Адам ұйықтағанда бәрі тоқтап қалғандай көрінеді. Көз жұмулы, тыныс бірқалыпты, дене тыныққан. Бірақ сол сәтте ми жұмысын жалғастырып жатады. Тіпті кей кезде ояу жүргеннен де белсендірек күйге көшеді. «Ұйқы – өлімнің бауыры» деген мақал бар, алайда ғылым бұл түсінікпен келісе бермейді. Зерттеулерге көз жүгірте келсек, ұйқы – мидың ең жауапты уақыты. Күндіз қабылдаған ақпараттың бәрі дәл осы кезде реттеледі, сұрыпталады, керек емес «қоқыс» өшіріледі. Ғалымдар мұны бейнелі түрде «мидағы түнгі тазалық» деп атайды. Яғни, ми демалып жатқан жоқ, керісінше, ертеңгі күнге дайындық жасап жатыр.
Ұйқының бірнеше кезеңі бар. Соның ішінде ең қызығы – REM фазасы, яғни түс көру кезеңі. Бұл уақытта ми белсенділігі кейде ояу адамдікінен де жоғары болады. Сол себепті түс кейде шынайы өмірден айнымай, эмоцияға толы болып сезіледі. Мұны мидың өткен күндегі оқиғаларды қайта «ойнатуы», маңыздысын есте қалдыруы деп қабылдасаңыз болады. Тағы бір маңызды жайт бар. Ұйқы кезінде ми тек ақпаратты реттеп қоймайды, эмоциямен де жұмыс істейді. Күндізгі күйзеліс, уайым, қорқыныштың әсері ұйқы барысында бәсеңдейді. Сол үшін «бір түн ұйықтап алсаң, ойың орнына келеді» деп бекер айтылмаған. Ел-жұрттың айтатын жалғыз ақиқаты – осы. Ал неге кейде ұйықтасақ та шаршаған күйде оянамыз? Себебі ұйқының сапасы бұзылған. Телефонға телміріп ұйықтау, кешкі уақытта ауыр ойға берілу, ұйқы режимінің тұрақсыздығы мидың толық жұмысын тежейді. Ми түнгі міндетін бітіре алмай, «жартылай тазалықпен» қалады. Соның салдары – әлсіздік, зейіннің төмендеуі, ашушаңдық.
Ғалымдардың айтуынша, сапалы ұйқы миды қорғаудың ең тиімді жолы екен. Дәрі де керек емес, тіпті күрделі дүние де емес. Тек ұйқыны қадірлеу керек. Уақытында жатып, тыныштықта ұйықтау арқылы жоғарыда айтқан дүниенің бәрін шындыққа айналдыра аласыз. Көрдіңіз бе, кейде ең үлкен пайда ең қарапайым әдеттен басталады. «Денсаулық – зор байлық» дейді қазақ. Ал сол байлықтың кілті көбіне түнгі тыныш ұйқыда жатады. Ұйқыны әлемдік өнертапқыштар уақыт шығыны деп жатады, ал біз денсаулыққа салынған инвестиция дер едік. Ғылым да осыны мақұлдайды. Кеш ұйықтап жүрсіз бе? Онда қолыңыздағы газетті емес, қалтаңыздағы телефонды аулақ қоюға тырысыңыз, себебі газет-журнал көзіңізге физикалық жаттығу жасап ғана қоймай, санаңызға сілкініс жасайтын ақпараттарды бере алады.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!