Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәбимен сыналған тағдыр

12.09.2024, 11:30 257

Болат пен Алмагүл отау құрғалы сәбилі болуды асыға күтті. Көп ұзамай Алмагүлдің аяғы ауырлап, дүниеге нәресте әкелетін күн де жақындап қалды. Олардың басына жазылған тағдыр оңай емес екенін екеуі де білген жоқ. Алла бала берсе, несібе, ризығымен қоса береді дегенді ойдан шығармаған жұп үшін өмірдің уайым мен арпалысқа толы парақтары ашылып жатты.

Айжан дүние есігін ашқан сәтте, дәрігерлер оның жүрегінен ақау барын бірден байқады. Кардиогенездің дистониясы. Дәрігерлер оның сырқатын осылай атады. Бұл сирек кездесетін ауру болатын. Адамның жүрек бұлшықеттерінің әлсіздігінен туындайтын бұл дерт Айжанның тағдырын басқаша жазды. Дәрігерлердің суық үні Алмагүлді терең мұңға батырып, Болат мүлде үнсіз қалды. Айжанның кішкентай денесі әлсіз қимылдап, демі жиі үзіліп, өмірге деген күресін әлсіз ғана көрсетіп жатқандай көрінді. Әңгімемізге арқау болған Айжанның тағдыры талай жанның өмірге деген құлшынысын оятары сөзсіз. Бірақ, бәрі оңай болмағанын білсеңіз ғой…

Балалық шақ… Өзгелер үшін бақыттың бастауы болса, Айжан үшін сынақ пен ауыртпалықтың іргетасы іспетті еді. Ол дәрігерлердің алдына жиі барып, ақ халаттылар ең жақын серігіне айналды. Өмірдің шындығы оған инелер мен дәрігердің суық қолы арқылы үйретілді. Әрбір шаншылған ине оның жүрегін тітіркендіріп қана қоймай, балалық бақытын да түйреп тастайтындай еді. Ол інілерімен, достарымен ойнап жүргенде, қуаныштың шетінде ғана тұратын, бірақ ешқашан толық еніп кете алмайтын. Бала шақтың тәтті күндерін дәл осылай суық медицина құралдары бұзып, дәрігерлердің үздіксіз тексерістері қаршадай бүлдіршіннің өміріндегі тұрақты сәтке айналған.
Күнделікті ауруханаға бару Айжан үшін әдетке айналды. Дәрігерлердің сыбырлап айтқан сөзі, жансыз жүрістер мен мейірбикенің жылы, бірақ көзінде сыр сақтаған назары, бәрі де оның санасында терең із қалдырды. Оның нәзік денесіне инелер күн сайын шаншылған сайын, ол өзіне таныс бақыттан алыстай беретіндей көрінді.

Қайғының салмағы тек жанына ғана емес, денесіне де ауырлық түсіріп, әлсіздікті қатты сезінді. Бірақ өмір үшін күрескен ару ешқашан мұңын білдірмейтін. Өйткені оның бойында мықтылық, сабыр, төзімділік тәрізді ерекше қасиеттер болды. Жастайынан өмірмен арпалысуға дайын болған қыз күн сайын тағдырмен бетпе-бет келді.
Жылдар өтіп, Айжан бойжетті. Жүрек ақауы оның өміріне өзіндік із қалдырғанымен, өз болашағын ойлап, үлкен арманмен алға ұмтылды. Мектепті аяқтаған соң, арман қуып үлкен қалаға аттанды. Бірақ жаңа өмірге қадам басқанда да, оның денсаулығы үнемі сыр беріп, дәрігерге жүгінуді талап ететін. Өзі қалаған университетке түсіп, жаңа достар тауып, бақытты болуға тырысты. Бірақ оның ішкі жан дүниесі үнемі күреспен өтті. Сырт көзге күлімдеп жүргенімен, жас жеткіншектің жүрегі тастай суық әрі ауыр. Әр күні, әр сәті жаңа сынақ. Түсінгенге, мұның ауырлығын сезінуден артық азап жоқ шығар…

Кейінірек Айжан тұрмысқа шықты. Жүрегінің дертіне қарамастан, ол өмірдің жаңа кезеңіне аяқ басты. Отбасын құрып, сүйікті адамымен бірге болуды қалады. Бірақ жүрегінің бұрыннан қалған жаралары бақытын толық сезінуге кедергі болды. Күйеуі оның жағдайын толық түсінбесе де, қолынан келгенін жасады. Тағдырдың тоқтамы жоқ. Нүктесі – өлім. Тоқтаусыз тіршіліктің Айжанға арналған тағы бір сынағы барын ешкім де көріп, біле алмады.
Айжан ана болуды асыға күткенде, дәрігерлер оның жүрегін дір еткізді. Жаңа туған қызында да дәл сондай жүрек ақауы бар еді. Бұл сәтте Айжан үшін бәрі тоқтап қалғандай болды. Кішкентай қызын құшақтап тұрып, көз жасын ұстай алмады. Оның жүрегі қайта ашыды. Ана ретінде өз қызын дәл осындай сынақтардан қорғағысы келді, бірақ тағдыр оны да қиын жолға салды.

Қызын құшағына алып, Айжан өз балалық шағын көз алдына елестетті. Өткен күндердегі ауыртпалықтар, шаншылған инелер, дәрігерлердің суық сөзі қайта тірілді. Қанша жыл өтті, бірақ ол жаралар ешқашан жазылмады. Енді ол сол ауыртпалықтарды өз қызының басынан кешкенін қаламады. Бұл сәт оның жан дүниесін күйреткенімен, өмір сүруде күрескер атанған ару тағдырдың бұл сынағына қарсы тұрды. Айжан енді қызын қорғау үшін, өзінің денсаулығы үшін күрескендей, жанын салып күресуге бел буған қайсар ананың рөліне енді.
Ол бұл жолы қызын жалғыз қалдырмауды шешті. Ана ретінде тек сүйіспеншілік пен мейірім беруге тырысты. Оның бар арман-тілегі қызын аман-есен өсіріп, оның жүрегіне қуаныш пен үміт сыйлау еді. Ол өзінің қаншалықты әлсіз болғанын жақсы білетін, бірақ енді қызының күштірек болатынына сенімді болды. «Мен сенің мықты екеніңді білемін, қызым. Менің жүрегімде әлсіздік болды, бірақ сенің жүрегің жеңімпаз болады» деп Айжан іштей серт етті.

Қызына қарап, Айжан тағдырына деген ризашылық сезімімен толығып, өмірге деген құштарлығын қайтадан тапқандай болды. Өмір оны қанша сынаса да, енді ол бұл сынақтарға қасқайып қарсы тұрмақ. Айжан жүрегіндегі ауыртпалық енді жеңілдей бастады. Себебі қолында – жаңа өмір, жаңа үміт бар. Ол қызымен бірге бұл өмірдің барлық қиындығын еңсеріп, тағдырдың қатаң сынына төтеп бере алатынына сенімді болды.

Тағдыр біз ойлағандай жеңіл мен ауырдан бөлек, сый мен сырға толы. Оны болжау қиын. Тек басыңа түскенде көндігуге тура келеді. Бұл оқиғаны қысқаша ғана сипаттадық. Ал оның қилы кезеңі мен арпалысқа толы ғұмырын суреттеу адам жанын шырылдатып, дел-сал күйге түсіреді. Бәрі бақытты көрінуге тырысады. Ол – бақытсыз сәттердің бетін тұмшалау, бетперде тағыну. Батыр деп осыларды айту керек…

Қ.КЕМЕЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: