Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірінде жаңа амбулатория ашылды

14.12.2023, 21:00 120

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев және Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовпен Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, Нағи Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Бұл – Президент тапсырмасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде салынған 27 медициналық нысанның алғашқысы.

Аймақ басшысы тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін облыста кешенді шаралар қабылдануда. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен аймақтың елді мекендерінде 27 нысан салынуда. Бүгінде 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілуде. Саладағы бастамалар алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала берсін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов ақ батасын берді. Сондай-ақ, іс-шарада дәрігерлік амбулатория құрылысын сапалы жүргізуге атсалысқан мердігер мекеме өкілдері және ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Айта кетейік, амбулатория құрылысы осы жылдың мамыр айында басталған. Ғимараттың жалпы ауданы – 860 шаршы метр.

Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд. теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда.

Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: