Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туберкулезге қарсы күрес айлығы жүруде

04.03.2025, 15:50 25

Қызылорда қаласында туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 294 науқас диспансерлік есепте тұр. Өткен жылы туберкулездің 180 жаңа жағдайы анықталса, биыл туберкулездің 26 жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 21,8 пайызға төмендеген.

Бұл туралы бүгінгі брифингте Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейбіт Бидаш пен облыстық фтизиопульмонология орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Алтекешова мәлімдеді.

Қызылорда қаласында туберкулез ошақтарынан қарым-қатынаста болған 920 адам тексеріліп, нәтижесінде жаңа 7 жағдай анықталды. Науқастарға арнайы ем тағайындалып, ауру ошақтарында сауықтыру шаралары жүргізілді. Дүниеге келген нәрестелердің 95,3% БЦЖ вакцинасымен егілді. Емхана аймағында 123 бала егілді. Манту сынамасына барлық жоспарланған 41 211 бала уақытылы егумен қамтылды. Айта кету керек, аурудың алдын алу үшін балалар мен ересектер жыл сайын флюорографиядан өткен жөн. Бұл ауру болған жағдайда оны тез арада анықтауға ықпал етеді. Сонымен қатар, күнделікті өмірде сапалы тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанған абзал, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Бейбіт Молдахметұлы.

Туберкулезге қарсы күрес айлығының мақсаты – тұрғындарға дерт туралы ақпарат беріп, алдын алу және күрес шараларын күшейту. Айлық аясында туберкулездің алдын алу, анықтау және емдеу тақырыптарында ақпараттық науқандар, медициналық ұйымдарда, мектептер мен жоғары оқу орындарында дәрістер, акциялар ұйымдастырылуда.

24 наурызға дейін қоғамдық орындарда, базарлар мен сауда орталықтарында акциялар ұйымдастырылып, медициналық мекемелерде ашық есік күні өтеді. Онда қала тұрғындары флюорографиялық тексеруден өтіп, көрсетілімдер болған жағдайда фтизиатр дәрігерден кеңес алып, қажетті талдаулар тапсыра алады. Облыста туберкулезге қарсы бағдарламаның бақылауы жүргізілуінің нәтижесінде аурушаңдылық көрсеткіші соңғы 10 жылда 2 есеге азайды, – деді облыстық фтизиопульмонология орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Оғадиқызы.

Ең бастысы – аурудың алғашқы белгілерінде дереу дәрігерлік көмекке жүгіну керек. Туберкулез дер кезінде анықталып, үздіксіз емделсе, толық жазылады. Негізгі белгілері: 2 аптадан астам жөтел, арықтау, тершеңдік, кеуденің ауырсынуы, қан кету, жалпы әлсіздік және шаршау, ұзақ уақыт дене қызуының көтерілуі пайда болса, дереу емханаңызға хабарласу қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: