(Әңгіме)
Айым бәйбіше көзәйнегін киіп, күндегі оқып жүрген кітабын қолына алып, креслоға жайғаса бергенде сыртқы есіктегі дабыл қоңырауы шар ете қалды. Іле-шала келінінің біреумен тілдесіп жатқанын естіп, өзі отырған бөлменің есігіне назар салды. Есікті ашқан келіні қапсағай денелі қара жігітті бастап кірді.
– Жеңеше, амансыз ба?… Ағай жақсы ма, еңбегінің зейнетін көруге шықты деп естіп, елден келген қайныңмын ғой… Таныдыңыз ба?.. Ағай қайда?…
– Ау, Батыр қарасың ба?… Сені танымағанда… Мені, не қартайып қалды деп ойлап па едің? Қартайса, ағаң шығар «қартайдым» деп жұмысты қойған…, – деді күле сөйлеген жеңгесі қайнысының маңдайынан сүйіп жатып. – Ағаң үйде отыратын ба еді, қазір келіп қалар… Ауыл-ел, көз көргендер аман ба, жағдайларың қалай?
– Шүкір. Елдің жағдайы жақсарып келеді. Ағайдың жасап кеткен жақсы істерін ауылдастары жалғастырып жатыр…
– Иә, Батыр қара, сол күндерді ағаң әркез есіне алып отырады. Ауылдың үлкендері ағаларыңның кіндіктен жалғыз екенін білгеннен кейін, бауырлап іні қылса, мен өздеріңді туған қайнымдай көрдім. Елдің тілегі шығар совхозды басқарған сонау күнгі жас жігіт ағаларың, міне, облыс басшылығынан зейнетке шығып, сол кездегі сендердің қолдауларың, елге қалтқысыз атқарған еңбегінің арқасында зейнеткерлікке шығып жатыр. «Бір-жар жыл қызметіңізде қала тұр» деген өтініштеріне қарамай «қартайып тұрғаным жоқ, бірақ жастарға орын беру керек» деп орнын босатты. Еңбегін елеген жандарға рақмет. Осы үй мен мініп жүрген машинасын өзімізге қалдырды. «Төрт бөлмелі үй артықтау, кемпірімізбен екеумізге екі бөлмелі үй берсеңіздер болады» деп қиғылық салғанына қарамай ел азаматтары «өздеріңізге қарайтын бала мен келін, немерелеріңіз бар, бәрі заңды» деп шаққа көндірді ғой… Айтпақшы, келін аман ба, балалардың жағдайы қалай?…
Бұлардың әңгімесін:
– Шай дайын, – деген келіннің биязы үні бөлді. Шай үстінде өткен-кеткен жайлар әңгімеге арқау болып, шай ішу біразға созылды. Шай дастарқаны жинала бастағанда жеңгесі қайнысын келесі бөлмеге бастады.
– Батыр қара, сен кішкентай демал. Мен келінге жәрдемдесейін, – деп асүйге беттеген жеңгесін көзімен ұзатып салған жігіт ағасы бөлмеге көз салды.
Назарын ерекше аударғаны рет-ретімен қойылған алғыс хаттар, құттықтаулар, сыйлық заттар болды. Алғаш көзіне түскені Елбасының алғыс хаты мен «Құрмет» ордені болды, зейнетке шығарында тапсырылған болу керек. Құттықтаулар да, сыйлықтар да сол шақта тапсырылған дүниелер екен. Шебердің қолымен әдейілеп жасалған домбыра, қобыз. Әдемі қораптағы қаламсапқа «Аға, Сіздің өміріңіз бізге үлгі. Соны осы қаламсаппен жазып естелік етіп бізге аманаттаңыз. Інілеріңіз» деп жазылыпты.
Көңілі толқыды. Сонау бір жылдары тағдырының талқыға түсіп, қу арақтың кесірінен жұмыстан қуылып, отбасының шырқы бұзылар кезде осы кісі ауылға совхоз директоры болып келді. Ауылдың жағдайы мәз емес. Техникалар тұралаған. Елдің ерні кезерген уақыт болатын. Жаңадан директор келеді екен дегеннен кейін ауылдың клубына жиналған. Танысып болғаннан кейін:
– Аталар, аналар, Сіздерге рақмет! Жақсы сөз айттыңыздар. Қазір ешқандай уәде бермеймін. Бірақ айтқандарыңыз есімде болады. Сіздер бара беріңіздер. Ал, мына жігіттер, Сіздер қалыңыздар, – деді.
Бұрынғы директорлар әкелген әкімқаралармен еріп кететін. Бұл директор бұлармен бірге қалды. Он шақты жігіт бір-біріне қарады.
Биік сахнадан төменге түсіп, әр жерде состиып отырған оларды алдыңғы қатарға, жанына шақырды. Аты-жөндерін сұрап алды да:
– Азаматтар, ауыл Сіздердікі. Осында келерден бұрын ауылдың жағдайын зерделеп көрдім. Үміт үзетіндей емес. Қазір барлық жерде жағдай осындай. Сіздердің әрқайсысыларыңызды сырттай біліп келіп отырмын. Оны инеге тізбеймін. Ұнжырғаларыңызды түсірмеңіздер. Еңселеріңізді көтеріп, ертең азанда машина жөндеу алаңында болыңыздар. Бірігіп әрқайсысымыз қолымыздан келген жұмысты істейміз, кешікпей келіңіздер, – деді де өзі кеңсеге беттеді.
Кейін осы жайды еске алса, ауылға жаңа келген, өздерімен емен-жарқын сөйлескен адамға «үйге жүріңіз, шай ішіңіз» деп айтуға жарамағанына ұялады.
Кенет көзі қаламсаптың жанында тұрған сынған құмыраға түсті. Сынған жерін ұстатқан желім қағазы (скотч) жалбырап тұр. «Ағамызға қымбат бұйымдардың арасында бұл құмыраның тұруында бір сыр бар-ау» деп ойлап тұрып, жеңгесінің жанына келгенін байқамай да қалыпты.
– Батыр қара, сырын білгің келіп тұр-ау, – деді құмыраға қарап. Қайнысы үнсіз басын изеді.
– Бұл – ағаңның жасаған жақсылықтың қадірін білмейтін жанға жасаған жақсылығының өкініш белгісі, – деп әңгімесін жалғастырды. – Қызметтестері орденін тағып, шапанын жауып шығарып салғаннан кейін жақын-жуық, дос-жаранға үйге шағындап дастарқан жайдық. Балалар «мейрамханаға жасайық» деп еді, «не мен «қартайдым» деп жұртқа жар салуым керек пе, тілекші болған жандарға отымның басында рақметімді айтсам болды» деп көнбеді. Кәделеп ешкімді шақырғанымыз жоқ. Дастарқан жайып жатқанымызды білгендері бар, достық көңілдерін білдіргісі келгендер бар, келгендеріне алғысымызды айттық. Жасыратыны жоқ, қонақтар бос келген жоқ, шама-шарқынша шапан жауып, сыйлықтар тапсырып жатты. Ағаңның әдеті «бұл маған берілген елдің бағасы ғой» деп мына столдың үстіне құттықтаулар мен заттарды қоя бастады. Сол кезде бір әдемі қораптан осы құмыра шықты. Қолына ала бергенде желім қағазының бір жағы ажырап, сынығы көрініп жалбырап тұрды. Балалар, келіндер аңтарылып ағаңа бір, құмыраға бір қарады. Мен шыдамай: «Кім әкелді?», – дедім. Дауысым ыңғайсыздау шықты ма, «Сабыр, бәйбіше, сабыр…»,- деп арқамнан қақты. Сыйлықтарды қабылдап жүрген ағаңның хатшы қызы «Ғұмар аға,- деді де, – кешегі зав.отдел ағаның баласы үйленгендегі той табаққа таратқан құмыра ғой»,-деп салды. Ғұмардың атын естігенде ағаңның түрі бұзылып барып, басын шайқап, езу тартты. Іні болып қатысып, тірлігінің қиуы қашқанда қолтығынан демеген ағасына көрсеткен сыйы ғой. «Зейнетке шыққанмен орнында отыра берсе бұлай қылмас еді, бұнысы енді саған лайық сый осы дегені ме…» деп ойладым да, былай ысырып тастап жатыр едім ағаң:
– Олай істеме, мына заттардың жанына қой. Ол менің адамдарға жақсылық жасауды білмейтін адамдарға жасаған жақсылығымның өкінішті белгісіндей болып тұрсын, – деп осылай қойды.
– Ондай кісілер оны түсінсе жақсы болар еді-ау, – деді қайнысы басын шайқап.
– Жақында Астанадан бір топ жігіттер ағаңа өз тілектерін білдіруге арнайы келді. Ағаң осындағы бұрын қызметтес болған жігіттерді сол азаматтармен табақтас болуға шақырды. Ішінде Ғұмар да болды. Ағаң келген қонақтарға осы заттарды көрсетіп, сынған құмыраны неге қойғанын айтты. Бірақ кімнің әкелгенін айтқан жоқ. Азаматтар ойлы жүзбен бас шайқасты. Ғұмар інісі жұмысы шығып тұрғанын айтып рұқсат сұрап, тамаққа қарамай кетті. Түсінгені шығар….
Жеңгесі сөзін аяқтағанша:
– Ау, ауылдың азаматы келген бе?… Жеңгесінің «Қара батыры» қалайсың?..
Құшағын аша ұмтылған ағаның ізінше бөлмеге кірген келін кәделі астың дайын болғанын айтты. Бәрі асүйге беттеді.
Құдайберген Есекей,
Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!