Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аяусыз тағдыр

16.08.2020, 15:00 1378

HALYQLINE.KZ Көктемнің тұңғиық түні. Кешегі жауыннан Жер Ананың ажары кіріп, төскейі сөгілген. Жасыл-желекке оранға­н далада жұпар иіс аңқиды. Құм төбелердің маңы тіптен керемет. Жауыннан соң көтерілген  жабайы  жуа  қаулап өскен. Көк жүзін шарлаған қазбауыр бұлттар жұлдыз­дардың бетін жауып тастапты. Сонда да бұлттың селдір тартқан тұсынан жұлдыздар жымыңдасады. Ауыл маңындағы көл де керемет күйге енген. Оңтүстіктен ұшып жеткен аққулар айдын бетінде бақыт пен арманы жарасқан қалпы қалқиды. Тұмсығын қанатының астына жасырған сұлулық нышандары бұл маңға сезім нұрын сеуіп тұрғандай.

Осындай таңғажайып сырын тысқа атқан табиғат баурайында көңілі құлазып, астан­-кестені шыққан бір жан жүгіріп келеді. Басындағы орамал­ы желбіреп, даланың төсіне ұмтылған әйелді «кері қайт» дегендей артқа қарай нұсқайды шашағымен. Жанарынан тамшылаған жасты жеңі­мен сүрте салып, төбе-төбені қуалаған жанды көрген адам есінен адасқан деп ойлар, сірә. Тағдырының толқындарына шыдамай қашқан бейбақ деуі де мүмкін. Бірақ, жүрегі қан жылаған келіншек даладан байыз таппақ. Ауылдың қым-қуыт тірлігі емес оны шаршатқан. Отбасының әуресі, арқасүйер ардағым болар деген жа­рының озбырлығы. Қайда бармақ ойы барын өзі де ұғынбайды­. Даланы жалаң аяқ кезіп, Асан қайғы таппаған жерұйықты тауып­, соны паналамақ. Оның түсінігінде жұмақ та – сол жерұйықтың қойнауында. Тез қа­шып құтылса болғаны. Мына өмірдің сынағына енді төзбесін білді анық. Бетіне соққан самал жел оның жанарынан тамған ыстық жасты өбуде.

Айым жұмыстан шаршап, шалдығып үйге енген беті болатын. Күні бойы ауыл балала­рына екпе жүргізген жас дәрі­гер үйге құр сүлде келді. Киімін ауыстыр­мастан кешкі астың қамына кіріспек ниеттетін. Төргі бөл­ме­ден аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан күйеуін көріп, кіребе­рістегі орындыққа отыра кетті. Абзал да мұның келгенін сезді ме, теңселіп бөлмеден шықты. Ащы судың буы бойын ұрған жары­ның мұндай күйге енгеніне біраз болды. Күн құрғатпайды, тіпті. Үйдегі дүниені де сатып тауыс­ты. Айымның тапқан- таянға­нын ұрлап, үйдегі азық-түлікке де ауыз сала бастады. Байғұс келіншек амалсыз төзіп жүрді мұнысына.

– Келдің бе? Кіммен ойнас жасадың бүгін?

– Абзал, қойшы, шаршап отырмын. Сенімен  айқайласуға шама жоқ менде. Тойдым. Кеңір­дектен  шығардың!

– Ей, сен… Құтырайын деп­сің, – деді де, Айымның тура көзіне жұдырық сілтеді. Жас келіншек шалқасынан түсті. Көзіне тиген жұдырықтың екпіні күшті еді. Қайта тұрып, қашпақ  бол­ған. Абзал аяғын сермеп сұлатты. Сонан кейінгісі есінде жоқ. Абзал Айымды төргі бөлмеге аяғынан сүй­реп кіргізді де, сыртынан құлыптады.

Айым әкеден де, шешеден де ерте айрылған жетімек еді. Алматы­да оқып жүріп, әскерден қайтып келе жатқан Абзалға кезікті. Бүр жарған махаббаттың шәрбатына шала мас болып, тұрмысқа шықты. Оқуын бітірі­сімен осында келген жайы бар. Бірақ, сол бойдақ кезіндегі махаб­бат бүгін өшкен сыңайлы. Айым жұмысқа күнде көкала торғай­дай болып барады. Дене­сінің көгергенін жұртқа көрсетпей әлек. Кетейін десе жақы­ны жоқ, сорлады да қалды.

Айым есін жиды. Көзі қарауытып, терезеге үңіліп еді, дала күңгірт тартыпты. Есікті ашпақ болғанда, күйеуінің құлыптап кеткенін аңғарды. Теңселе жүріп, терезеден тысқа көз салып­ еді, Абзал есік алдындағы сарайдың қасында ұйқыда жатыр екен. Дереу терезені шынтағымен  ұрып сындырып, далаға шықты. Сонан ауыл сыртына ұмтылды.

* * *

Ауыл малшысы Бақтыбай отарды көл жанындағы қалың тоғайға жақындатқанда адам мүрдесін тапты. Мүрде дейтін мүрде емес, ит-құс талан-тараж­ға салған сүйек ғана. Тіс тимеген алақан мен аяқ табаны­ ғана сау. Қызыл қанға бөккен дененің жанына жақындауға жүрексінді. Амалсыздан атын шөгеріп, мүрдеге жақындай бергенде байқады… Айым… Құдды қатал тағдыр оның мүрдесіне  де аяушылық танытпағандай…

Д.АЛАШБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: