Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТЕҢДІК пен «ТЕҢСІЗДІК» Мерекелік әзіл

03.03.2022, 9:00 719

Кешегі келмеске кеткен кеңес дәуірі ерлер мен әйелдерді теңестіріп кетті, еркекті әйелмен көбірек кеңестіріп кетті. Әйелдер тұрмыстық түйткілге төзбесе болды, ерлер жағынан құрмет өзгеше болды. Еркектер әйелдің қабағын бақты, қолы мен құлағына алтын сақина мен сырға тақты. Қазір де ол үрдіс қалған жоқ. Иә, әйел жолдастарда арман жоқ. Ол кезде Мәскеуден «Советская женщина» деген әсем де әдемі түрлі түсті журнал ағылшын, араб, неміс тағы басқа тілдерде жарық көретін. Оны жарты әлем анық көретін. Одан басқа да «Лиза», «Мода» сияқты тағы басқа журналдар баспадан бұрқырап шығып жататын. Ал, сатушылар кейде жасырып, тығып сататын. Бізде «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» журналдары шығатын. Соңғысында еркектердің көңілі қалмасын дегендей, бір-екі ғана ер кісінің суретімен тым шағын мақала жарияланатын. Ал, еркектер жайлы одақ көлемінде «Крокодил» мен бізде «Ара» мен «Шмель» сияқты сатиралық журналдар ай сайын үзілмей шығып тұратын еді. Шіркін, еркектердің жүйкесі мықты ғой. Сондағы жазылған сындардан  кейін  бірден сылық түспей, қайта  онан оң қорытынды шығаратын еді.

Қаймықпай хан мен қарадан,

Жазатын сынды «Арадан»,

Айырылып, жүрміз жазылмай,

Жемқорлық деген жарадан…

Айтпақшы, бір жылдағы 365 күннің ішінде арнайы бір күн «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» болып белгіленген. Ал, «Еркектер күні» деген атымен жоқ, еленбеген. Әйелдерге «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» сияқты алтын және күміспен апталған, арнайы керемет қораппен қапталған төсбелгілер баршылық. Сорлы-ай, еркектің еңбегі еш болып, ең болмаса «Батыр әке» деген атақты қимаса, «Батыл әке» деген төсбелгі де оларға бұйырмаған.

Иә, өткен ғасырдың ортасынан сәл асқаннан бастап, ерлер мен әйелдер ас жағынан да, бас жағынан да, жүріс-тұрыс пен тыныс жағынан да, түрлі бұйым жағынан да, киетін киім жағынан да таразы басында тең тұрмыз. Қызғалдақ келіншек пен қыздардан ешнәрсе қызғанбаймыз да, наз айтып сызданбаймыз да, күндемейміз де, тілдемейміз де. Қырмызылар құлпыра берсін. Олар – өмірдің гүлі емес пе?

Әйел – АЛЫП,

Әйел – бақыт, береке…

Әйелдерсіз керілмейді кереге.

Құтты болсын,

Құтты болсын, арулар,

Көктемменен бірге келген мереке!

Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-дәулет, ырыс-несібе тілейміз.

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: