Жетім – әр адамның жүрегіне ауыр тиетін сөз. Біздің халқымыз жесірді қаңғытпаған, жетімді жылатпаған. Алайда қазіргі таңда ерте жастан қыз баласының құрсақ көтеретіні қалыпты жағдайға айналып барады. Қыз баласы 15-16 жастан бастап тұрмыс құрып жатқаны көптеп кездесіп жатыр. Сол жастық шақтың буымен тұрмысқа шыққан қыздар үлкен өмірдің қиындығына үйрене алмай ажырасуда. Екі жастың ортасында қалған баланың әрі қарай тағдыры не болатыны бізге беймәлім. Баланың психикасына ата-ананың қабылдаған әр шешімі қатты әсер етеді.
«Отбасының қателігінен не себепті бала зардап шегу керек?» деген ойға да келемін. Толық отбасыдан шықпаған бала өзінің бір бөлшегінен айырылып қалғандай сезімде жүреді. Әр баланың ішіндегі сезімі өзіме қатты таныс…
Міне, өзім де ата-ананың қамқорлығынан айырылғаныма 12 жылдай болды. Олардың екі жаққа кеткені маған ауыр соққы болғаны рас. Алайда өмірдің маған дайындап қойған ең ауыр сынағы – анамды өмірден алып кетуі. Суық хабар келгенде мен небәрі 8 жаста едім. Кішкентай ғана бала жүрегі бір нәрсені сезгендей болды. Анашымды ешқайда жібергім келмей «қасымда қалшы» деп құшақтап сүйгенім әлі есімде. Анам балаларды жалғыз жетілдіру үшін, ешкімнен таршылық көрмесін деп, өзін емес, бізді ойлағаннан жұмысына кеткен еді. Уақыт өтті, анамның келетін сағаты да жақындады. Бірақ…
Ұялы телефон шыр ете қалды, арғы жақтан анамның өмірден өткені туралы хабар келді. Жүрегім сол мезетте тоқтап қалғандай болды, көз алдым қап-қараңғы түнек. Өңім бе, түсім бе, әлі де сене алмай, тұрған жерімде құладым. Анам келіп көтерердей болды. Жүрегімде ұмытылмастай қалған ең жаман, ең қорқынышты сәт. Бар ойым әкеме қоңырау шалып, «анамды әкеліп берші» деу болды. Күнде терезе алдында тапжылмай отырып анамды күттім. Жылы бейнесін алыстан да көрмей кеттім. Күндер өтіп жатты. Жаймен көндігіп келе жатқандай болдым. Бірақ мұнымен сынақтар тоқтамады. Анамның өлімінен кейін әкемнің мейірімін іздей бастадым. Ал әкемнен анамның жылы өтпей, «қызым, мен отбасы құрайын деп жатырмын» деген сөзді естідім. Жүрегімнің бір бөлшегі суырылып қалғандай болды. Ештеңе деместен, көзімдегі жасымды ғана көрсетіп қасынан кете бардым. Міне, солай әкем бөлек отбасын құрды. Мен анамның апаларымен бірге өмір сүре бастадым.
Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, әр басқан қадамымнан «жетім баласың ба?» деген сөзді естігенде жүрегім тілініп кетердей сезім орнайды. Бәрі іштей кіп-кішкентай бейкүнә періштенің өзегін өртеп барады. Әке мен анадан сезбеген жылулық махаббат тасжүрек қылардай. Өмірдің қиындығынан жалғыз өту – басына түскен жағдайға көндігу. Басқа отбасының қолында өсу. Ата-ананың тәрбиесін емес, бөтен адамның берген тәрбие жолымен өмір сүру. «Біреудің баласы басқаға туғанындай болмайды» деп бекер айтылмаған. Анаммен сырласып отырғандай бейнені көзге жас алып елестетуге ғана қауқарым жетеді. Өзімнің мектептегі алғашқы балалық махаббат сезімімді, ішімдегі құбылысты, көзімдегі сол кездегі махаббатты анашыммен отырып сырласып айтқым келеді. «Мама, мен ғашық болдым» деп әкемнен тығылып құлағының тұсына келіп айту. Таң атқанша сыр тарқатудың не екенін білмей өстім. Тек кішкентайымнан білетінім, анашымды сағынғаннан «түнде ешкім естіп қоймасыншы» деп екі алақаныммен аузымды басып жылау ғана…
Неге өмір дәл мұндай сынақ берді? «Қалай бұл сынақтан өтсем екен?» деген сан түрлі ойлар бар. Тарыдай ғана өмірде мейірім таппағанда өзіңді сағынып кетемін, анашым! Қазіргі бар мақсатым – биік шыңдарды бағындыру, «анасының қызы ғой» деген сөзді елдің аузынан есту. Аспаннан қорғап жүрген анашымның үмітін ақтап, мақтан тұтса екен деген өмірге құлшыныс ғана…
НӘЗІК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!