Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сібір сапары

17.05.2021, 9:10 498

HALYQLINE.KZ

Мөлтек  сыр

Ауылдың аудан орталығындағы шаруашылық ауласының меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрген кезім. Бірде басшылық мені ауданнан жасақталған топтың құрамында Сібірден құрылыс материалдарын алуға келісім жасауға іссапарға жіберді. Қайраулы қылыштай жарқылдаған жиырма бестегі жігітке командировка деген, не тәйірі?! Сібір емес, көрші ауылдағы «қайын атамның» үйіне қыдырып баратындай-ақ желпілдеп жүрмін.

Ақыры жолға да шықтық. Ақтөбеден Новосібір қаласына дейін самолетке отырдық. Бұл мамыр айының аяқ шені тұғын.

Аппақ бұлттарды қақ жарып ұшқан ұшақтың терезесінен қарап, мәз болып отырмын. Мұндай үлкен самолетке алғаш рет мінуім еді. Рас, бұған дейін бір-жар мәрте ауыл ішінде «кукурузник» деп атайтын түрімен Қызылордадан Қазалыға дейін келгенім бар-ды. Жүрегім айнып, иттей болып жеткенім әлі есімде. Дәл осы жолдарды жазып отырғанда арада қаншама жылдар өтсе де денем түршікті…

Сонымен… Алып самолетпен Ақтөбеден Новосібірге ұшып шықтық. Ұшақ өте жайлы екен. Ешқандай өзгеріс байқалмады. Қалай қонғанын да байқамай қалдық. Айтпақшы, осы жерде бір күлкілі жайтты басымыздан кешірдік. Сәл шегініс жасайын.

Топ басшысы орта жастағы ағамыз Сібірге іссапармен барып, ол жақтың ауа райына, адамдарының мінез-құлқына, дәстүріне бес саусағындай қаныққан адам. Самолетке отырар алдында бізге Новосібірде бұл кезде күн қатты салқын болатынын, қалың киініп алу қажеттігін қатаң тапсырды. Десе де, жас жігіттер суықты, оған қоса мамыражай мамырда қымтанып жүруді жөн санамасы хақ. Іштей көнбесек те ағамыздың көңілі үшін костюмді иығымызға іле салғанбыз.

Ал ағамыз… Көпті көрген адамның сойы бөлек қой, шіркін… Көкеміз самолет қонуға ыңғайланған сәттен үстіне қалың күрте, басына құлақшын, қолына бес саусақты қолғабын киіп алды. Дұрыс-ақ… Сырт жерде салқын тиіп, тұмауратып қалса, кім біледі?!…

Жеңіл сырғып самолет тоқтады. Есік ашылды. Трапқа қадам бастық. Ойбуй, мұнысы несі?. Көкем айтқан бұрқасын қайда?!. Төпелей жауған қар неге көрінбейді?! Мына жүрген қаптаған адамның естері орнында ма?!

Сөйтсек… Новосібірде күн тура Қазалы сияқты күйіп тұр екен. Жұрттың бәрі қысқа жең көйлек киіп алыпты. Ағамыздың маңдайынан тері сорғалап «ауа райы өзгерген екен» деп қайталай береді… Елдің назары бізде. Тундрадан келгендер деп ойлағаны хақ. Біз болсақ… ағамыздың жанынан безіп кеттік. Көзден тасалау жерге зорға жетіп, киім ауыстырдық.

Біздің Сібірге сапарымыз осылай басталды…

ОТҚА ОРАНҒАН БАЛАБАҚША…

Сібірде жаңбыр жиі жауады. «Сулы жер – нулы жер» деген ғой. Қолдың саласындай тізілген қарағайлар, сүңгіттей теректер, жап-жасыл шыршалар тамшы тиген сайын құлпыра түседі. Биіктігі кеуделіктен келетін қалың шалғынға қарап тұрып Айбар досым «біздің ауылдың сиырларын осы жерге жайса, мұндай бітік әрі құнарлы шөпті ғұмырында көрмеген байғұс жануарлардың жүрегі жарылып кететін шығар…» деп бәрімізді ду күлдірген-ді.

Біз барған Лесосибирск поселкесі тайганың дәл ортасында орналасқан екен. Сол тұста «Жаңа Лесосибирск» және «Ескі Лесосибирск» аталатын екі қыстақ біріктіріліп, қалашыққа айналып жатты. «Адамның мінез-құлқы, түр-тұлғасы туған жерінің табиғатына қарай жаратылады» деген негізінде жаны бар сөз. Лесосибирск тұрғындары шетінен атан жілікті, алпамсадай жандар. Өз ортамызда әжептәуір көрінетін (менің салмағым сол кезде де, қазір де 100 келі, бойым 180 см, ешқандай өзгеріс жоқ) мен де, жанымдағы бойшаң серіктерім де сібірліктердің жанында жіп есе алмай қалдық. «Мал иесіне ұқсайды» дегенді естіген шығарсыз?! Желіндері жер сызған, шаңырақ мүйізді қара аланың тайынша-торпағының өзі атан түйедей. Жергілікті тұрғындар үйді шеге пайдаланбай, бөренені қиюластырып, қашап салады екен. Дәл осындай тәсілмен салынған зәулім ғимараттарға таңданысымызды жасыра алмадық.

Лесосибирскде алғашқы қонған түні күтпеген жайтты бастан кешірдік. Түн ортасында нөсер жауын құйып берсін. Сатыр-сұтыр, гүрс-гүрс аспан күркіреп, жарқ-жұрқ найзағай ойнады. Кенет… Біз тоқтаған қонақүйдің қарсы бетіндегі биік ғимаратқа жай түсті. Күндіз бұл ғимараттың балабақша екенін естіген болатынбыз. Қарағайдан жасалған әсем нысан әп-сәтте алаулаған отқа оранды. Ғимараттан соңында ұшқын шашып, ракеташа зымыраған бөрене кесінділері жан-жаққа ұшып жатты. Қараудың өзі қорқынышты. Бір қызығы, өкіріп-бақырып, дабылдатып бірнеше өрт сөндіргіш арнайы машинамен жеткен өрт сөндірушілер шлангіден атқылаған суды жанып жатқан балабақша ғгимаратына емес, жанындағы нысандарға, қарсы беткейдегі біз жатқан қонақүйге жанталаса құйып жатты.

«Құрғақ ағаштан салынған ғимараттарды сөндіру өте қиынға соғады. Сондықтан тұрғын үй болмаса өзге нысандарға күш жұмсағаннан, жанында орналасқан өзге объектілерді аман сақтап қалу маңызды» дегенді кейін естідік.

Алапат өрт басталысымен қонақүйде бізден басқа тірі пенде қалған жоқ. Бәрі болу ықтималдығы жоғары өрттен қауіптеніп, көшеге безіп кетті. Біз болсақ… шынымды айтсам, лифтісі жұмыс істемейтін қонақүйдің 5-қабатындағы бөлмемізден нағыз тәтті ұйқының кезінде жаяу түсуге (қазақтығымыз қысып) еріндік. Бір Аллаға сыйынып, ұйқымызды жалғастыра бердік.

Ал ертеңіне… Күлге айналған қос қабатты балабақшаның орнында жанарларынан жасы сорғалаған ұжым мүшелерін көргенде жүрегіміз сыздады. Мұндай тілсіз жаудан сонау қиырда қалған байтақ елімізді, Қазалымызды, туған ауылымызды сақтап жүруін іштей Алладан жалбарына тіледік…

Арада қаншама жылдар өтсе де Сібірдегі күлге айналған балабақша ғимараты, көздерінен жас тамшылары сорғалаған балабақша ұжымы, жүрек талмасы ұстап, талып жатқан балабақша меңгерушісінің аянышты кейпі жаңбыр жауған күні ойыма оралады.

Алла дарқан даламызды, ел-жұртымызды пәле-жәледен сақтасын!

(Жалғасы бар)

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы,

Жанқожа  батыр  ауылы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: