Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дүние – кезек

10.04.2025, 5:30 72

HALYQLINE.KZ

Бұл кемпір бізге ажалын қарсы алуға келген. Анығында оны бізге жиен інісі әкеп салды. Бойшаң, түрі сұсты, күш-қуаты тасқындап тұрған жігіт, өзін ерекше жақсы көретіні көрініп тұр. Сұхбаттасу кезінде өзі де соны тиянақтады: «Сендерде өле берсін, ондайға еттерің өліп кеткен ғой. Бірақ ескеріп қойыңдар, ол – шектен шыққыш».

Шектен шыққыш кемпір орындықта аяғын салбыратып, жымиған күйі терезеге қадалып қапты. Етжеңді, өмір әбден тұқыртқан жиен інісінің әйелі кемпірдің шабадандарын алып кірді де, қақ ортада тұрып қалды. Жиен інісі бөлменің ортасына кеп, маған өзінің ұстанымын салмақты күйде түсіндірді.

– Менің тәтем соңғы күндерін өзі сияқтылардың ортасында өткізгісі келеді, – деді ол тәтесіне көзінің қиығымен қарап қойып. Зайыбы қызарақтап кетті де, басын изеп, мұрнын тартып қойды.

– Бүгінге дейін бізбен бірге бір үйде тұрды, үй оның атында, – деп, жиен інісі қайтадан кемпірге қарап қойды. Зайыбы басын изеп, бозарып кетті.

– Бұдан былай оған қамқорлық жасай алмаймыз. Қалаймыз… Хм… Бірақ жасай алмай тұрмыз… Өте жұмысбастымыз… Хм… Арамыз суынып, жағдайы күрт нашарлап бара жатқандықтан. Менің не дегім келгенді түсіндіңіз бе?

– Кімнің жағдайы нашарлап бара жатқандықтан? – деп сұрадым мен.

– Пациенттің, – деп түсіндірді пальтосының түймелерін түймелеп жатқан жиен інісі. Зайыбы басын изеп тұрып жұтынды. Жиен інісі зайыбына ала көзбен қарады. Анау ұялып, қызарақтап кетті. Күйеуі басын изеді.

– Арасында кеп тұрамыз, түсіндіңіз бе?

– Түсіндім.

– Сөзімді аяқтамадым! Аптасына бір рет кеп тұрамыз. Одан жиі келе алмаймыз. Өйткені өте жұмысбастымыз. Шабаданда киім-кешегі. Бәрі жеткілікті. Өзі жинастырған. Заттары жаңа емес, бірақ оның ақырғы сәтіне дейін жетуі тиіс. Оның жағдайында үлде мен бүлдеге ораудың қажеті шамалы.

– Кешіріңіз, тәтеңіздің дәм-тұзы қашан таусыларын қайдан білесіз? – дедім қырылдаған дауыспен. – Дәрігер ме едіңіз?

– Мен – маклермін! Жылжымайтын мүлікпен айналысамын! – деп мақтанды әлгі жиен.

– Тәтеңіздің жылжымайтын мүлікке еш қатысы жоқ қой, – деп, аяғын салбыратып бір-біріне соғып отырған кемпірге қарадым. – Мүлде керісінше сияқты.

– Оның екі ай өмірі қалды. Ары кетсе, жарты жыл. Бірдеңе білетін дәрігер менің сөзімді мақұлдар еді.

Маклердің зайыбы басын изеді. Өзі бозарып тұр.

– Яғни, тәтеңізді дәрігерлер қарамаған болды ғой?

– Білетіндері қарамады. Оның үстіне тәтем соңғы күнге дейін жалпы дені сау болды. Хм! Егер сұрақ туса, қоңырау шалыңыз. Телефон нөмірімді қалдырдым. Сау болыңыз! – деді де жиен шығып кетті.

– Сау болыңыз, – деп сыбырлады зайыбы күйеуінің соңынан шығып бара жатып.

– Уфф… Құдайға шүкір! – деп тіріліп қалды кемпір. – Кетті-ау ақыры!

– Кешіріңіз… – дедім. – Аздап… Ыңғайсыздау болды…

– Қыңқ етпеңіз, мен үйренгем, – кемпір қолын бір-ақ сілтеді. – Ақымақ ол. Әйелі де – таза топас. Өзімнің балам болмады. Құдай бермеді. Мен осыларды қолыма кіргізіп ем кезінде. Сөйтіп естерін жинап еді. Қазір қоңданды. Сіз оны тыңдамаңыз.

– Түсінікті.

– Ол мен кетсем үй өзіме қалады деп ойлайды.

– Мен түсіндім.

– Үй түгіл бәле де жоқ оған. Үйді көршілерге сатып жібергем. Ақшаның жартысын жұмсаймын, жартысын көршілеріме берем. Бір күн болмаса, бір күні жұмсар. Немересі тамаша қыз. Ертең келеді. Өзіңіз көресіз. Мынау аш қасқырға дым да жоқ. Әлі айтпадым. Тосынсый күтіп тұр оны!

– Әккі екенсіз! Заттарыңызды реттеп берейін бе?

– Жо-жоқ! Бәрін қоқысқа таста. Оның айтқаны рас, мұндағының бәрі ескі-құсқы. Мұндай киім кисең, өле салғың келетіні рас, – деді кемпір. – Ананың көзінше жинағансыдым. Миымды ашытпасын деп. Бәрін қоқысқа таста. Ертең көрші қызым менің заттарымды әкеп береді. Әдемі заттарымды! Бірге жүріп сатып алғанбыз. Әзірге өлуге дайын емеспін. Сондықтан әдемі киінгім келеді. Мұнда кофе ішетін жер бар ма? Бөрек жегім келді! Міндетті түрде бір тілім бөрек!

Автор: Григорий Беркович

Аударған  Шынар  ӘБІЛДА

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: