Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тағдыр тағылымы

04.05.2020, 10:58 825

Жеңіс – 75

Фин соғысы басталғанда Бақберген Мұстафаев жиырма жасқа енді қадам басқан болатын. Әлі отау да тігіп үлгермеген өндірдей өрен өзге құрдастарындай әскер қатарына алынды. Күні кеше таудай теңіз толқынының төсінде ау тараштаған жас жігіт енді қолына қару ұстап, жауға қарсы тұрды. «Түпсіз теңізде жанынан безген қайсар адам ғана үстемдік жасайды. Теңіз жасық мінездіні ұнатпайды әрі ешкімнің еркелігін көтермейді. Түпсіз айдын кіршіксіз тазалықты, темірдей тәртіпті қалайды. Бұған көнбеген адамның теңізге жоламағаны абзал» дегенді оқығаным бар еді. Арал теңізінің қолтығындағы «Аққұлақ» елді мекенінде, балықшы отбасында дүниеге келген Бақбергеннің бойында біз жоғарыда жазған қасиеттердің баршасы табылатын.

Ағыл-тегіл мейірім, шексіз несібеге толы, алайда қиыс басқанды кешірмейтін теңіздің сырына қанық Бақберген фин соғысында өмір-өлім деген ұғымды терең түйсінді. Тарихка терең көз жүгірткеннің «сол тұстағы уыздай жастардың тағдыры неткен күрделі еді?» деп ауыр күрсінері хақ.

Фин соғысы әлемді шарпыған Ұлы Отан соғысына ұласты. Тұтас жұртты «Біздің ісіміз әділ, біз жеңеміз!» деген сенім жеңіске жетеледі. Есін білер баладан, ұлағатты қарияға дейін «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұстаныммен тыным таппай еңбек етті.

Бұл кезде майдан даласында кескілескен ұрыстар жүріп жатқан еді. Бақберген Мұстафаев алғашқыда ІБеларусь майданында Гомель қаласын азат етуге қатысты. Екі жақтан есепсіз әскери техника, қыруар әскер қатысқан қанды-қасапта адам қаны селдей ақты. Ұрыс өткен маңайда шашылып жатқан адам мүрделерінен көз сүрінетін. Кімнің өмір сүргісі келмейді дейсіз?

Соғыстың «жауды сен өлтіресің, немесе ол сені өлтіреді» деген қатыгез қағидасы бар. Осы ұрыстарда Бақберген әлденеше мәрте батыл да тапқырлығымен көзге түсті. Ерлік ескерусіз қалмады. Қайсар қазақ жігіті атқыштар полкының бөлімше командирі болып тағайындалды. «Жақсы командир – солдаттың ең жақын жанашыры» деген қанатты сөзді естіген шығарсыз?

Бақберген енді өзі ғана емес, қаншама солдаттың тағдыры, өміріне алаңдайтын болды. Жауынгерлердің де артында күндіз-түні амандығын тілеп отырған әке-ана, бауырлары, сүйген жары, перзенттері мен жақын-жуығы бар. Ажалдың адам таңдамайтыны белгілі. Оған талқыланбайтын, тек орындалатын әскери бұйрықты, қылт еткенді қағып түсіретін өлім сепкен балқыған қорғасын оқ, мина, жау ұшақтарының үздіксіз тастаған бомбаларын қосыңыз.

Бақбергеннің бөлімшесі өзге де қаруластарымен бірге Минск, Мозырь, Червень, Гомель,Орша секілді бірқатар қаланы жаудан босатуда табандылық танытты. Орша қаласы үшін болған сұрапыл соғыс Бақбергеннің өмірінде өшпестей із қалдырды. Қақаған қыс айы. Аш қасқырдай жалаңдаған үскірік аяз бет қаратпайды. Улы жыландай ысқырынған оқтар кірпік қаққанша небір боздақтарды шалғымен шапқандай қырқып түсіріп жатыр. Омбы қарға малтығып әскери техникалардың да жүрісі тұралап қалды. Бар салмақ жаяу әскерге түсті. Жаралы жыртқыштай фашист әскерлерінің жанталасып жатқан шағы. Төбенің баурайына бекінген Бақбергеннің бөлімшесі немістердің бірнеше мәрте пәтін қайтарып, қарсы шабуылға шықты. Атырап қара жер теңселіп, көк аспан қақ жарыла сілкінгендей күй кешкен.

«Отан үшін, Сталин үшін алға!» деген ұранмен бөлімше командирі Бақберген Мұстафа жауынгерлерін жігерлендіріп, алға ұмтылды. Бір мезетте аяғы шым ете түсіп, жып-жылы болып кеткенін тәнімен түйсінді. Алғашқыда ет қызуымен байқамаған еді. Келер сәтте басы айналып, мұрттай ұшты. Іле-шала көзін ашып, ізіне ерген қарулас серіктеріне «Бөлімше, алға! Тоқтамаңдар, алға!» деп айғай салған.

Сіз мәреге жақындап қалғанда мертіккен тұлпардың күйзелісін көрген кезіңіз бар ма? Бұған дейін құстай ұшқан дүлдүл жанынан жүйріктер самғап өткенде басын көтеріп, додаға қайта ұмтылады. Кеудесін жауға деген өшпенділік, жауынгерлерінің алдындағы жауапкершілік сезімі кернеген Бақберген де орнынан тұруға талпынған. Тағы да талықсып кетті. Есін Орша қаласындағы госпитальда жинады. Сол ұрыстағы Бақберген мен жауынгерлерінің ерлігі елеусіз қалған жоқ. Жарақаты жазылысымен Бақберген алғы шепке аттанды.

1943 жыл. Могилев қаласын жаудан қорғау басты тапсырмаға айналды. Бұл кезде сыралғы майдангер Бақберген Мұстафаев өзге қаруластарындай бөлімшесімен қанды қасаптың бел ортасында жүрді. Таңсәріден басталып, қас қарая зорға толастайтын қиян кескі шайқастар үйреншікті көрініске айналды. Сондай ұрыстың бірінде Бақберген ауыр жараланып, госпитальға түсті. Бұл жолғы жарақаты қатерлі болды. Бірнеше ай емделген соң медициналық сараптамадан өтізген арнайы комиссия «әскер қатарына жарамсыз» деп тапты.

Кешегі ержүрек майдангер енді бейбіт өмірде өнегелі өмір жолымен ерекшеленді. Қандай қызмет атқарып, қандай ортада жүрседе қанға сіңген адалдығы, туралығынан айныған жоқ. Ортасына сыйлы атанды. Әбиба анамызбен шаңырақ құрып, үлгілі отбасына айналды. Мына қызыққа құлақ түріңізші. Әлдекімнің теріс қылығын байқаса Бәкең «Шагом марш!» деп шорт кеседі екен. Соған орай, немерелері «марш ата» деп атап кетіпті.

Міне, Бақберген көкеміздің дүниеден озғанына да біршама жыл болды. Алайда мәуелі бәйтеректей соңындағы ұрпағы, немере-шөберелері ата есімін көздерінің қарашығындай қастер тұтады. Арда азаматын халқы да ұмытқан жоқ. Қазіргі таңда аудан орталығы Әйтеке би кентінің бір көшесі соғыс және еңбек ардагері Бақберген Мұстафаның есімімен аталады. «Ерлер даңқы өшпесін!».

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: