Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түзелген тағдыр

25.12.2024, 17:20 77

HALYQLINE.KZ

Жақсы сыйласатын танысым келіп:

– Менің ұзақ жыл көрші тұрған, туған ағамдай болған бір жігіт бар. Айтпақшы, сен оны жақсы білесің. Кезінде тәуір спортшы, жақсы әнші, ақын атанған адам. Соңғы уақытта ішкілікке салынып, азып кетті. Мүмкін ойлануына себепші болар. Сол жігіт жайлы жазып көрсең, – деп өтініш айтты.

Мен келісім берген соң, ол әңгімесін бастап кетті.

– Біз Ерланға еліктеп өстік. Ол кезде көпшілігіміз жеміс ағашы түгілі, тал егуді білмейтін болсақ, оның үйінің алдында жасыл желек жайқалып тұратын. Кең ауласына отырғызылған алуан түрлі жеміс ағашы бәрімізге де таңсық еді. Сол ағаштардың жемісі піскенде Ерланның үйі хан базарға айналатын. Көрші-қолаңның бар баласы ауладан жеміс-жидек теріп жеп, мәре-сәре болатынбыз. Кейде мол жидекті бір-бірімізден қызғанып, қызылшеке болып төбелесіп те қаламыз. Ондай кезде Ерлан күліп, қоразша қоқиланған балаларды ажыратып, жидектерді бәрімізге тең бөліп беретін. Біз Ерланға еліктеп өлең шығарып, ән айтуға, спортпен шұғылдануға тырысатынбыз. Көп баланың өмірден өз орнын адаспай табуына оның әсері тигені сөзсіз. Маған да бокс әліппесін үйреткен Ерлан болатын. Турникте ұршықша үйіріліп, нағыз бокс қабын соққы астына алғанда, оған тіпті ересек жігіттердің өзі қызығатын. Әрі Ерланнан олар сескенуші еді. Ал үлкендерге оның тұйық мінезі, сыпайы қылығы ұнайтын. Бала кезімде әлжуаз, нәзік, момындау өскен мені ол басқалардан жақсы көретін. Мүмкін, олай болуына менімен құрдас інісінің жастай дүние салуы себепші болған шығар.

Әскери-теңіз флотында азаматтық борышын өтеп келген Ерлан өзімен бір класта оқыған Кәбирамен бас қосты. Үлбіреген әппақ көйлек киіп, ақ фата салған әсем бойжеткен, ұзын бойлы, кең жауырынды, бұйра шашты, қияқ мұртты сұлу жігіт тойға қатысушыларға бейне ертегінің кейіпкерлеріндей көрінген.

Тіл тиді ме, көз тиді ме, кім білсін, содан кейін Ерланды қырсық айналдырды. Бір мерекеде жанжал шығып, соның арасында болғаны үшін істеп жүрген жұмысынан шығып қалды. Көп ұзамай анасы, артынан әкесі дүниеден өтті. Ерлан үшін тұманды, мағынасыз күндер басталды. Бар арманы күйреп, достары сырт айналған Ерлан ішкілікке салынды. Өлердей мас болып келіп, Кәбираны таяққа жықты. Қате тиген соққыдан әйелі түсік тастап, ажалдан әрең аман қалды.

Бұл жайт жоқ-жұқа жігітті менсінбейтін қайын жұртына қамшы болып, ауқатты төркіні қызын ажыратып алды. Жалғыз қарындасы бауырының күйігіне шыдамай жүйке ауруына шалдықты. Ерлан осылайша тірі өлікке айналды.

Жуырда мен оны базарда кездестірдім. Азып-тозып, сақал-шашы өсіп, ұсқыны әбден өзгерген. Бұрынғы кең жауырыны қушиып, қуатты, темірдей бұлшық еттері арық түйенің өркешіндей салбырап қалған. Тостағандай қап-қара жанары балшықтанып, нұры қашқан.

Машинадан жүк түсіріп жатыр екен. Жәшікті ала беріп сүрініп кеткен Ерланды балағаттаған әлдекімнің шіңкілдеген дауысы маған өте таныс болып естілді.

Сөйтсем бәрін жұмсап, боқтап тұрған – қортық Мақсат. Бойымды ыза кернеп, оны жерден жұлқи көтеріп алдым. Жанында тұрған, түлкінің баласындай сүйкімді келіншегі «ағалап» қолыма жармасты.

Әттең дүние-ай. Кеше ғана Ерланның көлеңкесіндей қалқиып, соңынан қалмайтын қортық неме күндердің күнінде оған тіл тигізеді деп кім ойлаған?!.

Сәлемдескелі қос қолын созған маған Ерлан суық қарап: «Қажет емес» деді жат үнмен. Сөйтті де, жалт бұрылып, жұмысына кірісіп кетті.

Көз алдымнан Ерланның өткен күндері өтіп жатты. Бұл аумалы-төкпелі өмірді қойсаңшы, – деп күрсінген танысым әңгімесін аяқтады.

Мен үнсіз бас изедім.

***

Жұмыстан кештеу оралғанмын. Есік алдында тұрған су жаңа шетелдік машина көзіме оттай басылды.

Ас дайындау қамымен жүрген келіншегім: «Үйде қонақтар бар. Кластасың Сәкеннен басқасын танымадым. Ерлі-зайыптылар болса керек, сені күтіп отыр» деді. Бөлмеге кірген бойда көзім төрде отырған кең жауырынды жігіт пен оған қатарласа отырған аққұба, ажарлы келіншекке түсті.

Сәкен құшақ жая ұмтылды. Сол баяғы аузын ашса, жүрегі көрінер ақжарқын қалпы. Екеуміз аман-түгел сұрасып, қауқылдасып жатырмыз.

– Аға, мына жігіт – осы үйдің иесі, өзіңізге сырттай жақсы қанық ініңіз. Достым, бұл кісілер Ерлан ағамыз бен Кәбира жеңгеміз, – деп шапшаң мінезді Сәкен бізді таныстырып та үлгерді.

Мен қонақтарыма зер сала қарадым. Ерланның сом тұлғасы, күректей алақаны, салалы саусақтары алып күштің иесі екенін танытқандай. Алма мойын, самайын ептеп ақ шалған Кәбира сабырлы мінезді жан екен. Мөлдіреген қап-қара аялы жанары, қыр мұрыны бір кездегі сұлу пішінін сездірсе, жүзін шиырлаған ұсақ әжімдер өмірдің ауыр жолының белгісіндей.

Үлкен тағам алдындағы шай үстінде «қыл мойынды» ашып құюға ыңғайландым.

– Інім, ренжімесең, бұл құрғырды көзіме көрсетпеші, – деді Ерлан нық үнмен. – Осы арақтың кесірінен тағдырдан қаншама соққы көрдім. Әрине, оған кінәлі – тек өзім. Жастығым, әлде әлсіздігім болар, шаңырағымды шайқалтып, Кәбираның жанына жара салдым. «Ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді» дегендей, елуге қадам басқанда әрең ес жидым. Мына Сәкен жас кезінде қолымда өскен бала еді. Атасына рақмет. Сіздерге жолығып, менің бар тарихымды айтыпты. Өзім туралы жазылған мақаланы оқып, қатты толқыдым. Жан дүнием дауыл күнгі теңіздей алас ұрып, өзімнен тұңғыш рет жиіркендім. Сол күні әке-шешемнің бейітіне барып аруақтардан кешірім сұрадым. Несін жасырайын, көп ұзамай Сәкен мені ауруханаға ертіп апарып, араққа қарсы ем алдырды. Арамыз көптен суынған Кәбираға жолығып, қайта қосылуымызға дәнекер болған да – өзі. Мен шалажансар өлік едім, інімнің арқасында өмірге қайта оралдым. Қазір өткен күндерімді ұйқыда көрген жаман түстей сезініп, есіме түсіргім келмейді.

Сәкен бізді өзімен бірге Шымкентке алып кетпекші. Жұмыс, пәтер мәселесін шешіп қойыпты. Мен оған өмір бойы қарыздармын. Жер басып жүрсем, сенімін ақтармын.

Бүгін сіздің үйге барып, өзіңмен дидарласып кетсек деген мен болатынмын. Айыпқа бұйырмассың, айналайын.

Ерлан ашылып, ұзақ сөйледі. Кәбираның ұзын кірпіктері жасқа малшынып, үнсіз егіліп отыр. Біздің де тамағымызға ащы өксік тығылды.

Кере қарыс маңдайы жарқыраған Ерланды жігіттің нағыз сұлтаны дерсің. Сөйлеу мәнері, ойлау жүйесі парасаттылықты байқатады. Ойыма «адамның шалыс басуына тағдыры кінәлі ме, әлде адамның өзі кінәлі ме?» деген сауал оралып, еріксіз күрсіндім.

Түн ауа жолға шыққан қонақтарымызды отбасымызбен қимай қоштасып, шығарып салдық.

Сәкеннен қортық Мақсаттың жол апатынан мүгедек болып қалғанын естіп, қатты толқыдым. Сол толғанысымды сіздермен бөлісуді жөн көрдім.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: