Бұл жағдай бір мектеп мұғалімінің басынан өткен. Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім үйге келген соң оқушылардың дәптерлерін тексеруге отырады. Бір дәптерді ашып оқиды да, екі қолымен бетін басып, солқылдап жылап жібереді. Осы сәтте бүкіл дүние тоқтап қалған сияқты еді. Қасында отырған күйеуі телефонын шұқылап отырған еді, бастапқыда не болғанын түсінбей қалды. Келіншегінің ебіл-дебілі шығып, жылап отырғанына таңданып, жанына келді де, не болғанын сұрады.
Ол күйеуіне бұрылып, балаларға «Менің арманым» тақырыбында шағын эссе жазуға тапсырма бергендігін айтады. «Соңғы тексерілген үй тапсырмасы бүкіл дүниені төңкеріп жібергендей болды» дейді әйелі. Күйеуі аң-таң болып, дәл осындай жағдайға жеткізген ол қандай эссе болды екен деп оны оқып беруін сұрады. Оның мазмұны былай еді.
«Менің арманым – әке-шешемнің телефоны болу. Олар күн-түн демей телефондарына үңіліп отырады. Жатса да, тұрса да қолдарында телефон жүреді. Мен кейде әкеммен ойнағым келіп, жанына барсам, «қойшы, жұмыстан шаршап келіп отырмын» деп, қолына телефонын ұстап қарап жатады. Соған қарағанда телефон әкемнің шаршағанын басады. Анамның да үй шаруасынан қолы тимей кетеді. Бірақ ол менің оны сағаттар бойы күтіп отырғанымды біледі. Сосын қолы тиген бойда маған көңілін бөледі. Бірақ, оның да телефоны шыр ете қалса, сағаттар бойы сөйлесіп, мен тағы сырт қалып қоямын. Менің олармен бірге болғым келетінін олар мүлде байқамайды, өйткені олардың телефоннан қолдары босамай кеткен. Оның ішінде менен де маңызды дүниелер бар. Сондықтан мен ата-анамның телефоны болғым келеді. Бұл – менің арманым».
Әйелі эссені оқып болған соң күйеуіне қарап еді, оның да жанары жасқа толып, жыламсырап тұр екен.
– Қандай әсерлі, мына баланы қазір құшақтап алар ма еді, – деді күйеуі.
– Дәл қазір құшақтауыңа болады, мұны жазған біздің баламыз, – деді келіншек.
Наталья Радионова
Аударған Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!