсына осы жерден,

Тұқымы Адамзаттың кеткен тарап…

Жұмыр жер бәріне ортақ,

сұра, Отанын!

Бейбіт күн қарсы ап бірге құба таңын,

Біртіндеп Батыс… Шығыс боп бөлінді,

Баласы әу бастағы бір Атаның.

Қайда екен Алғашқы Адам қайран ізі,

Аңыздан асып түскен кей маңызы.

«Басында Қазығұрттың кеме қалған…»

Қазақтың қадым заман дейді аңызы.

…Жап-жасыл жер көрінді күліп алдан,

Жарқырап төбесіне күні қонған.

Екінші Адам Ата атаныпты,

Әлгі Адам топан судан тірі қалған.

Жасарып жайнап шуақ, нұр себелеп,

Ажары жердің қайта кірсе керек.

Баласы Адамзаттың,

Үр жаңарған.

Қадірін Тіршіліктің білсе деп ек…

Көбейіп бірте-бірте баласы Адам,

Сыймайды жер бетіне бара сонан,

Қолынан келеді Адам таңғажайып,

Қарашы, көркем қала… тамаша маң…

Салтанат жер үстіне құрған Адам,

Сақтасын сені соғыс… зіл-заладан!

Мұхиттан терең ойың,

Мұнар басқан

Таулар бар,

Асқақ сенің тұлғаң одан.

Қанағат…

Ынсап…

Мүлде жоқтықтан ба?!

Ашкөздік,

Тоғышарлық,

Тоқтықтан ба?!

Дерт шалған Адамзатты алуан түрлі,

Өрт шалған ну орманды оттықтан да…

Ап-ашық,

Бірде жатқан бұлт көшіп,

Көз тіккен «Алла көкте» жұрт десіп.

Күнде ұшқан зымырандар зиянынан,

Шелектей түбі аспанның шұрқ тесік.

Қадірін Табиғаттың білгін Адам!

Сақтаңдар бал бұлақты сылдыраған!

Мәңгілік мұздақ еріп,

О, Адамзат!

Жылынып келе жатыр күллі ғалам.

О баста қойғанымен атымды Адам,

Ісім көп Ібіліске жақындаған.

Су тасып… жер сілкінсе

Жұрт айтатын,

Осы ма Астапыралла Ақырзаман?!

Сағынтты сызы бүгін сырнайлы арман,

Боқ дүние домалатып күндер қайран.

Босқа өткенін білмейді жер бетінде,

Бұл адам ар-ұяттан жұрдай болған.

Бір кезде жүрегінде лаулап арман,

Жанатын Адам қайда,

бар ма ол жан?!

Санасын ұят емес,

қазір Адам

Тек қана ақша, ақша!

…жаулап алған.

Аты өшкір,

Әзәзілдер, Албастылар!

Адамзат қыр соңынан қалмас бұлар.

Дүниеге келген Адам екінші рет,

Адамдай болмай ма екен алғашқы дәл?!

Арылып баз баяғы күнәсынан,

Жасапты шын шүкірлік бұл осыған.

Адамға маймыл мінез қайдан келген,

Жаралсақ топырақтан расынан.

Жаратқан бірдей етіп бәрін Аллам,

Құдай да дей алмайды оны жалған.

Жер ортақ,

Аспан ортақ Адамзатқа,

Болғанмен әрқайсының нанымы алуан.

Бақ берсін үйіп-төгіп оң жағыңа,

Тақ берсін жиып-теріп сол жағыңа.

Парықсыз пасықтардың әрекеті,

Адамның  қырғиқабақ  болғаны  да.

Әзәзіл,

құрт көзіңді әрі, күлмей,

Адамның ұқпайсың сен жанын үрдей.

Араздық отын жаққан сен болмасаң,

Алла үшін Адамзаттың бәрі бірдей.

Албасты Адамға ұқсас пішіндегі,

Қай заман көлеңкесін түсіргелі.

Қараулық…

Ұятсыздық ұясы ғой,

Адамның жын-сайтаны ішіндегі…

Алладан жер мен көкте не күшті бар?!

Пері емес,

Аллаға адал періште ұнар.

Жаратқан жазаларын тарттырады,

Тасжүрек жендеттердің соғысқұмар!

Ақыл-ой… Ізгіліктің төресі Адам,

Ойыншық па Жер-Анамыз,

о не саған?!

Сақтаңдар жұмыр жерді жұдырықтай,

Апаттан!

Топан судан

келесі аман!!!

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: