Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Туберкулез таяқшалары мәңгілікке қалмайды»

10.03.2022, 11:00 754

Туберкулез ауруына шалдықтыңыз. Міне, осы сөзді естіген жан өмірден баз кешіп, «өмірімнің соңғы күндері қалды» деп сарыуайымға салынады. Алайда медицина қазіргі таңда басқаша көзқараста. Олардың айтуынша, бұл ауруды жеңу жыл өткен сайын жеңілдеп келе жатыр екен. Мәселен, соңғы 10 жылда туберкулез ауру­шаңдығы 2 есе азайды, 2021 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 46,2 пайызды құрады. Сол себепті бұл ауруға шалдыққан жандар өмірінің мәнін жоғалтпас үшін құлағдар ету мақсатында облыстық фтизиопульмонология орталығында баспасөз  мәслихаты  өткізілді.

– Облысымызда 2018 жылдан бастап Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған туберкулездің   көптеген дәрілерге  тұрақты түрін емдеу үшін жаңа туберкулезге қарсы препараттарға қолже­тімділік қамтамасыз етілді, емдеудің түрлен­дірілген   қысқамерзімді  жеке  режимдері енгізілуде.  2021 жылы туберкулезбен және көптеген дәрілерге тұрақты туберкулез­бен ауыратын науқастарды емдеу тиімділігі 78-89%-ды құрады (ДДСҰ стандарты – 75-85%). COVID-19 пандемиясы да туберкулезге қарсы іс-шараларды ұйым­дастырумен байланысты жалпы жағдайға өз өзгерістерін енгізді. Туберкулезді уақытылы анықтау және туберкулезді емдеуді ұстану жағдайы пандемия кезінде, әсіресе халықтың осал топтары арасында  шиеленісе  түсті, – деді  облыстық  фтизиопульмонология орталығы­ның  директоры  Әбдіғабит  Әбләзім.

Бұл дерт адам баласының санасында аса қауіп­ті ауру ретінде сақталып қалды. Жалпы, аурудың жақсысы жоқ екені сөзсіз. Сол себепті дер кезінде дәрігерге қаралып жүрген дұрыс деп санаймыз. Десе де, халықтың арасында осы ауру­дың айналасында түрлі миф жүр. Мысалы, туберкулездің емі жоқ, туберкулезді емдеудің тәсілін іздеп жүрген дәрігерлердің барлығы осы ауруға шалдыққан. Тіпті дәрігер еңбек жолында аталмыш қызметте жұмыс істесе, басқа орта­лыққа ауыса алмайды деген қауесет бар екен. Бұл жөнінде Әбдіғабит Әбләзім де оның жалған ақпарат  екенін  алға  тартты.

Сондай-ақ, «Тасбөгет кентіндегі туберкулезге қарсы күрес диспансері емханаға айналады» деген әлеуметтік желіде ақпарат тарап жүр. Осыған қатысты халықтың көпшілігі қос қолдап қарсылығын білдіруде. Бұл туралы да басқосуда сөз  қозғалды.

– Тасбөгеттегі  туберкулез  диспансерінде 265 төсек қарастырылған болса, бүгінгі таңда аурушандық азаюына байланысты 150 науқас ғана жатыр. Бізде 100-ге жуық орын бос тұр. Тасбөгеттегі диспансердің екі қабатында ғана науқастар бар. Психикалық ауытқуы және қосымша туберкулез ауруы анықталған адамдарды емдеп жатырмыз. Егер мүмкіндік болса психо-неврологиялық аурухана өзінің санитарлық нормативтік жұмыстарын жүргізуде. Соның барлығы сәтті шықса, бөлімшені соларға беріп жібереміз. Сонда бар-жоғы 65 төсек қалады. Үш-бес қабатты ұстап тұру коммуналдық қызмет жағынан да бізге қиын. Сол себепті өзге екі қабатты ғимаратқа Тасбөгеттегі туберкулезге қарсы күрес диспансерін көшіру жоспарда бар. Бұл Тасбөгет халқына да тиімді деп ойлаймын. «Бізге жұғып жатыр» деген мәтіндегі пікірлерге тоқтам болар еді. Туберкулез таяқшалары мәңгілікке  қалмайды. Толық жөндеу, дизенфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, күнделікті мұндай жұмыстар жүргізіліп отыр. Сондықтан қорқудың жөні  жоқ,  –  дейді  Әбдіғабит  Әбләзім.

Иә, Кох таяқшасы суда 150 күн, ал сүт өнімдерінде 8-10 ай, өзен суында 5 айға дейін, топы­рақта 1-2 ай өмір сүреді. -23 градус температурада Кохтың таяқшалары жеті жыл бойы өміршеңдігін  сақтайды. Бірақ тікелей күн сәуле­сі оларды 2-6 сағат бойына әсер еткенде және плюс 85 градустан жоғары температураға дейін қыздырғанда микобактериялар жарты сағатта жоқ қыла алатын қасиеті бар. Кохтың таяқшасы хлоры бар заттардың әсерінен өледі. Мұның барлығын әлдеқашан ғалымдар зерттеп кеткен. Десе де, ұзақ жылдар бойы айналасы сын мен мінге толы орталыққа  халықтың сенімсіздік таны­туы – қалыпты дүние. Өйткені денсаулық бірінші орында екені соңғы жылдары қатты байқалды. Сондықтан ұрыс-керіс, дау-жанжал, жалған жала тағудан алшақ болу үшін қарап­айым халықпен түсіндірме жұмыстарын жиі өткізіп тұрған дұрыс. Ал, Тасбөгет кентіндегі мәселе бойынша жауаптылар толық залалсыздандыру жұмыстарын жүргіземіз деп отырған соң қауіптенудің қажеті жоқ. Өйткені сол қызметкерлердің арқасында аурушандық төмендеп, аудандардағы емдеу орталықтары жабылыпты. Демек, сол орталықтар да халықтың игілігі үшін басқа бағыттарда жұмыс істеп жатыр. Бұл дегеніміз – мамандар тәжірибесінің  бар  екендігінің  көрінісі.

Және жергілікті бюджеттен әрбір науқасқа емге ынталандыру мақсатында өмірге деген құлшынысын арттыру үшін қаржылай көмек беріледі екен. Былтыр 291 науқасқа көмектесіпті. Мұндай көмектің түрі тек біздің өңірде қарас­тырылған. Жақында ғана Атырау облысында да бұл тектес жоба қолдау алыпты. Сол себепті білікті мамандардың жүйелі жұмыстарының қарқынды дамып, сапалы орындалып келе жатқаны да негіз бола алады. Сонымен қатар әлемдегі қысқа мерзімде емдейтін дәрі-дәрмектердің барлығы дерлік  елімізде жеткілікті екен. Бұл – қуанарлық жайт. Себебі Орта Азияның көп мемлекеттерінде дәрі-дәрмек тапшы деп айт­сақ  болады.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: