Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ананың қарғысы

29.08.2020, 17:00 1364

HALYQLINE.KZ  Кейде адамзат баласы өмірінде болған жайсыз­ оқиғаларды тағдырына теліп, өмірге өкпесі қарақазандай жүретіні бар. Шынтуайтына  келгенд­е  сол  тағдырдың жасампазы өзі екенін ұмытады. Кінәні өзгеден іздеп, өз басын арашалап­ қалу – пенделіктің бір сипаты. Барша адамны­ң бойындағы осынау бір «қасиет» кінәнің жүгін көтеруге мұрша бермейді.

Талғаттың ендігі өмірі арбаға таңылып өтеді. Дәрігерлер солай депті. «Ұрлық түбі – қорлық» дегенді құлағына да ілмеуші еді. Табиғаттың шеберлігі арқасында жұмыр жерді допша тепкен оның бүгінде өкінбеске амалы қанша? Әкенің де, шешенің де сөзіне ден қоймайтын Талғат кімге өкпелесін? Ата-ана баласына ешқаша­н жаман­дық ойламайды. Ол бәрін кеш түсінді.

Күн арқан бойы көтерілгенше ұйықтап, түн қимылдайтын Талғаттың әдеті еді. Астына мінген «ГАЗ-52» жүк машинасы оның Тайбурылы іспетті. Кеш батысымен құйындатып жүргені. Әкесінің қан қысымы көтеріліп, өмірден озғанына қаймыққан бұл жоқ. Қос ананың – туған шеше мен әжесінің шонжар ұлы қиқар мінезімен ауыл жұртшылығына ұнамайды, тіптен. Өркөкіректігіне себеп болған атадан қалған мал мен даңғарадай үй желігін желпінтіп жүр. Мұның достары тек шишалас бауырлары ғана емес, ым-жымы бір, мінездес біреулер. Олардың аңдығаны – қараусыз қалған біреудің тұяқтысы, бағдарсыз қалған қора-қопсысы. Тек өз ауылының түлігін ғана емес, көрші ауылдардың да малына қырғидай тиген Талғаттың тобын қылмыс үстінде көрген ешкім жоқ. Бірақ, мал ұрлығының сыбысы­ шықса, Тәкеңнің аты да қоса шығады. Төрт түлікті ебін тауып қармағына түсірсе, шалғайда жатқан малшылар ауылынан бірақ шығарады, не облыс асырып жібереді.

Бүгін Талғат күн ұясына батпай-ақ шала мас, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып келді. Соңғы уақытта қанжығасы майланбай жүр. Жұрт біткен малын қараусыз қалдыруды қойған. Тасы өрге домаламағасын арақтың түбін түсіріп жүрген жайы бар. Үйге кірместен, есік алдындағы дөңгелен­ген алты қанатты боз үйге енді. Мұнда әжесінің болатынын біледі. Кәрі ана аяғының сыр бергеніне қарамастан, қолындағы ұршығын ермек етіп күн ұзақ қараша үйді паналайды. Немересін­ің келгенін аңғарған Жұмакүл есік жаққа бір қарады да, ұршығын одан әрі ойнақ­татып отыра берді. Талғаттың не себепті келгенін білгенімен, ләм-мим демеді.

– Әже, қалтаң қомпайып кетіпті ғой. Сірә, шала байығанбысың?

– Е… – е, балам-ау, елім қанша жылғы еңбегімді елеп, ай сайын сол еңбектің зейнетін алуды бұйыртыпты ғой маған. Қалтама түскені сол, өзге ештеңе жоқ.

– Немереңе бірдеңе бұйырар ма екен?

– Айналайын-ай, соқталдай азаматсың. Өзің­мен қатарлар жұмыс істеп, ақ адал еңбегімен тұрмысын түзеуде. Сенің маған алақан жаюың қалай?

– Әже, – деді булығып. – Менің оларда шаруам­ қанша? Менің еңбектен ұпайым түгел. Маған беретінің болса берсей.

Жұмакүл ұршығын иіріп, үнсіз отыра берді. Талғаттың айтқандарына пысқырып та қарамады.

– Әже, бересің бе, бірдеңе? Бергің келмей ме? Шаршап жүргенде ұлдарыңа қолдау білдірмейсің бе?

– Пәтшағар, құры көзіме көрінбей! Сенен қалды ғой басым бәлеге.

– Солай ма?!

Көзі қанталап кеткен Талғат кереге басында ілулі тұрған қамшыны қолына алып, қарт ананы осып жіберді. Жұмакүл бетін басты да, дымын шығармастан қисайып жатып қалды. Талғат өршеленіп қамшыны ойнақтатуда. Құдды жүн сабағандай екіленеді. Қолындағы қамшысын тастай­ салып, әжесі киген камзолдың қалтасынан беторамалға түйілгенді алды. Ана қарсы­ласпады. Немересі қолындағысын қалтасына тоғыт­ты да, тысқа ұмтылды. Жұмакүл үнсіз ғана жылап қалды. Күн ұясына қонғанда Талғаттың анасы келді. Енесінің қараша үйде өзімен-өзі сөйлеп жүргенін естіп, секемденді. Дереу ұмтылып­, алты қанатты үйге енгенде енесінің көй­легін шешіп жатқанын аңғарды. Арқасы қан-жоса болған қарт ананы құшақтай алып, егілді. Ақерке де бұл істің Талғаттан келгенін білді.

Сонан Талғат үш-төрт күн үйге соқпады. Қос ана оны іздемеді де. Ұлының жол апатына ұшыраға­нын Талғаттың достарынан білді. Ана байғұс қаралы хабарды естіген соң, баласы жатқан­  аудандық  емханаға  жөнелді.

Ананың қарғысы тиді ме, әлде өмірге олқы қарады ма, енді Талғаттың арбаға таңулы өмірі өтеді. Бірақ, тағдырын кінәлап, қос аяғынан айыр­ған өмірге өкпелейді…

Д.САДЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: