Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Талай періштенің кіндік шешесі

15.06.2022, 17:51 390

Адам жанының арашасы дәрігер десек, қаншама өмір үшін жанын сарп еткізуге даяр маман иелері қашанда құрметке лайық жандар. Адам шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап, еңбектеген сәбиден, еңкейген қартқа дейін ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінетіні ақиқат. Әсіресе адамнан адам шығу, құрсақтағы сәбиді аман-есен босандырып алу қиынның қиыны. Осы салада 35-40 жылға жуық еңбек өтілі бар өз ісінің нағыз маманы – Дәрігүл Сейітованың еңбегі ерен.

Дәрігүл Өмірзаққызы 1964 жылы 15 сәуірде Арал ауданына қарасты,  Ақбай ауылында дүниеге келген. 1971 жылы алғаш мектеп табалдырығын аттап, №63 Мәстәт 8 жылдық орта мектебін бітірген соң, 9-10 сыныпты №21 Қамбаштағы орта мектепте аяқтаған. 1983-1986  жылдар аралығында Қызылорда медициналық училищесін акушерка мамандығы бойынша тамамдаған. Аталған оқу орнын бітіргеннен кейін Қызылорда қалалық перзентханасында 1986-1992 жылдары қызмет атқарған. Медицина саласындағы қызметі Арал ауданындағы жедел жәрдем бөлімінде жалғасын тауып, 2 айға жуық еңбек етіп, кейіннен Сапақ елді мекеніне ауысқан. 1994 жылы Қамыстыбас ауылында акушерка болып жұмысқа орналасты. Қазіргі кезде Қамыстыбас дәрігерлік амбулаториясында акушерка қызметін  атқарады.

Қазіргі таңда ауылдық жерлерде, шалғай ауылдарда дәрігер мамандар тапшы. Дәрігерлік амбулаториясы, тіпті медпункт жоқ ауылдардың бары да жасырын емес. Бүгінде Қамыстыбас ауылдық амбулаториясына Қамбаш ауыл тұрғындарынан бөлек, 4 бірдей шағын ауыл тұрғындары да тексеріледі. Осы ауылдардағы 15-49 жас аралығындағы туу жасындағы әйелдерге медициналық қызмет көрсетеді, қабылдауға шақырады, дәрігермен бірлесіп, қажетті мамандарға жібереді және лабораториялық анализдеріне қарап, сараптама жасайды. Қатерлі ісік ауруларының, қан айналымы, қант диабеті, көз  т.б. аурулардың алдын алу мақсатында әр жыл сайын  скринингтік  тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар, әйелдердің омырау және жатыр мойны қатерлі ісік ауруларының алдын алады.

Дәрігүл Сейітова өз ісінің нағыз шебері, талай періштенің кіндік шешесі. Жүкті әйелдердің жеңіл босануына барын салатын жан. Көмегін аямай қандай жағдай болмаса да, түн ұйқысын төрт бөлуге даяр білікті маман. Жүкті әйелдердің адам басына жетерлік қиындықтары болады. Сонда да қаншама аналар,  босануға ай-күні жақындаған сәтте перзентханаға әлі ерте деп бармай қалатын сәттер де болады. Сол кезде толғағы қысқан ананың үйінде, ауылда аурухана жағдайында, рұқсат етілмеген жағдайда қаншама ана мен баланың өмірін аман алып, босандыруға тура келеді. Бәрі сәтін салып осы күнге дейін ешкімнің жаман сөзін естімеген. Сол себепті адам жанына нағыз араша болар маман десек қателеспейміз. Алдағы медицина қызметкерлері күнімен Дәрігүл Өмірзаққызын да құттықтай отыра, елдің ыстық ықыласына бөленіп, төккен маңдай теріңіздің жемісін көріңіз дейміз. Өзіңіздей білікті де, білімді маманнан үлгі алар жандар көп болсын.

Зере МАХАМБЕТӘЛИЕВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: