Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тамара Ақмағамбетова: «Тамара» брендін қалыптастырғым келеді

21.01.2020, 14:56 1173

Өмір біз ойлағаннан әлдеқайда әділетті, әлдеқайда тұщымды. Тек біз өзіміз Алланың берген басын тым еңкейтіп, не тым шалқайтып аламыз. Тура қарасақ, бәлкім оның әділеттілігіне көзіміз жетер еді. Бұл – менің ойым. Келісу, келіспеу – сіздің өз еркіңізде. Ал Габриэль Гарсиа Маркес «Адам дүние есігін анадан туған кезде ғана, бір-ақ рет ашпайды. Өмір адамды қайта-қайта жаңадан тууға мәжбүрлейді» деген екен. Дәл осы сөздің астарында қаншама адам тағдыр кешуде. Біреулер өмір тасқынының ағысымен кетсе, енді бірі ағысқа қарсы жүзіп, қайсарлықпен ғұмырын жалғауда. Бұдан аңғаратынымыз, сүріну – құлау емес, құлау – жеңіліс емес. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осал жан емес. Қызылордада «Мамық» – жастық тазартатын цех» десеңіз, Тамара Ақмағамбетованы танымайтын адам жоқ. Танымасаңыз, сұхбатымызға назар салыңыз.

Біздің анықтама:

Ақмағамбетова Тамара Асқарқызы 1952 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы «Мамық» тігін цехының меңгерушісі. «Business lady Qazaqstan» байқауының ІІ орын, «Qobyz uni» республикалық қолөнер шеберлері көрмесінің ІІ орын иегері, №3 облыстық балалар оңалту орталығының, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың Алғыс хаттарымен марапатталған.

Өмірлік ұстанымы: «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып хақың бар жүгіруге».

Мақсаты: «Тамара» брендін қалыптастыру.

– Тамара Асқарқызы, Сыр елінің кәсіпкерлік саласында дара жол салған кәсіпкер ретінде көпшілік таниды. Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?

 – Мен, негізі, Алматының тумасымын. Жолдасым – Ақтау қаласынан. Қызылордаға жұмыс барысымен келгенбіз. Ал кәсіпке келуімнің өзі – бір тарих. Осыдан бес жыл бұрын денсаулығыма байланысты қоларбаның көмегіне жүгінуге мәжбүр болдым. Бірақ мен «арбада отырып қалдым» деп жасығаным жоқ. Керісінше, алға ұмтылып, талпынып, үнемі ізденіс үстінде жүрдім. Қайта қалпына келтіру орталығында жатқанымда «Даму» қорынан адамдар келіп, кәсіпкерлік туралы семинар өткізді. Негізгі себеп – осы семинар. Одан кейін емдеу курсын қабылдап жүргенімде аурухана төсегіндегі жастықтарға көңілім толмады. Солай іздене келіп, жастықты да тазартуға болатынын білдім. Мұндай цех тек Ресейде ғана екен. Не керек, хабарласып, ізденіп, осы іске кірісуге бел байладым. Сөйтіп, кәсіпкерлер палатасына барып, бизнес-жоспар құрып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында инновациялық жобалар конкурсынан қаржылай 1 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Сөйтіп Ресейден қондырғыларын алып, жұмысты бастап кеттім.

 – Алғашқыда жұмысыңызды Шиелі ауданынан бастадыңыз. Халықтың бұл қызмет түріне сұранысы қандай болды?

 – Бұрын-соңды мұндай цех Қызылордада болмаған соң жұмысымыз басталмай жатып, сұраныс өте көп болды. Аудан тұрғындары толассыз кезекке тұрып, жастықтарын жаңалап алды (күліп). Содан облыс орталығынан, өзге қалалардан тапсырыс түсе бастаған соң, арбамен әрлі-берлі жүру маған оңайға соқпады. Сондықтан кәсібімді облыс орталығына келіп жалғастырғанды жөн көрдім. Қазір Қызылорда қаласында жұмыс істеп жатырмын.

 – Қондырғы қалай жұмыс істейді? Ескі жастықтарды тазартудың жаңасын алғаннан қандай айырмашылығы бар?

 – Қондырғы Ресейден жап-жаңа күйінде алынған. Өңдеу барысында жастық ішіндегі қауырсындар бактерияны жоятын ультракүлгін сәулесімен тазартылып, кептіру арқылы қоқыстан ажыратылады. Содан кейін тазартылған мамық жаңа жастық қабына, ал жастық ішінен шыққан майда тастар, құм, шыбық сынды қоқыстар қондырғының арнайы бөлігіне жиналады. Қайта өңдеу барысында жастық тек ғана тазармайды, өзінің байырғы пайдалы қасиеттерін қалпына келтіреді. Жаңа жастық алсаңыз да, оның ішінде қандай қалдықтар барын білмейсіз. Кейбірінен пакеттің қиындылары, мақтаның таяқ қалдықтарына дейін шығады. Ал ондай қоқыс заттар адамның денсаулығына кері әсер етіп, аллергиялық қоздырғыштың қызметіне жол ашады. Кейбір клиенттер аққудың мамығынан жасалған жастықтарды әкеліп, тазарту процесін көзімен көріп тұрады. Ішінен шыққан қоқыстарды көріп, өздері шошиды.

 – Сізді мазалайтын қоғамдық мәселе бар ма?

 – Өте орынды сұрақ қойдың. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайсыздау түсінік қалыптасқан. Әсіресе, кейбір мекемелерге, қоғамдық орындарға кіргің-ақ келеді, бірақ пандустары тау секілді орналасқан. Жанымызға арбаны көтеретін адам апармасақ, кіре алмаймыз. «Для галочки» істей салған. Бұл – бірінші. Екіншіден, мен өзіме көмекші іздедім. Жұмыс іздеп келгендер ұсынған ақшаны азсынады. Аз жұмыс істеп, көп ақшаға кенелгісі келеді. «Жұмыс жоқ» деп жата-жастана жылайтын жастардың көбісі – жалқау. Қазір жанымда өзге ұлт өкілінің қызы жұмыс істейді. Ақшасы аз деген де жоқ, келе салысымен жұмысына кірісті де кетті. Өзі – студент. Осы жерден жинаған ақшасына оқу ақысын төлеп жүр. Риза боламын, қарап отырып.

 – Тігін цехыңызда тек жастық өңдейсіз бе? Цехтың жұмысын одан әрі жандандырып, кеңейту үшін қандай жұмыстар істеп жатырсыз?

 – Бүгінде Көкшетау қаласынан шикізат алып, оны тазартып, өңдеп, жастық тігіп, сатып жатырмын. Дегенмен, біздің санамыз әлі отандық тауарды тұтынуға бейімделмеген. Импортқа жүгінуден арыла алмай келеміз. Кәсіптің көзін кеңейту кез келген кәсіпкердің арманы ғой. Жуырда қала әкімі Н.Нәлібаевтың қабылдауында болдық. Ол кісіге де цех жұмысын кеңейтуге қолдау көрсетуін сұрадым, уәдесін берді. Отандық өнім өндіруге өзіндік үлесімді қосып, «Тамара» брендін қалыптастырғым келеді. Бұйыртса, ол да болады.

 – Әңгімеңізге рақмет. Арманыңыз аласармасын!

Пікірлер:
  • Саламатсыз ба? Жастығымды тазартуға апарайын деп ем Қызылордадағы адресіңізді и телефон номеріңізді айтасыз ба?? Үлкеееен өтініш???!!!!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: