Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Психологиялық тағдыр» синдромына ұрынған кімдер?

22.06.2020, 12:40 1246

HALYQLINE.KZ

Мына картинның аты «Ніл» деп аталады екен. Бір қызығы, мұражай ішін аралап жүріп алыстан көзім шалып қалып, Ніл өзені емес пе екен деп қасына жақындап барсам, айтқанымдай-ақ екен. Картинаны тамашалап тұрғанымда, Нілге байланысты түрлі оқиғалар еске түсіп кетті. Соның бірі – кішкентайымызда көретін Маисей атты мультфильм. Мультфильмнен бөлек өзіме қатты ұнайтын тағы бір аңыз-әпсана түсті. Оқиға желісін еске алып, біраз ғибрат алдым.

Бағзы бір заманда Ніл өзені жылда арнасынан асып-тасиды екен. Тасығанда өткел бермей, бүкіл қаланы шайып, елді әбігерге түсіреді екен. Тасқыннан шығынға батып, мезі болған жұрт қаладан көшуді жөн көріпті. Сол кезде ел ішінен бір ақсақал шығып, Нілге:

– Ей, Ніл. Құдайдың бұйрығымен тасқалы жатсың ба әлде нашар мінезіңнің қитұрқы әрекеті ме? Егер Құдайдың бұйрығы болса, жол сенікі, қой демеймін. Егер бұйрық болмаса, райыңнан қайт, – депті.

Ніл ақсақалдың сөзіне кілт тыйылып, бұдан былай арнасынан бір қарыс та аспай ағатын болыпты.

Бұл аңыз – қазақтардың адамдарды жөнге салудағы жиі қолданатын классикалық тәрбие әдісі. Яғни, мінезі шатақ, өзін ұстай алмайтын адам оқиғаның астары нені меңзеп тұрғанын түсініп, тез арада есін жиып, жөнге келеді.

Логотерапия ғылымында бұндай «мінезім бар» деп мінезін алға қоятын адамдарға «Психологиялық тағдыр» деп ат берген.

Мысалға, қоғамда ондай адамдарды жиі кездестіреміз. Олар «маған қатты сөйлеуге болмайды», «мен үйдің еркесімін», «сөз көтере алмаймын», «кішкентайымнан бетімді қақпай өсірген» деп өздеріне қорған жасап алады. Әдетте бұндай мінезді адамдар қырсық, айтқанын істететін, біреу қателігін бетіне басып айтса «мен қателесіппін» деудің орнына шыж-быж боп, қолына түскенін лақырып, я айғайға басып, кейде отыра қалып жылай салады. Бұндай қылықтың түбін қазып қараса, бір-ақ нәрсеге тірелеміз. Ол – жауапкершіліктен қашу. Яғни алдына келген ситуацияда қателігін мойындамай, оңай жолмен құтылып шығу. Бір қызығы, бұндай адамдарды қорғап, мінезін қолдайтын бір топ болады. Ол туған-туыстары. «Үйдің кенжесі ғой», «үйдің еркесі ғой», «арамызда осындай бір адам болуы керек», «біз көтермегенде кім көтереді» деген түрлі желеумен ақтап алады. Ал қоғамда ондай мінезді ешкім бағаламайды, көтермейді де. Керісінше аулақ жүреді. Көп жағдайда өз мінезін барлап қалған адам отбасын құруда, өмірлік дос табуда, қызметтік ұжыммен араласуда сәтсіздікке ұшырайды. Сол себепті де осындай қолдан жасап алған мінезінің кесірінен бақытсыздыққа ұшыраған адамдарды логотерапияда «Психологиялық тағдыр» синдромына ұрынғандар деп ат берген. Ондай мінез қолдан жасалғанын қалай білеміз десек, мына оқиғаға құлақ салыңыздар.

Ертеде жас отбасы болыпты. Күйеуі бір ашуланса өзін тоқтата алмай үйдегі ыдыс-аяқ, дүние-мүліктің бәрін шағып, шашып тастайды екен. Әйелі «неге ондайсың» десе, «қайтем енді мінезім сондай, ештеңені көтере алмаймын, осы мінезімнен абай болшы» деп түзелудің орнына мінезін алға тартады екен. Арада тағы уақыт өтіп, күйеуі қайтадан үйді қиратып жіберіпті. Әйелі:

– Болды жетер. Бұдан ары болмайды. Пәленше деген ауылда бір адам бар екен. Сол сенікіндей мінезі бар адамдарды емдейді. Соған барып емделесің, болмаса ажырасамыз деп шарт қойыпты. Күйеуі әйелінің айтқанын жөн көріп, емделуге кетіпті. Барса бір ақсақал отыр екен. Жігітті қарсы алып:

– Ия, жігітім айта бер, неге келдің? – дейді.

– Сізді адамдардың жаман мінездерін емдейді деп естідім. Сол рас болса менікін де алып тастаңызшы. Қолыңыздан келе ме? – депті.

– Келгенде қандай, қазір суырып аламын да анаңнан туғандай қыламын. Қане, әкел, – деп қолын созыпты. Жігіт түсіңкіремей:

– Нені?

– Қазір ғана жаман мінезім бар, алып бер деп бірдеңе деп жатыр едің ғой. Көзіме көрсетіп, шетін ұстатсайшы суырып алайын, – депті.

Жігіт:

– Қалайша ұстатамын, қазір ашулы емеспін ғой? Ол үшін бір себеп керек емес пе? Біреу ызамды келтіру керек деген секілді.

Ақсақал:

– Міне көрдің бе? Адамда ашу-ыза болмайды. Оны адам өзі қолдан жасап алады. Қазір мен саған, «мені жақсы көр, маған жақсылық жаса, маған мейрім төк» десем істей аласың ба?

– Ия, әлбетте.

– Ызаланшы десем себеп керек дейсің. Демек адамның болмысы жақсы нәрседен жасалған. Ыза-кек оған жат. Мінез қолдан жасалғандықтан да оны адам өзі алып тастауға қауқары жетеді. Яғни мінезім сондай, шарасызбын деп ақталуға жол жоқ, – депті.

Жігіт ақсақалға алғысын айтып, жаман мінезінен құтылып, әйелімен бақытты да баянды өмір сүріпті.

Логотерапия ғылымы да адамда агрессия бар деген күннің өзінде оған қарсы тұрып, оған үстемдік етіп, күресе алатыны туралы айтады. Егер адамда ондай қабілет болса онда ызаға булығып, айналасындағыны қиратудың не мәні бар? Сосын, ықылым заманнан келе жатқан «ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», «оң қолың сол қолыңа сабыршы болсын», «бүгінгі ашуыңды ертеңге қалдыр» деген даналықтар адамның бойында агрессияның жоқтығын білдіріп тұр емес пе?! Адам агрессиясын жеңе алғандықтан да оны феномен деп қоғам бағалайды.

Бұның барлығы экзистенциалистердің «адам қайтсе бақытты да баянды өмір сүреді» деген ниеттен шығып жатқан талдаулар. Ыза-кектен аулақ болайық.

Көздер ұмытпасын десең, əдемі киін.

Көңілдер ұмытпасын десең, көркем мінезді бол (Шәкәрім).

Амангелді  МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,

психолог

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: