Орыстың ұлы ақыны С.Есенин 1895 жылы дүниеге келді. 1912 жылы мектеп бітірісімен, әкесі оны байдың дүкеніне есепші жұмысына орналастырды. Жасынан өлеңге құмар Сергей 18-ге толғанда әкесіне бұл жұмысты істемейтінін айтқанда, нан тапқысы келмейтін баласынан әкесі бас тартты. Анасымен ғана қоштасып, Москваға келген Сергей күнкөріс үшін өлеңдерін журналдарға жариялата бастайды.
Дарынды жасты бірінші болып ақын А.Блок мойындайды. Сергей бір жылдан соң ақындығымен бүкіл Москваға танымал болды. С.Есениннің өлеңдерін халықпен қатар ІІ Николайдың әйелі Александра Федоровна патшайым да жатқа айтатын.
Атағына қарамастан Сергей бірінші дүниежүзілік соғысқа алынды. Патша өкіметін тақтан құлатқан 1917 жылғы ақпан революциясы кезінде Сергей майданнан қашып кетті. Большевиктердің ықпалымен жаңа өмірді жырлады. Алайда, ол ерте келген даңқты және атақты көтере алмады. Ішімдікке салынып кетті. Оны «Мен Москваның қыдырымпазымын», «Мен ауылдың ақынымын», «Танюшадан әдемі қыз жоқ ауылда», «Бұзақы» өлеңдерінен байқауға болады. Атақты «Анама хат» өлеңінде :
«Қайтесің жай бір елесті,
Өлмеспін төбелестегі пышақтан.
Маскүнем де емеспін,
Өзіңді көрмей өлетін» — дейді.
Басқосуларда мас болып, төбелесті бастайтын Сергей әйелі Зинайда Райх пен 2 баласын тастап кетті, 22 жастағы ақын өз өлеңдерінде өлгісі келетінін жырлай бастады.
1921 жылы өзінен 17 жас үлкен АҚШ-тың атақты бишісі А.Дунканмен танысып үйленді. Сергей ағылшынша, Айседора орысша білмейтін. Олар көп ұзамай ажырасып кетті. Кейін АҚШ-та журналисттер: «Есенинмен еркін де сөйлесе алмадыңыздар, не себептен үйлендіңіз?» деп сұрағанда, А.Дункан: «Әрбір поэзия кешінен соң әйелдер Сережаны алақандарына салып үйіне дейін көтеріп апаратын, қызығушылық пен қызғаныштан үйлендім» деген болатын.
Сергей үшінші рет әкесі француз, шешесі грузин Галина Бениславскаяға үйленді. Осы сұлу әйел оған шабыт әкелді. 100-ден астам өлең мен поэма жазды. Әсіресе, Кавказға барғанда Шагандухт Тальян деген мұғалім қызбен кездесіп, махаббат сезіміне беріліп, «Шаганэем сен мендіксің, Шаганэ» атты ең атақты өлеңдер топтамасын жазды. Шығармашылығы шарықтай түскен сайын ішімдікке салынуы да күшейе түсті. Жүйкесі бұзылды, мас кезінде де өлең жазатын болды. Сергей сау кезінде достарына көз алдына А.С.Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» атты шағын трагедиясындағы «Қара кісі» елестеп маза бермейтінін, содан қорқатынын айтып жүрді. Ақыры «Қара кісі» атты поэмасын 2 жылда қиналып жүріп әрең жазды. Бұл поэманы М.Горький жоғары бағалады. С.Есенин өлгенде «Біз ұлы орыс ақынынан айырылдық» деген болатын.
Бір қызығы, орыстың екінші ұлы ақыны, әншісі, актері Владимир Высоцкий осы Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» шығармасы бойынша түсірілген «Шағын трагедия» атты телефильмде басты ролде ойнаған болатын. Осы шығармадағы «Қара кісі» В.Высоцкий мас болған кезінде де, сау кезінде де елестеп маза бермеген. Мамандар дарынды адамдарда ондай жағдай болатынын айтады. Мысалы, актер Андрей Миронов өмірде қатынқұмар (бабник) болған, сахнада да сондайлардың ролін ойнаған, кейде рольден шыға алмай сахнадан тыс жерде де өзінен-өзі донжуандардың монологын айнаға қарап айтатын әдет шығарғанын замандастары естелігінде айтқан болатын.
1925 жылдың күзінде Сергей төртінші рет үйленді. Бұл жолы таңдауы ұлы жазушы Лев Толстойдың немересі София Толстая еді. Ленинградқа қоныс аударар алдында бірінші әйелінен туылған балалары Настя мен Таня, Анна Изрядновадан некесіз туған баласы Юрамен қоштасты.
1925 жылы 27 желтоқсанда Сергей Ленинградтағы «Англетер» қонақүйінде достарымен бірге болады. Кешкісін қайтар кезде ақын досы В.Эрлихтың қалтасына күні бұрын жазған соңғы өлеңін салып жібереді. Ол ұмытып кетіп ертеңіне ашып көргенде «Қош бол, досым менің қош бол…» атты өлеңі еді.
Ал, қош, достым, қоштасайық кел, кәні,
Жақын тартып кетіп едің жаныңа.
Қашса да алып тағдырым тар жолдары,
Ол жол бізді қауыштырмақ тағы да.
Қош, қадірлім, қол ұсынып қарманба,
Мұңға шомып қарай берме қадалып.
Өлу деген таңсық жайт па жалғанда?
Өмір сүру – емес ол да жаңалық.
Бірақ бәріне кеш еді. Түске дейін ешкім шықпағасын комендант шақырылып, есік бұзылып ашылғанда терезе үстіндегі жылу құбырына асылып тұрған ақынды көреді.
1916 жылы жазылған бір өлеңінде:
«Терезеге түскенде қараңғылық,
Асылып мен де өлермін», — деп жазған болатын.
Бір жыл өткен соң 1926 жылы 3 желтоқсанда үшінші әйелі Г.Бениславская зираттағы Сергей жатқан жерге келіп, өзін-өзі атып өлтірді. Махаббатты жырлаған ұлы ақынды әйелдер алақанына салғанымен, әдеби ортасы оны маскүнемдігі мен шатақ мінезі үшін маңайына жолатпады.
Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев дәл осындай жағдайды басынан өткерді. «С.Есенинге» деген өлеңінде қазақ ақыны:
Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей.
Аулаққа, тым аулаққа кеттім білем,
Жаны ашып, ақыл берген елге сенбей.
Мен-дағы сол жақтанмын,
Ауылданмын,
Ауылдың ауруымен ауырғанмын.
Өзіңді Мәскеу қалай қабылдаса,
Алматы мені солай қабылдады.
Шаршағанда ширығып шарап ішіп,
Саған ұқсап менің де жанады ішім.
Құлағыма сыбырлап «Құран» оқып,
Иектейді мені де «Қара кісі».
Мен де сендей Серега, күмәндамын,
Жыр азабын тартамын, тіл азабын.
Туған ауыл, туған жұрт қайда барсам,
Қайда барсам, қасымда Рязаным.
Әй, Сергей!
Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!
Бір ауылдан екенбіз мен де, сен де.
… Басым сынып барады, басым сынып,
Жөндесем де болмайды, емдесе де, — деп Сергеймен сырласып, шерін тарқатып, Мұқағали мұңын шағады.
Ұзақ жылдар бойы Сергей Есенин асылып өлді делініп келсе де, халық оған сенген жоқ.
Міне, бүгін 2025 жылдың 3-қыркүйегінде Сергей Есениннің туғанына 130 жыл толып отыр, ал 2025 жылы желтоқсанда зұлымдықпен өлтірілгеніне 100 жыл толуына орай, шындық ақыры белгілі болды. 1925 жылы революция бесігі атанған Петроградта қазан төңкерісін іске асырушылардың бірі Л.Д.Троцкийдің бұйрығымен ОГПУ жендеттері өлтіргені ресми түрде айтылды.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
тарихшы, журналист-дайджест
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!