Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалпақ жұрт жалтақ жұртқа айналды

23.09.2021, 12:00 454

Аймақта мектеп оқушыларының арасында коронавиурс инфекциясын жұқтырғандар саны артып келеді. Жаңа оқу жылының басталғанына көп болған жоқ. Бас-аяғы 20 күннің ішінде 100-ден аса оқушы індет жұқтырған. Бұны бүрсігүні облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жаңабергенова мәлімдеді. Оның айтуынша, 98 мектептің 107 оқушысы вирус жұқтырған. Басым бөлігі қала мектептерінде анықталып отыр. Қазір 107 сынып 14 күнге карантинге жіберілген. Тағы бір айта кететін жайт, дәстүрлі форматта оқу процесін бастаған мектеп мұғалімдері арасында КВИ-дің 17 дерегі есепке алыныпты.

Кейде тым асығыс шешімдердің құрдымға әкететіні бар. Біздікілер бұ жолы да жеті рет өлшеп, бір рет кесудің орнына жылдамдатып бар мектептің есігін айқара ашуды жөн көрді. Дәстүрлі оқытудың орны бір бөлек, әрине, дегенмен эпидахуал жағадан алып жатқанда «жаумен» жағаласудың керегі қанша болды екен? Педагог біткеннің барлығына вакцина салдырды. Бірақ, «вакцина алғандар ауырмайды, вирус жұқтырмайды» деп ешкім уәде берген жоқ.

О баста жаңа оқу жылына дайындық барысы жайлы ҚР Білім және ғылым министрі  А.Аймағамбетов:

– Жаңа оқу жылының басталуы туралы бұйрық пен әдістемелік нұсқаулық өңірлерге жіберілді. Жаңа оқу жылында балалардың денсаулығын сақтау үшін санитарлық-эпидемиологиялық  талаптар  барлық мектеп пен колледжде, ЖОО-да сақталады. Барлық ғимаратта дезинфекциялау тұрақты жүргізіледі. Оқушылар мен студенттер, педагогтер мен басқа қызметкерлер ғимараттарға «Ashyq» жүйесі арқылы кіреді. Жұмыскерлердің вакцина алуына да ерекше көңіл бөлінеді. Оған қоса мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, «бір сынып – бір кабинет» жүйесі жұмыс істейді. Барлық бұқаралық шараға тыйым салынады, – деп, мектептер мен жоғары оқу орындары жұмыс істеу­ге сақадай сай екендігін айтқан. Сол айтқан санитарлық талаптарының барлығы сақталған болса, балалар арасындағы аурудың өршіп кетуі көңілге күдік  ұялатады.

«Әншейінде аулада, көшеде, сауда орындары мен балаларға арналған ойын-сауын орталықтарында қабыса ойнап жүрген балалар мектепке бара сала коронавирустың қақпанына қалай іліне кетеді?» деген сауал да сананы сан-саққа жүгіртеді. Басталғанына бір ай болмай жатып жүзден аса оқушы ауырса, бірінші тоқсан аяқталғанша қанша баланың инфекция жұқтырғаны туралы  статистиканы  санап  беретіндері  бір  Құдайға  ғана  аян.

Енді елімізде коронавирустың жаңа штамы анықталды деген ресми дерек шықты. Eta «Нигерия» штамының айналымы 4 өңірде айқындалды (Қараған­ды – 1, Маңғыстау – 2, Павлодар – 1, Нұр-Сұлтан – 1). Дүниежүзілік  ден­саулық  сақтау ұйымының 2021 жылғы 15 қыркүйектегі деректері бо­йынша  «Eta» штамы әлемнің 77 елінде таралған. Клиникалық белгілері Alpha (Британдық) және Beta (Оңтүстік Африка) штамдары (жоғары қызба, жөтел, иіс пен дәм жоғалту, ауыр ауру және т.б.) сияқты болып келеді. Қызыл­орда облы­сының  денсаулық  сақтау  басқармасы  басшысының  орынбасары Жангелді  Шаймбетов аймақтағы эпидахуалды тұрақты деп хабарлады.

– Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда індетті ауыздықтар бір ғана жол бар, ол – вакциналау. Облыс бойынша екпе жұмыстары 2021 жылдың 1 ақпан күні басталды. Қазіргі таңда облыс азаматтарын вакциналау жұмыстары жал­ғасын  табуда. 1 ақпан мен 19 қыркүйек аралығында  аймақта вакцинаның 1  компонентімен егілгендер саны – 293 216. Бұл екпе алуға жататын  халық­тың 73,2 пайызын  құрады.  Ал  245 709  адам  екпенің  екі  компонентін  де  алған, – деді  ол.

Ауыздықтар бір ғана жол деп вакцинаны ортаға сала беруден пайдалы нәтиже шығып жатқаны шамалы. Екпені салғаны да, салмағаны да ауырып жүр және жұқтырады. Пандемия басталғалы бері өңірде коронавирус инфекциясымен 17 403 науқас тіркелген. 92 пайызы дерттен толық емделіп шыққан. Бүгінде облыс бойынша инфекциялық стационарда – 382 науқас, реанимациялық төсек-орында 43 науқас ем қабылдап жатыр. Осылай індеттің азабын тартып ел ауырып жатқанда ҚР Премьер-министрінің орын­басары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында карантинді жеңілдету туралы шешім қабылданды. Еліміздің бас дәрігері А.Цой соңғы екі аптада ауырғандар саны азайып, 60 пайызға төмендегенін жеткізді. Қысқасы, «COVID-19» таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша «Ashyq» қосымшасы арқылы тойға да рұқсат берілді. Енді «Ашығы» бар мекемелерге жол ашық. Билік жаппай ауырып  жатқан  балалардың  жағдайына сірә бас қатырайын деп отырған жоқ.  Әйтпесе,  карантинді  жеңілдетіп  несі  бар?!

Қайсыбір жолы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар­таменті өкілі «балаларға вакцина салу қажеттілігі болса, тек ата-аналарының рұқсатымен» дегені бар еді. Соған біртіндеп келе жатқандаймыз. Ата-анасының да рұқсатын алатын амалды тауып алады біздікілер. Бала ауыр­масын деп жанын шүберекке түйіп отырған жалпақ жұрт кімге жалтақтарын да білмей дал. Неде болса әліптің артын бағайық.

Ә.КЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: