Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тауқымет

08.02.2024, 11:00 443

Тағдыр дейтін толғақты түйіннің ашылмаған сыры, тұңғиықта жатқан «мөлдір бұлағы» бар-ау. Адам баласының тағдыры тура саусақ ізі секілді ешкімдікі ешкімге ұқса­майды, жанаспайды. Тіпті, жүзінде күлкісі жиылмайтын пенденің зәузаты түгел қайғы  арылмаған  болуы  мүмкін.

Бұл оқиғаны жазуға бола ма, болмай ма деп көп ойландым. Біреудің тағдыры көз алдыңнан өтсе, оны жазып, оқырманға көрсетпек түгілі, оқиғаның шетін ақтару біреу­дің сырын жайып салғандай әсер береді. Мүмкін санаңызға сілкініс жасап, өмір туралы ойыңызды өзгертуі, ұстанымыңызды алмастыруы ықтимал деген оймен жаздым. Өмірдегі маңызды да құнды, құпия да сырлы дүние – осы тағдыр емес пе?! Әлқисса…

Сонау 90-жылдары пойыз жолда шелпек сатып, бала-шағасын асырауға аз-кем тиын тауып жүрген Кенже апайдың 5 баласы болды. Күйеуі де өзімен әріптес еді. Бірақ, оны 40 жасқа келгенде пойыз басып кетіп, бір аяғы кесілген. Жалғыз аяқпен жүрген адам үшін Құдайдың берген нығметін толық пайдалана алмау – қою қара түтін іспеттес зар болды. Өз-өзін күн сайын жазғырып, бала-шағасының алдында мүгедек болып, отбасын асырай алмаған күйеудің ақыры шыдамы сарқылып, жаны қиылған.

Артында ботадай боздаған 5 бала жалғыз шешенің табысына қарап қалды. Үй де суық. Қиын кезеңде ішерге су, жеуге ас таппаған отбасы ара-тұра орыс көршілерінен шошқаның етін сұрап жеп аман қалған. Аштық заманы болмаса да, жоқшылық тауы­сып барады бәрін. Сонымен Кенже бес баланың болашағы үшін өзге күйеуге тиюді ойлайды. Басында бала-шағасы қарсы болса да, амалдың жоқтығы оны Нысан есімді өзінен біршама жас үлкен ер адамға қосылуына  мәжбүр  қылды. Тағдыр  ғой…

Мен айтқалы отырған отбасының ең қиын күндері осы уақытта басталғандай. Өзі қаламаса да, жоқшылық жетектеп апарған екінші күйеуі таза ішкіш болып шықты. Дос-жаранымен ішімдікті қылғытып, отбасында күнде айғай сала берді. «Әйел қырық шырақты» деген осы орайда туғандай. Кенже әйтеуір бала-шағаның тұратын жері бар екенін ойлап, әрі өзгелердің өсегіне қалмау үшін  ессіз  еркектің «күңі» болуға көнген.

Жалпы, жазбаға арқау болған – Жансая­ның тағдыры. Бұл бастау оның өмірінің сүйкімсіз басталып, болашақта қандай адам боларына байланысты егілген дән еді. Жансая бойжетті. Қиыншылықтың бәрін артта қалдырғысы келді. Ол жаңа өмірді университет қабырғасында бастаймын деп ойлады. Расында жоғары оқу орнына түсіп, солтүстіктің студенті болды. Ондағы өмір оны қызықтырмады. Бастысы ішкіш өгей әке мен тұрмысы төмен тағдырдан құтылу бас­ты  арманы  болды.

Жансаяның ең жақсы қасиеті – ешқашан өтірік сөйлемейді. Кейде сол шыншылдығы үшін таяқ жеп, зардабын да тартқан. Көңілінде адамға жаманшылығы жоқ ару сырт қалаға кеткенде ең тамаша киімді киіп, ең таза бөлмеде ұйықтағысы келді. Бірақ оған өзі орналасқан жатақхананың жағдайы онша ұнай қоймады. Амал жоқ, сол жерде тұруы керек. Қалтаның жұқалығы өзіне пәтер жалдап тұруына жетпеді. Ол жерден жанына жылу болатын ешкім таппаған ол 1-курсында бір жігітпен сөйлесіп бастады. «Махаб­батың өрті күшті» демекші сезім алауына өртеніп, ең алғаш рет жігітімен айма­ласып үлгерді. Жігітке деген махаббаты артқан Жансая «жастықпен ғой» деп жылы жауып қоятын жағдайда некесіз төсек қатына­сын да бастан өткерген еді. Ал оның жасы – небәрі 16-да. Сол күннің ерте­сіне Жансая­ны деканат шұғыл оқу орнына шақырды. Барса, ондағылар мұны оқудан шығаруға шешім қабылдапты. Сабаққа қатыспай, бар уақытын жігітімен өткізуді жиілеткен Жансаяның көңіл күйі бірден түсті. Көзіне жас ала беріп, қолындағы қара моторолласымен жігітіне хабарласты. Ар жақта «абонент недос­тупен…» деген дыбыс шықты. Деканнан  осы  олқылықтың орнын толтыру үшін 1 күн уақыт беруін сұрап, бар болған жағ­дайды жігітіне айтып беруге асықты. Жансая жаңағы телефоны өшірулі жігіттен ары қарай қайыр болмайтынын, біреудің ойыншығына айналғанын, тағдырдың ең ауыр соққысын алғанын әлі де сезіп тұрған жоқ. Бар ойы – сол  оқиғаны  жақынымен  бөлісу.

Жансая әлгі пәтерге жеткенде есікте құлып болды. «Жаным» деп жүрген адамының енді қайта оралмайтынына сенбейді. Телефонына қайта-қайта қоңырау шалады. Құрғыр-ай, ар жағындағы  «абонент не­доступен…» деп тұрған біреудің үні өшер ме?! Жабырқаулы көңіл болған жайтқа сенбейді. Солай  жатақханасына  қайтты.

Ондағылар Жансаяны жақсы қарсы алған жоқ. Оның оқудан шығарылғалы жатқанын мұндағылар да естіп үлгерген. Ұзақ ойдың үстінде жатқан Жансая кенет еңкілдеп жылап жіберді. Ол өзінің алданып, білместікпен берілгенін, ол жігіттің енді қайта оралмайтынын енді ғана түсінді. Бірақ бәрі кеш. Үнсіз ғана жасын сығып қоя берген Жансая өмірді кері қайтара алмай­тынын түсінді. Өзіндегі Құдай берген ең құнды, ешкім таптай алмайтын, бар абыройы­ның біреу үшін жай ғана 5 минуттық ләззатқа тең екенін түсінген сайын өз-өзін жек көріп барады. Жанындағыларына да жекіп сөйлеп, көбінің құтын қашырды. Мінезі де дем арасында  өзгере  кетті.

Осының барлығын ой елегінен өткізуді ойламады. Бұл оқиғаның бастауы не, қай жерден қателескенін түсінбеді ол. Жансая үшін өмірдің мәні осы жерде тоқтады. Ары қарай өзінің құлдырауына куә болғысы келмеген ару арқанға асылуды ең дұрыс шешім деп қабылдады. Оның қате екенін, күнә болатынын білсе де, қорланған тұла бойы­на ары қарай өмір сүруіне рұқсат етпеді. Басталған іс осымен аяқталсын деген оймен арқан таппаған соң, ешкім жоқта бөлмедегі пышақты ішіне сұғып алды. Жын кірсе, адам өз-өзіне не істеп жатқанын білмей кете­ді деуші еді, Жансая да кіресілі-шығасылы оймен ессіздік істеп, өзін өлімге қиды.

Бір кезде ол өзін ақ ұлпа бұлттардың үстінде жүргенін көрді. Өліп, жаным жай тапты деп ойлады ол. Ойлағаны сол еді, айналасындағы ақ бұлт қарайып, балалық шағы, студенттік кезеңінің басталған кезі бәрі-бәрі көз алдынан өтті. Мүмкін Құдайдың «өмірің осымен аяқталады, қалай өмір сүргеніңді қара» деген белгісі шығар деп ойлады. Расында солай. Туғалы жоқшылық пен лас үйден көз ашпаған Жансая ең нашар халде бой жеткенін ойлады. Жаратқанның тек сынағын көріп өскен ол үшін бауырларының көп болуы, ішерге асы, киерге киімі бар болғаны ешқандай бақытты елестете ал­мады. Не дегенмен, көз алдына студент кезінде жігітпен қол ұстасып, сонымен өткізген бақытты сәті  де келді. Ал Жансая қазір оны бақытқа баламайды. Сонымен айналасында біреудің жылап отырған дауысы естілді. Ол дыбыс бара-бара үдей түсті. Тоқтату мүмкін емес. «Жәкөм-ау-у» деп егілген анасының дауысы ғой бұл. Жансая болса, «Мам! Мам­а-а» деп жылай берді. Кенет ол әлемнен суырылып қалғандай күй кешті. Солай бірер сәтте көзін ашты. Денесі қатты ауырсынып тұрғанын сезіп, жанында анасының жылап отырғанын көрді. Көзін ешқан сәтте түсінгені – Жарат­қанның сыйла­ған ғұмырынан бас тартқаны. Бұ жалғанда өмірден артық сый жоқ екенін енді түсінді ол. Бір өлімнен аман қалған Жансая анасына қарау­ға ұяты жібермей, палатадағы сис­тема жіберетін құтыға қарап жата берді…

Бір айдан соң Жансая үйіне қайтты. Анасы оның оқудан шыққанын өз-өзіне қол жұмсаған күні естіпті. Сонымен, бақытты отбасының шырқы бұзыл­ды. Ешкімнің көңіл күйі жоқ. Ал осыдан тура он күн бұрын Кенженің екінші күйеуі де тағдырдың  жазғанымен  о дүние­лік болып кетіпті. Денін шарап дендеген ол ағзалары іріп, көп қиналмай бақиға аттанған. Қара жамылып отырған келіншектің көрген қайғысы бұл ғана емес, Жансаяның жаралы тағдыры да қосыл­ды. Енді ол қызын уайымдаған халде  күнелтетін  болады.

Арада бір жыл уақыт өтті. Бірақ, шыр­қы бұзылған отбасының бар шындығы 5 бауырдың татулығы еді. Бұл уақытта Кенженің жасы 50-ге тая­ған. Жөтелі асқынып кеткен ол дәрігер­ге тексе­рілсе, кеуде обыры ауруының соңғы деңгейі екені анықталды. Бар болғаны бір ай өмірі қалды. Балаларына бұны тіс жарып айта алмаған ол 3 апта өткен соң ғана Жансаяға айтуды ұйғарды. Сонда да күші жетпей, өз балаларын қайда қалдыруды уайымдаған ананың бар уақыты осымен өтті. Бірақ ол бүгін бар шындықты тұңғышына айт­паққа бекінді. Қызын шақырып, жеке өзіне бәрін айтты. Өзінің бүгін-ертең өлімін күтіп отыр­ған сырқат ананың сөзін тыңдау кімге оңай тисін, Жансая анасын уайым­дап жылай берді. Оның да өмір сүруге жиған күші де сарқылып тау­сылуға шақ жүргенде, анасының дерті жығылғанға жұдырық болды. Кешкісін ол анасын тамақ­қа шақыр­ды. Бірақ бөлмеден ешкім­нің дыбысы шықпады. Ойы­на жаман нәрсе алғысы келмеген Жансая бөлмеге барып еді, күлімдеп ғана жан тапсырған анасын көрді. Жылау­ға жасы қалмаған Жансаяның аяқ-қолы дірілдеп, анасынан кешірім сұрай берді. Бәрі  кеш…

Бұл отбасының тағдыры тым ауыр. Балалары бесіктен түспей жатып табыт көрген үйден батыр шықпайды деген тәмсіл шын ба, әйтеуір 5 бауырдың берекесі кетіп, бір-бірімен араласпай кеткен. Осы оқиғаны 17 жасында өз көзімен көрген Жансая айтып берді. Ал ол бүгінде өзі секілді қиындық көріп, біреудің «қуыр­шағына» айналғандарға психологиялық қолдау көрсетеді. Арасында оның да мына әлемнің бар қызығы мен қиындығанан баз кешіп, өліп кетуді ойлайтын кезі болады екен. Сіз бен біздің көзімізге көрінбейтін түрлі тағдыр иесі бар. Оны есту сізді жай ғана ойландыруы мүмкін. Сол тағдырдың парағын беттесеңіз ғана құндылық ала аласыз.

К.ҚҰРМЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: