Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Талғат Нығметуллинді кім өлтірді?

29.11.2020, 11:00 868

HALYQLINE.KZ

Діни философиясының түсіндіруінше, дін – әлемді байланыстырушы күш. Әрбір адам жаратушыға құлшылық етуі арқылы өзін соның ажырамас бөлшегі екенін сезінеді. Адам өзінің табиғи болмысымен құдіретті күшке мұқтаж. Өмірдегі тосын оқиғалар, ауыр сынақ кезінде одан құтылу үшін сол құдіретті күшке сеніп, тылсым дүниемен әуестенушілігі пайда болады, соның жолына түседі. Сондай жолға түсіп өз өмірін қайғылы аяқтаған киноактер Талғат Нығметуллин еді.

Талғаттың адасуына не себеп болды? Талғат теріс ағым ықпалына қалай түсіп кетті? Өнер адамдарының жұлдызы жанған сәтті кезеңдерімен қатар уақытша сәтсіз тоқырау кездері де болады.

1949 жылы 5 наурызда дүниеге келген Талғат өзінің табандылығы арқасында көп нәтижеге жетті, оған оның ауыр балалық шағы әсер етті. Қырғызстандағы Ош облысының Қызыл-қия қаласындағы шахтердің отбасындағы тұңғыш баласы еді, әкесі татар, шешесі өзбек еді, әкесі Қадыр шахтадағы апаттан өліп кетті. Бұғанасы қатпаған Талғат мектепте оқып жүргенде қант зауытында жүкші болып істеп, анасына көмектесті. Мектеп бітіргесін ВГИК-ке құжат тапсырғанмен орыс тілін акцентпен сөйлейтін оны қабылдаған жоқ. Москвадағы цирк және эстрада училищесіне оқуға түсті, осы оқу қабырғасында жүргенде күреспен айналысып, Өзбекстан чемпионатында 1-орын, СССР чемпионатында 6-орын алды. Кеш болса да каратэмен айналысып, 30 жасында Өзбекстанның чемпионы болды. Орыс тілін жетік білу үшін Толстойдың «Соғыс және Бейбітшілік» екі томдық романын дауыстап оқып отырып, қолмен қалың дәптерге көшіріп жазды. Ақыры арманына жетіп, Бүкілодақтық кинемотографиялық мемлекеттік институтының (ВГИК) актерлік факультетіне түсіп, оны да 1971 жылы бітірді. 1972 жылы Қырғыз ССР-нің халық суретшісі, СССР халық артисі Сүйменқұл Чекморовпен бірге «Жетінші оқ» фильміне түсіп танылса да, киноға түсіруге шақыра қоймады. Осындай өнер жолындағы уақытша дағдарыс кезінде теріс пиғылды діни ұйым өкілдері Абай мен Мырзаға кездесті. Абай Борумбаев Ош обкомының бірінші хатшысының баласы, әкесі кейін Қырғыз ССР-нің 2-ші хатшысы болды-ау деймін, байлық пен мансапты құрбандыққа шалып, дін жолына түскен жігіт болып шықты, жоғары білімді ол «ғулат» деген ағым – «мен сияқты байлық пен жақсы өмірден бас тартқандарға жаратылыстан тыс күш «ғулат» (орысша гуру) тиесілі, маған  осы миссия қонып жолы болмағандарға көмектесемін» деген сандырағына сенушілер қатары көп болып шықты, оған қосылған Мырза Қанатбаев Қарақалпақстанда тұратын экстрасеанс ретінде танылып үлгірген қазақ еді. Екеуі Москваға келгенде ай оңынан туып, жолдары болып СССР Жазушылар Одағы Президиумының мүшесі, «Огонек» журналының бас редакторы, атақты жазушы Анатолий Сафроновпен танысады. А.Сафронов «Огонек» журналына Абай мен Мырза туралы мистикалық сарында телепатия мен эстрасеанс мүмкіндіктерін асыра көрсетіп жазған мақаласы шыққасын, осы «екі әулиенің» соңына ерушілер саны күрт өсіп кетті. Творчестволық тоқырауда жүрген Талғат осы екі әулиенің ықпалына түсті, жалғыз өзі емес өзінің ВГИК-тегі курстастары Ирина Шевчук («А зори здесь тихие» фильміндегі Рита) және Наталья Белохвостикованы («Тегеран-43» фильміндегі аудармашы қыз) сектаға ертіп келгенмен, екеуі дер кезінде сектадан шығып кетті. Осы секта мүшесі болып жүргенде Талғат 1980 жылы «ХХ ғасырдың қарақшылары» фильміне түскен соң, «Мосфильм» мен «Ленфильм» және одақтас республикадағы киностудиялар шақыра бастады. Өзінің таланты арқылы қол жеткен табысын, осы сектаға кіргелі жолым ашылды деген соқыр сенімде болды. Сектадағы тіршілігіне қарсы болған әйелі актриса Халима Хасенова мен ұлы Сайд екеуін тастап кетті.

Секта ережесіне сай жылына 1 рет мойнына дорба асынып қайыршылық сапарына шығып тұрды. Көзіне күнге қарсы қара көзілдірік пен қалпақты басып киіп алғандықтан СССР-дегі миллиондаған көрерменнің сүйікті актері Т.Нығметуллинді ешкім танымайтын. Осы қайыршылық сапарға шығу үшін киноға түсіруге шақырылған ұсыныстардан бас тартып отырды.

Абай мен Мырза Талғаттың толық қожайыны болды. Бірде бас қосуда Абай Талғаттың арақ қосылған стаканына түкіріп «ішіп қой» деп бұйырғанда, атақты актриса курстасы Наталя Бондарчук шыдамай: «Талғат, бұл қорлық қой, ішпе» дегеніне қарамай ішіп қойған.

Ол кезде советік дәуірде атеизм үстемдік құрған кезінде бұл түсініксіз болғанмен, қазіргі кезде «қара магия» деп аталатын дуалау әсері екенін екінің бірі біледі. Магия сиқырлау немесе дуалаудың объективті шындық екендігін ғалымдар да мойындағанмен нақты түсіндіре алмайды.

Талантты Талғат сазгерлік өнерден де құралақан емес-ті. Сергей Есениннің «Орыс қайыңдары» (Русские березы) өлеңіне жазған әні осы күндері жиі орындалып жүр. Белгілі детектив жазушысы Юлиан Семеновпен достасып сырласуы әсерінен драматургияға да бет бұрып киносценарий жазды. Өзінің сценарийі бойынша «Жаңғырық» (Эхо) фильмін түсірді. Басты рольде Абай мен Мырза ойнағандықтан режиссерлік қадамы сәтсіз болып, фильм қатты сыналды, әлсіз актерлік құрамы үшін фильмді көрсетуге тыйым салынды, актерлік кәсіби білімі жоқ Абай мен Мырзаға неге басты рольді бергені де түсініксіздеу.

Бұл жағдай Талғатты депрессияға ұшыратты, өзінің табынған адамдарынан түңіле бастады. Араққа салынғанын доғарып, «Інжілге» (Библияға) ден қойып оқып шыққасын, христиан дінін қабылдады. Осындай құлдырауда жүргенде «Қазақфильмдегі» түсірілген «Провенциалды махаббат» фильмінде 17 жастағы Венера Ибрагимовамен бірге басты рольге түсті. Екеулерінің кинодағы сценарий бойынша сезімдері өмірде де қайталанып үйленді. Ерлі-зайыпты Нығметуллиндер «Қырғызфильмде» атақты «Қасқырлар апаны» фильміне түсті. Талғаттың кейіпкері Самат қылмыскерлер апанынан шыға алмай жүрсе, өмірдегі Талғаттың сектадан шыға алмай жүргенін білген Венера Москва мен Ташкенттегі профессорларға көрсеткенмен еш нәтиже шықпады, екі алаяқтың ықпалынан шыға алмады. Талғаттың сектадағы жылдық жарнапұлы 10 мың сом болатын, бұл орасан зор ақша екенін менің замандастарым біледі, сол кезде мұғалімнің жалақысы 120 сом болатын, Талғат киноға көп түскендіктен жарнапұлын уақытылы төлеп тұрды. 1985 жылдың 10 ақпанында Абай мен Мырза Талғатты бопсалаушы ретінде пайдаланбақшы болып Вильнюс қаласына өздерімен бірге ертіп кетті, ол жақтағы секта мүшелері жарнапұлды төлемейміз деген болатын.

Жолда киоскіден сатып алған «Советский Экран» журналының бетіне Талғаттың үлкен фотосын көрген Абай қызғаныштан жарыла жаздады. Өзіне бағынышты Талғаттың жыл қорытындысы бойынша СССР-дегі ең танымал актері болып жарияланғанын көре алмады.

Вильнюске келгесін суретші И.Калинаукас пәтерінде жарнапұл төлегісі келмейтіндердің мәселесін күшпен шешпекші болып, Абай Талғатқа «ұр» деп бұйырады, Талғат бас тартқанда Абай, Мырза, каратэші-аспирант А.Бушмакин және басқалары Талғатты креслоға байлап қойып, таң атқанша тепкінің астына алады, арасында демалып, шай ішіп алып ұруын жалғастыра береді. Кейін бір ғана басына 119 рет тепкені анықталды. Каратэден чемпион болған ол неге қарсылық көрсетпегені жұмбақ болып қалды, меніңше, Абайды « рухани ұстаз» санап соған бағынғандықтан деп ойлаймын. Тергеу ісі жарты жылға созылды, Мырза Қанатбаевтан әр қаладан ақша салған 30 «Жинақ кітапшасы» шықса, Абай Борамбаевтың 100 мыңдаған ақшасы мен бір дипломат бриллианты тәркіленді. Москва, Ленинград қалалардағы атақты өнер адамдары өздерінің алданғанын білді. Москвада болған сот А.Бурумбаев және М.Қанатбаевты 15 жылға, каратэге Талғатты үйреткен ұстазы Пестрецов 12 жылға, Седовты 10 жылға бас бостандықтарынан айырды. Каратэші-аспирант А.Бушмакин түрмеде отырғанда өзінің не істеп қойғанын, өзі сенген адамдардың аферистер екенін біліп есі ауысып кеткесін, жындыханаға жатқызылды. Абай түрмеде 1988 жылы белгісіз жағдайда өліп кетсе, Мырза 1999 жылы бостандыққа шыққасын, Қазақстанның Маңғыстау облысында тұрып, 2002 жылы Ташкентке көшіп барғасын «гуру» ағымын жандандырып төңірегіне жастарды жинап алып, өзіне табындырып қойды, осы жерде пролетариат көсемі В.И.Лениннің «дін – халыққа арналған апиын» деген сөзі рас па деп те, кейде ойлаймын, Мырза Қанатбаев 2006 жылы қайтыс болды. Жерленген жеріне тұрғызған мазары, Ташкентегі тұрған пәтері де құлшылық ететін орынға айналды. Интернетте ұстазы Мырзаға арналған сайт та бар, бірақ сол сайтта бір кездегі Мырзаның шәкірті Талғат туралы бір ауыз сөз жоқ.

Талғаттың өзін Ташкентке жерледі, өзі дүниеге келген Қызыл-Қия қаласындағы тұрған көшеге есімі берілді.

Талғат ВГИК-те оқып жүргенде кейін Украин ССР-не еңбегі сіңген артисі болған Ирина Шевчукпен 2 жыл азаматтық некеде болды, ВГИК-ті бітіріп келген соң «Өзбекфильмде» актер болып жүргенде әнші, кейін Өзбек ССР-не еңбегі сіңген артисі болған Лариса Кандаловаға үйленіп, Урсула есімді қызды болды. Сосын актриса Халима Хасеноваға үйленіп 7 жыл тұрғанда Сайд есімді ұлды болады, Сайд ВГИК-ті бітірген актер әрі каскадер, осы оқу орнында студенттерге қылыштасу мен атпен шабу шеберлік сыныбынан сабақ береді. Соңғы әйелі Венера Нығметуллинамен 3 жыл бірге тұрды. Қазір Венера «Қазақфильмнің» жетекші актрисасы, «Шәкен жұлдыздары» кино фестивалінің директоры. Талғат қызының есімін Линда деп өзі қойған болатын, себебі өзі табынған Брюс Лидің әйелінің есімі Линда екен. Линда Москвада тұрады, белгілі актриса, біздер оның «Көшпенділер» фильмінде Зейнеп ролінде ойнағанын білеміз.

Ислам діні ынтымақ пен бірлікке, иман мен қайырылымдыққа, ғылым мен мәдениетке шақырып, адамдарға шапағат пен қуат береді. Алайда Ислам дінінің атын жамылған гуру ағымының жетегіне кетіп, өз ажалын тапқан Талғатты кезінде шетелдік баспасөз «Советтік Брюс Ли» деп атайтын.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарих пәні мұғалімі,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қазалы  ауданы

Суретте: Талғат және Венера Нығметуллиндер. 

Абай Бурумбаев пен Мырза Қанатбаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: