Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жазықсыз  әйелдердің  қайғылы  тағдыры

19.03.2026, 15:10 55

HALYQLINE.KZ

(1939-1945  жылдары  немістердің  қол  астында  қалып  қойған әйелдер  туралы)

Кеңес Одағының атақты тарихшы ғалымы, академик Иван Майский (1884-1975) соғыс аяқталмай тұрғанда-ақ, 1945 жылдың сәуір айында И.В.Сталинге хат жазады. Ол хатта Майский немістер басып алған жерлерді азат еткеннен кейін, жергілікті халықтың қыз-келіншектері немістен есепсіз көп бала туып алғанын алға тартып, олардың тегін өзгертіп, балалар үйін ашып шұғыл шара қолданбаса, «бұтын былғаған әйелдерден туған балалар басқаны да былғайды. Бұл балалар келешекте бізді кешірмейді және түбімізге жетеді»  деп жазды.

Иван Майскийдің айтқаны келді, ұлты орыс болып жазылғанмен, тегі шешесіне ғана белгілі шаталар, кейін саясаткер, бизнесмен болып, КСРО деген алып елді құлатып тынды.

Сталин хат жазған академик Иван Майскийге жауап жазған жоқ. Бірақ хатты НКВД басшысы, Кеңес Одағының маршалы Лаврентий Берияға «шара қолдан» деп берген болуы керек. Жаудан кеңес жерлері азат етілген соң, жаудан бала туып алған немесе төсектес болған қыз-келіншектерді анықтай бастады. Бала туып алғандардың балалары тартып алынып, өздері Сібірге ағаш кесуге немесе түрмеге тоғытылып жатты. Әйелдер қорыққанынан немістен туған емізулі балаларын өлтіруге қимай түнде өзенге ағызып жіберіп жатты.

Осы тақырыпты зертеп жүрген орыс тарихшысы В.Н.Ковалевтың жазбасында 1944 жылы Ресейдің солтүстік-батысындағы бір орыс әйелі немістен екі бала туып алып, тұратын елді мекенді Қызыл Армия азат еткеннен кейін, екі баласын кеңес солдаттары келе жатқан жол үстіне қойып, «Неміс басқыншыларына өлім келсін!» деп үлкен малта таспен басынан ұрып өлтіреді. Неміс зорлаған соң баланы еркімнен тыс таптым ақталған түрі ғой. Олай істемеген жағдайда көршілері НКВД-ға ұстап беретін еді. НКВД-дегілер жаумен жатып шыққандарды «немістердің төсеніштері» деп аяған жоқ, ұрып-соғу үстінде бейшара әйелдер өліп кетсе де жауап бермейтін. Бейшара әйелдердің ешқандай жазығы жоқ еді, олардың басым бөлігі неміс солдаттарының зорлағанынан туып алған еді. Кейбіреулері өз еріктерімен жүріс жасады, бірақ кеңестік идеология күшті болғандықтан ондайлар аз болатын.

Бұған ең алдымен сол Сталиннің өзі кінәлі болатын, Буг өзенінің аржағында орасан зор техника моторы естіліп, 4,5 миллиондық 150 дивизия шоғырланып жатқанын шекарашылар да, шекара аймағындағы тұрғындар да соғысқа санаулы уақыт қалғанын білді. Барлау органы басшысы генерал Голиков соғыстың дәл 22 маусымда басталатынын айтқанымен, Сталин 1939 жылғы Германиямен жасасқан шартын өзімнің сыртқы саясаттағы зор жеңісім деп ешкімді де тыңдамай, соқыр сенімнің ықпалынан шыға алған жоқ. Соғыс басталған бес айдың ішінде 73 миллион халықты жау қолына тастап, мақтаған Қызыл Армиясы шегіне-шегіне Москва түбіне бір-ақ келіп қорғанысқа көшті. Онда да Москваны қорғаған 4 дивизияның 3-еуі Қазақстанда жасақталған дивизия еді.

Осылайша орасан зор кеңес жері жау қолында ұзақ уақытқа қалып қойды. Бірақ тіршілік тоқтаған жоқ, егін екті, әйелдер күйеулері болмаса да, амалсыз күнкөріс үшін неміс солдаттарынан бала туып жатты. Себебі, Вермахт солдаттарына берілетін күнделікті азық-түлігі бір отбасын асырай алатын еді. Осыны білген Вермахттың Жоғары генералитеті 1942 жылдың 8 маусымында «Памятка о поведении немецкого солдата в оккупированных зонах Великого Рейха» деген нұсқауы бойынша неміс солдаттарына жергілікті халықтың әйелдерімен жыныстық қатынасқа түсуге қатаң тыйым салынды. Бастапқы уақытта осы нұсқауды бұзғандар жауапқа тартылды. Осы тақырыпты зерттеген неміс тарихшысы Регина Мюльхайдердің дерегі бойынша 5 349 неміс солдаты сотталып кеткен екен. Ал, жоғары шенді офицерлері мен «Герингтің қырандары» атанған лютваффе ұшқыштары үшін  Геманиядан арнайы «фрау секс қызметі» уақытылы келіп, қызмет жасап тұрды.

Вермахттың әскеріндегі жасы 18-ден асқан қатардағы солдат неміс жігіттері назардан тыс қалғандықтан, бұл нұсқау іске асқан жоқ. Вермахт командирлері көрсе де, көз жұма қарады. Кейін соғыс ұзаққа созылатынын білген және бұл іске адамгершілікпен қараған Вермахт басшылығының «немістен бала туған орыс әйелдеріне 200-300 рубль аралығында алимент төленсін» деген бұйрығы шықты. Осы бұйрықтан кейін орыс әйелдері немістен бала туып алуы қалыпты жағдай болды. Анықталмаған дерек бойынша (анықтау мүмкін емес те еді) жау қолында қалған жерлердегі совет әйелдері 500 000-ға дейін бала туып алған екен.

Бұл енді КСРО-ның басып алған аймағындағы жағдай ғой. Гитлер басып алған Европадағы елдедегі жағдай қалай болды? Италия, Румыния, Венгрия, Испания, т.б. Европа елдері фашистік Германияның одақтасы болып соғысқандықтан олардың әйелдері «кең болсаң, кем болмайсың» деген жезөкшелердің ұранына сай қудаланған жоқ. Европадағы елдердің ішінде Франция әйелдері немістерден 1 000 000-нан астам бала туып алып, көш бастады. Бірақ Франция азат етілген соң, генерал Шарль де Голльдің уақытша үкіметі немістермен төсектес болғандарды аяған жоқ. Шаштарын тықыр қылып алдырып, анадан туғандай тыржалаңаш Париж көшелерінен сапқа тұрғызып жүріп өткізгеннен кейін, елді қалпына келтіру үшін еңбек лагерьлеріне жазасын өтеуге жіберді.

Енді мақалама атақты шведтік АББА тобының фотосын неге жариялағаныма келейін.

Тарихшы ретінде көптен бері айтқым келіп жүрген бір отбасының тарихына тоқталайын. 1940 жылы Гитлердің вермахт әскері Норвегияны басып алған соң, басқа елдердің әйелдері сияқты жағдай бұлардың да басына туды. Солардың бірі 19 жастағы норверг қызы Сюнни Лингстад вермахт әскерінің фельбель, яғни сержанты, 24 жастағы Альфред Хаазе екеуі танысып бірге тұра бастайды (фото-1). 1945 жылы одақтастар армиясы Норвергияны азат ете бастағанда Альфред Хаазе соңғы кемелердің біріне мініп, Германияға қашып құтылады. Сол 1945 жылдың 15 қарашасында Сюнни қыз туады. Неміс солдатынан қыз туғанын білсе, қуғын-сүргіне ұшырайтынын білгендіктен, қызына өзінің тегін береді. Осылайша болашақ атақты шведтік АББА тобының әншісі Анни-Фрид Лингстад дүниеге келген болатын. Норверг құқық қорғау органдары немістерден бала туғандарды жек көргендерді соншалық, «немістің уылдырық шашқанынан туылғандар» деп, туған қызын тартып алып, үкімет қарауындағы сәбилер үйіне тапсыруы мүмкін еді. Оның себебі, Норвегиядағы бала туатын жастағы 50 000 әйел немістерден 12 000 бала туған еді. Сондықтан Сюнни қызын шешесі Агнита Лингстадпен бірге қауіпсіздеу ел Швецияға бой тасалауға жібереді. Ал, өзінің қалған себебі, сүйгені Альфред туралы хабар білгісі келген еді.

Альфред мінген кеме бомбалауға тап болып, кеме суға батып кетті деген хабарды білген соң, шешесі мен қызының ізінен Швецияға барды. Алайда Сюнни Лингстад (1926-1947) екі жылдан кейін ауырып қайтыс болған соң, немересін әжесі Агнита Лингстадт бағуын өз мойнына алды. Бірақ Анни-Фридтің әкесінің кемесі суға батып кетті дегені жалған болып шықты, ол кезде немістің көптеген кемесі Норверг портынан қашып шыққан болатын. Кейін Анни-Фрид Швецияда құрылған АББА тобының әншісі болып, журналистерге көптеген сұхбат беріп жүргенде әкесі туралы талай рет айтқан еді. Неміс журналистері әкесі тірі қалуы мүмкін болып та қалар деп, іздеумен болған еді.

Ақыры Альфредті 1977 жылы тауып, қызы Анни-Фридпен келесі жылы кездестіру ұйымдастырды. Ол кезде АББА тобы өзінің ең шарықтау шағында еді. Швецияға келген Альфред Хаазе қызы Анни-Фрид пен күйеу баласы және топ әншісі Бенни Андерссонмен кездесіп (фото-2) қонақ болып, Германиядағы өзінің соғысқа дейін құрған отбасына қайтқан болатын. Альфред Хаазе (1919-2009) жоғалтып алған қызын көріп, ұзақ жасап, тоқсан деген торқалы жасқа келіп қайтыс болды.

Өкініштісі сол, АББА тобының тарап кетуіне 1978 жылы Бьорн мен Агнета, 1981жылы Бенни мен Анни-Фрида ажырасып кетуі себеп болды (фото-3). Сөзіне қарағанда ажырасқанына еш өкінбейді. Көп ұзамай тегі тартып, немістің ақсүйек-князі Генрих Руццо фон Плауэнге күйеуге шығып, принцесса титулына ие болып, тегі Анне-Фрид Руццо фон Плауэн деп жазылып жүр.

Жалпы, некесіз туған баланы қай заманда да жек көрген. Орта ғасырлардағы батыс Европа елдерінде оларды «шайтанның баласы» деп отқа өртеп жіберген, кей елде туған бойда жерге тірілей көміп тастаған.

Ал, біздің халық некесіз туған баланы шата деп атаған және «шатаның шатағы көп» деп айтқан. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Қодар мен Қамқаны Құнанбай тас лақтыртып неге өлтірткен? Екеуінен шата туатын болғасын сондай үкім шығарған. Себебі, ойнастан, яғни «желіккен жатырдан» «шатағы көп шата туатынын білген».

«Елу жылда – ел жаңа» деген мақал да босқа айтылмағанын мына бір жағдайдан білемін. Менің 1996 жылы дүниеге келген шәкіртім Қазалыда мамандығы бойынша жұмыс табылмаған соң, өзі оқу орнын бітірген Алматыға барып жұмыс істеді. Өзі қатарлы әкесі жоқ қызбен танысып, үйленді. Үйленер кезде «әкем болмаса да, анам бар және ағайын-туыстарым бар» деп оларға хабар бермекші болғанда, болашақ енесі, сүйген қызының шешесі «Үлкен тойдың қажеті жоқ, АХАЖ-дан шыққаннан кейін өзіміз «узкий круг»-пен ғана үйде атап өтеміз» деп қарсы болыпты. Сонымен бір жылдан кейін ұлды болып, келіншегі мен енесі күрт өзгеріп кетті дейді. «Тұрса сопақ, отырса опақ» болғасын амалсыз үйінен кетіп қалады. Маған: «Бақытжан ағай, оларға бір бала ғана туып алу керек болды, ұлымды қырқынан шығарғаннан кейін, мен керексіз болып қалдым, олай деп айтатын себебім, істеп жүрген жұмыс ауқымын ұлғайтқымыз келіп, несие алғым келгенде тұратын жерден анықтама керек болып, енеме айтқанымда, пәтеріне тіркеуден ат-тонын ала қашқанда, ішім бір нәрсені сезген болатын. Кредитті онда да бригадиріміз алатын болған, біз бөліп төлеуге келіскенбіз» деп сөзін мұңайып аяқтаған болатын. Енесіне өзіне немере керек болғасын ғана, қызына рұқсат берген, үйленбестен бұрын қызы үйіне апарып таныстырғанда енесі бірден келісім берген. Шәкіртім ақсары сұлу жігіт болатын. Немерелі болғасын енесі бірден: «енді сен бізге керек емессің, киіміңді алып үйден кет» деп ашық айтқан екен.

Менің жазғаным қазақтың «елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген мақалына келіп тұр.

Бақытжан  Абдул-Түменбай.

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: