Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір үйдің тағдыры

30.01.2025, 7:30 70

HALYQLINE.KZ

– Бізден екі көше әрі бұрыштағы үйді көрдің бе? – деді жолдасым.

– Жоқ, қарамадым, аманшылық па?

– Балалық шақтағы досымның үйі еді, орны тып-типыл боп жатыр, анасы да дүние салған-ау…

Жанарының ұшына жиналған жасты алақанының сыртымен сүртті де… үнсіз қалды. Ештеңе демедім. Бір ауыр ойдың үстінде отырғанын түсіндім. Сәлден соң әлгінде үзілген әңгімесін қайта жалғады.

«С.-мен бала кезден бірге жүрдік. Екеумізді мотоцикл мен мопедке деген қызығушылық біріктіретін. Ол кезде ұялы телефон жоқ, ұлдар, жалпы жігіттер қауымы магнитофон, гитара, мопед дегендері ермек ететін. Біз де көшеде жаңа мопед мінгендерді көрсек, аузымыз ашылып, кереметтігіне көзіміз жұмыла таң қалатын едік. Уақыт оза жеке мопедіміз пайда болды. Желмен жарыса жүйткиміз. Үйде әрине, «жай айда, абайла!» дегенді әке-шешеміз айтады ғой, бірақ, оларды тыңдайтын біз бе?! Жастықтың буымен желігіп, өзіміздің «крутой пацан» екенімізді дәлелдегендей одан әрі құйғытатынбыз, қыздарға қырындап, «кожак» курткаларды киіп, кеудені керіп жүрдік қой. Досымның ағасы «челнок» еді (90-жылдары ала дорба арқалайтын саудагер), талай джинс шалбар, былғары күртешелерді сататын, әрине, маған өз бағасына беретін. Құдды бір сәнді журналдың мұқабасына шығатындай боп, шырттай киініп жүрдік. Талай қыз-қырқынның арманы да болған шығармыз?! (ностальгия боп көзі жылтырап кетті).

Күндер өтіп жатты. «Кімнің мопеді жоғары жылдамдық алады» деген ұранмен ал кеп жарысамыз. Шешем айтпақшы, «Шошаңдаған шортандар жолдың шұқанағына ұрынасыңдар» деп. Ұрындық. Жол-көлік апатына түстік. Мен басымнан қатты соққы алдым, ал досымның аяғы сынды. Ата-аналарымыз бізге: «Ойындарың осылған деген осы шығар, мопедті қойыңдар!» деді. Әкелеріміз тығып та қойды. Желіккен біздер тыңдаймыз ба? Ол кезде өмірдің қадірін білетін халде емеспіз. Ауруханада шала-шарпы емделіп, қашып шықтық. Ішіміз пысып, мопедтер тығылған көршінің гаражын тауып, қайта әдетімізге бастық.

Досымның үйінде байқағаным: әке-шешесінің көңіл қошы жоқ. Сөйтсем, тауарға кеткен үлкен ұлынан хабар алмағалы бір айдан асыпты. Әкесі милицияның, ал анасы небір құмалақшы, балгердің табалдырығын тоздырды. Ешқандай хабар жоқ. Ешкім ештеңе білмейді. Бір құмалақшы: «балаңның жастығы үйіне түспей тұр, күдеріңді үзесің-ау…» депті. Бірге сауда-саттық қылатындар да әлгі жігітттің әке-шешесімен шешіліп сөйлесе қоймайтын. Не де болса бір сұмдықтың болғанын үй іші сезді. Бір күні белгісіз біреулер «Ол енді жоқ. Өмір ғой, не шара? Мына ақшаны алыңыздар, аз да болса көмегіміз болсын» деп қағазға бас әріптермен жазып, есіктің алдына газетке орап тастап кетіпті. Денесі табылмады сол күйі. Хош, ағасы хабар-ошарсыз кеткендердің тізімін толтырды. Біздің мұңсыз күндеріміздің нүктесі осылай қойыла бастады. Досым қатты қапаланды, үйіне сыймай кетті, мопедке мініп, ішкі шерін желмен жарысып шығарып жүрді, жастық ақымақтық қой біздікі. Түнімен бірге жүйткідік. Таң ата «КамАЗ»-ға соқтық. Қалғаны есімде жоқ…

Ауруханада досымның енді бұл өмірде жоғын естідім. Өзім жансақтау бөлімінде бір ай жаттым. Кейін әкесінің жүрек дертінен көз жұмғанын білдім. Анасы жалғыз тұратын. Кейін бетім бері қарап, олай-былай өткенде соғып кететінмін. Мені көрсе, шеше байғұс еңкілдеп жылайтын, ондайда өзімді қоярға жер таппай дал болатынмын. Тіпті десең, кінәлі өзім сияқты күйге түсетінмін. Кейінгі кезде апамыз үйінде бола бермейтін. Көршілерінен «ол кісі бейітке жиі баратынды шығарды» дегенді естідім.

Енді… Досымның анасы да келместің кемесіне мінген-ау… Үйлерін іргетасымен қоса сүріп тастапты. Ақырғы сапарға көршілері аттандырған болар, олардың басқа туысы жоқ еді… Олай-былай өткенде «Досымның үйі» деп жүретін едім, енді…».

Ол терең күрсінді. Бір үйдің, бір отбасының тағдырының ақырғы нүктесі қойылыпты… Бұрын қазақ «қара шаңырақ қаңырап қалды» деп осындай көріністі айтса керек…

Үйіңіздің оты сөнбесін!

Айнұр  Тұңғышбаева,

журналист

Көрнекі сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: