…Бастаңғыға жиналған қыз-келіншек, кемпір-сампырдың әңгімесі Биғайша болды. Тәуелсіздік алдық деп, тақиямызды төбеге атып қуансақ та, нарықтық экономика желкеден басып, жұрт жаппай ала дорба арқалап, базар жағалап кеткен шақ. Ал бұлар бір уақ көңіл көтеруге уақыт тапқан.
Төрде отырған қара кемпір екі-үш айда бір жиналатын бұл отырысты «бастаңғы» дейтін. Содан көпті көрген көнекөз кейуананың сөзімен осылай аталып кетті. Ал мұндай кешке ауылдың қыз-қырқыны, қатын-қалашы түгел жиналатын.
– Әй, естідіңдер ме, Биғайша өмір бойына бас бостандығынан айырылыпты ғой? – деп сөз бастады толықша келген сары әйел.
– О, тоба-ай!.. Оның бірінші күйеуі де қылмыс жасап, өмір бойына бас бостандығынан айырылған. «Ұзынқұлақтан» солай деп естігенмін, – деп білгішсінді Бәтима.
– Екі баласынан айырылды. Бірін түсіріп алды, бірі туа сала шетінеп кетті. Бірінші күйеуінен туған баласы болса он бесте. Көз тимесін деп атын Ұлтарақ қойған екен. Енді оған не болады? – деп шай құйып отырған Жәмилә ернін сылп еткізді.
Дастарқанда екі жерден қант, екі жерден май қойылған. Себелей шашылған майға піскен бауырсақ. Етке картобы мен асқабақ, пиязы көбірек қосылған манты. Сол заманда мұндай дастарқан жиі жайыла бермейтін. Жұрт бидай тапшы болғандықтан, жүгеріні қол диірменге тартып, нан пісіретін. Жүгері ұнынан иленген қамыр созылып, былжырақ болғандықтан, ожаумен табаға жұқалап ғана құйып, тезек шоғына пісірілген нан бидай ұнымен салыстырғанда қаттылау, сырты да бұжыр-бұжыр болатын. Ауылда «атала» дейтін тамақ мәзірге қосылды. Көп үйде кешкі асқа суға аздап сүт қосып, оған ұн шылап, атала пісіру әдетке айналғалы қашан…
Тыныштықты шай әперіп отырған бұзық Күлтай бұзды.
– Сұлу Биғайшаның не үшін сотталғанын білесіңдер ме? Әлгі әкімнің бірінші әйелінен қалған кішкентай екі қызы бар ғой, сол екеуін қасына отырғызып алып, етті әдейі құрттатып, құртты құлақтарына салып…
– Тәйт! Онысы несі!.. Қайдағыны айтпай, тыныш отыр. Өзі де бала тәрбиелеп отырған әйел. Ондайға баруы мүмкін емес! – деп, тыйып тастады қара кемпір. Ішінен бұл ақпардың шын екенін жүрегі сезсе де, жас келіндер мұндай жауыздыққа бармасын деген сақтығы болатын.
Күлтайдың дымы шықпай, жым болды. Бұл жолы үнсіздікті ешкім бұза алмады. Өгей шешенің екі қызды шырылдатып, жамандыққа қиюы мүмкін бе?.. Бәрінің көкейінде осы сұрақ тұр. Иісі мұрынды жарып, тәбетті ашқан мантыға ешкім қол созбады…
***
Көп ұзамай ауыл әкімі Тұрар қос қызын бірдей жер қойнына тапсырды. Осы оқиғадан кейін ешкім екінші рет әйел алып, өгей шешеге ұл-қызын бақтырмастай болды. Өмір бойы бас бостандығынан айырылған сұлу келіншектің соңынан ешкім іздеп бармады. Биғайшаны аузына алған адам да жоқ.
Шешесі түрмеге қамалған соң, Ұлтараққа сол ауылдан ұлтарақтай жер бұйырмады. Оны өзге бір облыста тұратын ауылдағы нағашылары келіп алып кетті. Тұрар болса, араға жыл салып, тағы үйленді. Мансабы өсіп, атағы жер жарып, байлықтан басы айналардай жағдайы болса да, отбасылық өмірі азапқа айналғандай еді. Қырықтан асқан, отырып қалған кәрі қызды достары жабылып жүріп таныстырды. Көрші ауылдың қызы өте ибалы болып шықты. Көп ұзамай Сәлима Айданадай тәп-тәтті қызды дүниеге әкелді.
Уақыт шіркін жүйрік ғой. Арада аттай алты жыл өтті. Тұрар күндіз-түні Айданасын мойнына мінгізіп алып, бар уақытын баласына арнайды. Қартайғанда жаратқан бере салған тәтті қызынан ештеңесін аяған емес. Бұл кезде бірлі-жарым болмаса, халық еңсе көтеріп, ел экономикасы бір қалыпқа түсіп келе жатқан кез.
Қызылорда облысында жаздың күні ми қайнатар шіліңгір ыстықта көшеде адам болмайды. Күн төбеден ауғанда барып, ауылға жан бітеді. Сәлима да қызын ұйықтатып, тоқ шәйнекке шай қоймақ болып орнынан тұрды. Қан қысымы көтерілді ме екен, басы мең-зең болып, құлағы шыңылдап тұр. Шәйнекке ожаумен су толтырды. Сол кезде тоқ шнурына су төгіліп кетті. Оны өзі байқаған жоқ. Тек тоққа қосқанда барып, кері ұрған тоқтың күшімен сонадайға ұшып барып, жалп ете қалды.
…Сүт сұрай келген көрші Майра ес-түссіз халде сұлқ жатқан Сәлиманы көріп ойбайға салды. Ұйықтап жатқан бала тұрмақ, бүкіл ауылды басына көтерді. Көп ұзамай көрші-қолаң түгел жиналған. Жұмысынан жүрегін шүберекке түйіп, жүгіріп жеткен Тұрар әйелінің өлі денесін құшақтап аңырап, отырып қалды.
Ертеңіне туған-туыс, ауыл-аймақ болып жаназасын шығарып, ауылдан тысқары орналасқан қорымға апарып жерледі. Үйілген топырақты сипалап, үнсіз қалған Тұрарды туыстары теңселте бастырып, үйіне әзер алып келді. Бір емес, үш рет үйленді. Үшеуінде де жолы болмады. Бірінші әйелі ауыр сырқаттан қаза болса, екіншісі адам кейпіндегі жауыз, жалмауыз болып шықты. Алғашқы әйелі Ақмаралдан аманат болып қалған моншақтай ғана екі қыздың ажалына себепші болған сұрқия Биғайшаны екі өмірде де кешіре алмас. Енді, міне, Сәлимасы тағы тастап кетті. Не деген жолы болмайтын, бағы ашылмайтын жан еді…
(Жалғасы бар.)
Айгүл ӘЖІБАЕВА,
Kazislam.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!