Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ГЕСТАПОДАҒЫ БІЗДІҢ АДАМ немесе Штирлицтің прототипі

05.11.2020, 9:50 1262

HALYQLINE.KZ

1941 жылдың 19 маусымы бейсенбіде, Германиядағы совет елшілігінің атташесі Борис Журавлевтің кабинетіндегі екі телефон бірінен соң бірі шырылдап қоя берді. Екеуіне де жауап бермей телефон трубкасын тастай салды. Бұл НКВД-нің Берлиндегі резиденті Б.Журавлевке берілген шартты белгісі еді. Бұл А/201 «Брайтенбах» агентінің төтенше кездесуге шақыруы еді. Олар Шарлоттенбургcкий шоссесіндегі шағын орындықта кездесті.

Бұл жасырын агент гестапо офицері оберштурмфюрер Вилли Леман еді. Кездесуге келген Вилли қобалжулы еді.

– Соғыс!

– Қашан?

– 22-дегі жексенбіде, таңғы сағат 3-те. Оңтүстіктен Солтүстіктегі шекара бойынша бір мезгілде соққы беріледі.

Бұдан кейін А/201 «Брайтенбах» байланысқа шыққан жоқ. 1929 жылы Берлин полициясының саяси бөлімінің қызметкері ВиллиЛеман ОГПУ-дің сыртқы барлау органына өз еркімен қызметін ұсынды. Россияға оның бүйрегі бұруының себебі бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қиыр Шығыстағы герман әскери кораблінде әскери міндетін орындаған кезде, Цусими шайқасын көзімен көргенде, орыс броненонец моряктарының Андреев туын түсірместен су түбіне батқанын көзімен көріп, олардың жауға берілгенше өлімді қасқая қарсы алғанын өмір бойы есінде сақтап қалды.

Екіншіден, Леман СС-тің гауптшурмфюрері болса да, нацистерді іштей жақтырған жоқ. Кейін ОГПУ-дің ұсынысымен әуелі СС-ке, сосын нацистер партиясы НСДАП-қа кірсе де өз көзқарасын өзгертпеді. В.Леман туралы «Ұлы мәртебелі агент» деген кітабын жазған тарихшы Теодор Гладков: «Леман совет барлау органдарына қызмет ету барысында нағыз идеялық жағынан шындалған антифашистке айналды» дейді.

Үшіншіден, ақша үшін барлаушы болғанын жасырған жоқ. Ақша Леманның сүйікті жары Маргарет және одан да сүйкімді көңілдес ашынасы Флорентина үшін қажет еді.

СССР-дің барлау органдарына 12 жыл бойы қызмет еткен жылдарында Вилли Леман Германияда жасалынып жатқан 14 жаңа қару-жарақ туралы құнды мәлімет берді Осы құнды мәлімет бойынша совет инженерлері «Катюша» қондырғысы мен Ил-2 штурмавикке арналған реактивті снаряд ойлап әрі жасап шығарды. Бұдан басқа Леманның арқасында Москвадағы Лубянкідегі чекистер көптеген кәсіби барлаушыларды әшкерелеп тұтқындады.

Өкінішке қарай, А/201 «Брайтенбах» агентімен байланыс үзіліп қалды. Берлиндегі онымен байланысқа шығатын НКВД-нің резиденті Александр Агаяннің асқазанындағы ойық жарасы асқынып өліп кетті. Ал, оның орнын басатын, яғни Виллиді танитын барлаушылар 1937-1938 жылдардағы репрессияда атылып кеткен болып шықты.

1940 жылы Вилли Леман басына қауіп төндіре отырып Берлиндегі совет елшілігіне мынадай хат жазып почта жәшігіне салып кетті: «Менің қызметім жоғарылады, сондықтан мендегі мәліметтер орталыққа өте қажет деп ойлаймын».

Гестапо Берлин полициясының саяси бөлімі негізінде құрылған болатын, сондықтан 1929 жылдан бастап жұмыс істейтін Вилли автоматты түрде гестапоға ауыстырылып. оберштурмфюрер шеніне дейін өсіп ешқандай да күдік туғызбады.

Леманмен байланыс 1941 жылы қайта орнатылды да СССР-ге басып кіретін мәліметті беріп үлгерді. Соғыс басталып Берлиндегі СССР елшілігі көшірілген соң байланыс қайтадан үзілді. Орталық Леманмен байланыс орнатпақшы болып талай агенттерді жібергенмен гестапо қолына түсумен болды.

1942 жылы соңғы рет байланысшы жібергенде Леманмен бірге қолға түсті. Ұлты неміс коммунист майданнан жараланған вермахт солдаты болып демалыста жүрген болып Леманмен байланыс орнатқанмен, гестапо қолына түсті, адам төзбейтін азаптауға шыдамай Виллиді ұстап берді.

Гестаподағылар айлыққа дейін қарызға ондаған марка беретін өздерінің «сүйікті Вилли ағайы» совет тыңшысы болып шығуы барлығының төбе шашын тік тұрғызды.

Бәрінен де бұрын гестапо бастығы Генрих Мюллер есінен танып қала жаздады. Күнделікті Империя Қауіпсіздік Бас Басқармасының коридорында «Хайл Гитлер» деп амандасып жүретін оберштурмфюрер Вилли Леманның совет барлаушысы екенін НСДАП басшылары Адольф Гитлер мен Мартин Борман білсе өзі басынан айырылмаса да, орнынан ұшатынын білгендіктен ешқандай тергеусіз бірден атқызып тастатты.

Ол небәрі 57 жыл өмір сүрді, дөңгелек жүзді, күлімдеп тұратын оны орталықтан келетін байланысшылар да, гестаподағылар да жақсы көріп өздерінің досы ретінде қатты сыйлайтын.

Москвадан алатын ақшасын ол көбінесе Берлин ипподромындағы бәйге аттарына тігетін. Леман қант диабетімен ауырғандықтан орталық оған ірі көлемде марка бөлгенде, барлығын ат бәйгесіне тігіп жіберді. Бұл жолы сәтін салып ірі ұтысқа ие болғанмен, алып үлгіре алмай гестапо құрығына ілінді.

Совет әдебиетінде детектив жанрында өндіріп жазған ең танымал жазушы Юлиан Семенов, өмірде болған алғашқы чекистердің бірі шетелде жұмыс істеу үшін Максим Исаев деген жалған атпен белгілі барлаушы В.Владимиров туралы «Пролетариат диктатурасына арналған бриллиант» деген роман жазған болатын. Оқырмандарға ұнағаны соншалық олар Исаев туралы кітаптың жалғасын жазуды талап етіп он мыңдаған хаттар жазды.

КГБ-нің төрағасы Ю.В.Андропов өмірде Вилли Леман деген барлаушы болғандығы туралы идея тастайды, одан әрі КГБ-нің архивіндегі ізденіс, оқиға желісін сол кездегі оқиғалармен байланыстырып ойдан құрастыру арқылы Леманды өлтірмей «Көктемнің 17 сәті» деген туындыны жазып шығарады. Кітап кейіпкері штандартенфюрер (полковник) Отто фон Штирлиц (Исаев-Леман) жазушының шеберлігімен өмірде гестапода емес, Германия Империясының Қауіпсіздік Бас Басқармасының 6-шы басқармасы, яғни шетелдік барлау жұмысын ұйымдастыратын СС бригаденфюрері Вальтер Шелленбергтің оң қолы болып шыға келді.

Бұл фильмді өз саяжайында бірінші болып көрген КПСС ОК Бас хатшысы Л.И.Брежневке қатты әсер еткені соншалық, барлаушы Исаев-Штирлицке Совет Одағының Батыры атағын беріңдер дейді. Бас хатшы Л.Брежневті бұл ойдан құрастырылған жиынтық образ екенін айтып ренжіткісі келмей, естеріңізде болар «Көктемнің 17-ші сәті» фильмінің соңғы сериясына режиссер Т.Леознова қосымша көріністі түсіріп қосады, орталықтан келген резидент Максим Исаевқа Совет Одағының Батыры атағы берілгендігін айтады, ал актер В.Тихонов Социалистік Еңбек Ері атанды. 1974 жылы СССР халық артисі атанды, «Доживем до понедельника» фильмі үшін СССР Мемлекеттік сыйлығын, «Ақ Бим, Қара құлақ» фильмі үшін Лениндік сыйлықты алды. Барлаушы Штирлиц-Исаев ролі үшін КГБ-нің сыйлығын, НКВД-нің майоры Мльинский ролі үшін МВД сыйлығын және осы екі органның құрметті қызметкері атанды, ертеректе «Дело было в Пенькове» фильміндегі Матвей Морозов ролі үшін ВЛКСМ сыйлығының лауреаты атанған болатын. Бойы 185 см сымбатты В.Тихоновты СССР-дегі бүкіл әйелдер қауымы жақсы көргенмен, әйелдерден аузының салымы болмады, ұлы ақын Мұхтар Шаханов:

«Әйел біздің тағдырымыз,

Тағдырымыз болған соң,

Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз» – дегендей екі рет үйленсе де, маңдайының бағы ашылмады.

1948 жылы режиссер С.Герасимовтың «Жас гвардия» фильміне Нонна Мордюкова екеуі түсіп, сол жылы үйленіп 1963 жылы ажырасып кетті, өмір бойы екеулері бірі-бірінің көзіне шөп салғандығын айтып айыптаумен өмірден өтті. 1950 жылы дүниеге Владимир атты ұлы келді, келіні атақты «Кавказ тұтқыны» фильмінде Нинаны ойнаған Наталья Варлей болды, Владимирдің өзі киноға түсіп елге танылып келе жатқанда қайтыс болды. Себебі, ата-анасының ажырасуы баланың жүйкесіне қатты әсер етіп, 14 жасынан бастап араққа салынып іше бастады, кейін наркотик қолданатын болды, ақыры клиникада өмірінің санаулы күндері қалғанда Н.Мордюкова мен В.Тихонов Владимирдің кроваты жанында кездесіп қалғанда: «Екеулерінің бастарынның бір рет қосылуына менің өлуім қажет болған екен ғой» деген ұлының соңғы сөзін естіген болатын. СССР халық артисі Н.Мордюкова 2008 жылы қайтыс болды.

1967 жылы В.Тихонов француз тілінің маманы Тамара Ивановнаға үйленді, 1969 жылы Анна есімді қызды болды. Адамның бағы ашылмайын десе, маңдайының соры бес елі болады екен ғой, аузы күйген үрлеп ішеді дегендей, жасы 39 келіп ақылы толысқан шақта енді қателеспеген шығармын деп үйленген Тамарасы талантты әрі танымал артисті табанының астына салып таптады. «Бейшара Штирлицтен» (ұрысқанда қатынының айтатын сөзі) күні бойы қайда және кіммен болғандығы туралы күнделікті жазбаша түсінік алуға дейін барды. Себебі, Тихоновты бүкіл СССР-дегі әйелдердің сүйікті актері болғандықтан қызғанып әрі сенбейтін. Қызы Анна да шешесіне сай болып шықты, әкесінен сұхбат алуға келген тележурналистерден қомақты ақша сұрайтын болды.

Жалпы, В.Тихонов СССР-дегі қайта құру саясаты мен демократиялық үдерістерді қолдамады, кешегі өзі сенген идеялардың аяқасты тапталуына наразы болып, ВГИК-тегі жас актерлерге арналған өзінің шеберлік сыныбынан бас тартып жаптырып тастатқызды. Жасы 70-ке дейін шыдап келген соң, Тамараның тұтқынынан құтылғысы келіп, заңды түрде ажыраспаса да, Москвадағы кең пәтерін өзара келісіп қатыны мен қызына тастап, өзі Москва өзені бойындағы «Николиной Горадағы» саяжайында жалғыз өзі елден оқшауланып өмір сүрді, режиссерлер тарапынан киноға түсіруге қанша шақырса да «менің дәуірім өтті» деп сыпайы ғана бас тартумен болды, кейін режиссерлер де ұмыта бастады. Вячеслав Василийұлы Тихонов 2009 жылы 81 жасында қайтыс болды.  

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

тарихшы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: