Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Соқыр болмайын десеңіз…

11.02.2021, 10:00 1246

Көзіңізді  жұмыңызшы…   Енді ашыңыз… Бізді көріп отырсыз ба? Онда сіз бақыттысыз… Ал сол бақытты ұстап тұру өзіңізге байланысты. Ол үшін не істеу керек? Соны білмекке біз маманға келдік. Әсел Мырзағалиқызы Жақаева – көз дәрігері.

– Сізден сұрағымыз келетіні, өзіңіз де айтасыз, мамандар да тілге тиек етеді. Осы ғасырдың ауруы көз ауруы екен. Шынымен солай ма?

– Толықтай келісемін. ХХІ ғасыр – технологиялар дамыған заман. Гаджет, смартфон, неше түрлі планшет деген технологиялық құрылғылар көз ағзасына зиян келтіріп жатыр. Біріншіден, ол – көгілдір экран, смартфонды 2-3 сағат бойы ұстап отырсақ, қабағымызды жұмуды да ұмытып кетеміз. Яғни, көз бұлшықеттерінің жұмыс істеуіне шек қоямыз. Көзде бірнеше бұлшықет тала бастайды. Бұл көздің әлсіреуіне, нашар көре бастауына, кебуіне, тағы да басқа зиянын тигізеді.

– Көздің кебуі деп айттыңыз, оны кептірмеу үшін не істеу керек?

– Көздің кебуі бұрын көз ауруларына мүлде кірмейтін. Көз аурулары  алыстан, жақыннан көрмеушілік, катаракта, глаукома дейтінбіз, ал көздің кебуі бұл аурулардың қатарына жатпайтын. Жиырма жылдан бері бөлек дерт ретінде енгізді. Жұмыста монитордың алдында көп отырушылар, көлік жүргізушілер де аурудың осы түрімен ауырады. Көз кебуінің алдын алу профилактикалық шарасы ретінде көз бұлшық­еттеріне гимнастика жасау керек. Қарапайым түрі – тек көзбен оңға, солға қарау, жоғары, төмен және сағат тілімен және оған қарсы көзді айналдыру. Көз сыртқы тұрғысынан нәзік болғанымен, бұлшықеттері өте нәзік келеді. Бұлшықеттердің жаттығуы көздің түрлі кеселдерінен сақтайды. Көз гимнастикасын күніне бір рет, 10-15 минут міндетті түрде жасау керек. Одан бөлек, көз айналасындағы бұлшықеттерге де көзді айналдыра гимнастика жасауға болады.

– Қазір бала тәрбиесінде телефон­ның көп қызмет атқарып тұрғанын білеміз. Осы  телефонның  зияндылығы  туралы  айта  өтсеңіз…

– Зияны өте көп. Телефон көзден бұрын жүйке жүйесіне өте үлкен салмақ түсіреді. Смартфондағы жалт-жұлт еткен ойындар баланың алдымен жүйке, содан соң көз жүйе­сіне кері әсер етеді. Көздің орнына келуі 3 жастан бастап 7 жасқа дейінгі уақытты қамтиды. Жеті жасқа дейін балаларда көру қабілеті «плюс» болады. Яғни, алыс-жақынды ажы­рата алмайды. Аккомодация 7 жастан бастап дами бастайды. Ал баланың нәзік көзі өсу, даму үстінде, алыс-жақынға қарауы енді ғана дамып  жатыр. Сол процестегі баланың көзіне салмақ түсіріп біз гаджет бере­міз.

– Осы төрт жылда баламыздың көз қорғаушысы болуымыз керек. Телефон  бермейікші. Бірақ  соған  санамыз жетпейді. Не  істеу  керек?

– Ең бірінші, ата-аналар өздерін тәрбиелеуі керек. Бала жыламаса болды деп смартфон бермей, алдап ойнату керек. Кейбір ата-аналар балаларын тек тексерілуге ғана алып келеді. Балалардың көзі 100 пайыз көреді. Олар гаджет бермейді. Олар ХХІ ғасыр болғасын балабақшада да гаджетпен ойнап отырады. Ал кейбірінің балалары ойнамайды. Осындай жауапкершілікті ата-аналар да бар. Жұмыстан үйге келгенде смартфондарын биікке қояды. Анасы тамақ әзірлеп, әкесі балаларға қарап, ойнатып  отырады немесе бірге сабақ  оқиды. Кешкі  22-23:00-ге дейін балалары ұйықтап қалады. Содан кейін ғана смартфондарын қолына  алады.

Балаларда кездесетін көз ауруларының алдын алу үшін ең маңыз­дысы – болашақ ата-ананың өз денсаулығын қорғауы. Олар қалай тамақтанады, ол да тікелей қатысты. Өйткені құрсақта жатқан шарананың көз қарашығы 8 аптадан бастап дами бастайды. Зиянды нәрселерден сол кезден бастап тыю керек. Вирустық аурулардан сақтанып, темекі, кальян шегу секілді жағымсыз әрекеттерден аулақ болған дұрыс. Оттегі жетіспеушілігінен туындайтын гипоксия туабітті ақауларға жол ашады. Тамақтану рационы да тікелей қатысты. Балаға оттегі жетіспеу туа­бітті ақауларға әкеледі. Статистика бойынша, туабітті алыстан көрмеушілік, туабітті   глаукома  диагнозы өте  көп. Егер  ауру-сырқаудан аман-есен туған балаға таза ауада жүру өте маңызды. Шыны керек, қазіргі балалар серуендеуді білмейді. Серуендеу кезінде алысқа, жақынға қараймыз, келе жатқан адамға, жан-жағымызға, ғимараттарға қараймыз. Мұның өзі көздің бұлшықеттеріне гимнастика болып  табылады.

– Мал бағатын кісілер алыста жүрген малдың қарасын кімдікі екенін анық ажырататыны сондықтан екен ғой. Өйткені олар шөпті де, алыстағыны  да  кең  далада  жүріп  көре  алады.

– Біз 24 сағат үйде отырсақ, жарық өшсе де бас миымызда қалыптасқан  жолдармен жүре аламыз. Сақталып қалған жолмен жүрген соң көз де жұмыс істемейді. Таза ауада серуендемей, көзге ешқандай керемет тамшы да, керемет дәрумен де көмектеспейді. Көзге қажетті дәрумендерді тағамнан алған дұрыс. Ол үшін тамақтану рационы дұрыс әрі қалыпты болуы шарт. Тамағымыз дұрыс болып, асқазанымыз дұрыс қорытпаса, тағы болмайды. Тағамның құнарлылығы да жоғары болу керек, 30 пайыз ақуыз, 30 пайыз көміртегі, 40 пайыз дәруменге  толы  тағам.

– Бұған дейін бір жанайқайыңызды  жаздыңыз…

– Тұрмыстық жағдайдағы көз жара­қаты  Алматы қаласында 2019-20 жылды салыстырғанда 20 пайызға дейін азайды. Оған өте қуаныштымын. Оған дейін әр кезекшілік сайын балалардың көз жарақаты көп еді.  Жанардың астыңғы, үстіңгі қабаты, қасаң қабығын тігу жағдайлары жиілеген. Енді  ғана дамып, өсіп келе жатқан  баланың көз жанарын тігу менің жүрегімді ауыртады. Болашағына алаңдаймын. Қауіпсіздіктің  алдын  алудағы ең бірінші жағдай – тәрбиелеу. Содан кейін қауіпсіздікті сақтау. Баланы  сақтандыру  керек.

– Астигматизм  туралы айтсаңыз…

– Қазір мектепке 1-сыныпқа барған оқушылардың орта есеппен 5 па­йызы көзілдірік киеді. Ол 11-сыныпты бітіремін дегенше 35-40 пайызға дейін көтеріледі. Офтальмологтардың жыл сайынғы статистикасында дәлелденген факт. Бұған ең әуелі смартфонды көп қолдану себеп болады. Одан кейін партада отыру ережесінің сақталмауы. Омыртқа сүйегінің зақымдалуы көздің көру қабілетіне тікелей әсер етеді. Айта кететін жайт, қазір әлемдік жағдайға байланысты оқушылардың дені  онлайн  форматта  оқып  жатыр. Монитор отырған қалыпта бастан 10 сантиметр төмен, ал көзден 50  сантиметр алшақ, парта кеудеден 10 сантиметр төмен орналасуы шарт. Көз ауруы – тек жекелей емделмейді, ол жан-жақты мамандармен кеңесе отырып емделетін ауру.

– Орта  жастағы  адамдар  көзін  қалай  күткені абзал?

– 40 жасқа дейін пациенттерде ең көп кездесетін ауру – инфекциялық аурулар санатындағы көздің іріңдеуі, жасаурауы және катаракта. Әсіресе осы катаракта ауруы жасарып келе жатыр. Бұрын 60-80 жастағылар ауырса, қазір 40 жас шамасындағы адамдарда жиі кездеседі.

– Көздің шел басуы дегеніміз сол катаракта ма, әлде…

– Қазақша солай айтылады, одан бөлек тағы да көзге ет өсу деген бар. Ол катаракта емес, птеригиум деп аталады. Оның негізі көздің құрғауы болып табылады. Адам 50 жастан асқаннан соң алыстан көру қабілеті артып, жақыннан нашар көреді. Оның нақтамасы – пресбиопия. 40 жастан кейін міндетті түрде окулистік тексерістен өту керек. Көптеген аурулар осы жастан әрі қарай дамуға  бейім.

– Пияз аршыған көзге пайдалы ма?

– Егер пияз, сарымсаққа аллергия болмаса, оның ешқандай зияны да, пайдасы да жоқ.

– Ал көзге картоп басу, шаймен жуу дегендерге не айтасыз?

– Бұл әрекеттерді істеген дұрыс емес. Өйткені шай жапырақтары үлкен плантацияларда өседі, жиналады, күн көзіне кептіріледі. Шаң-тозаң болып бізге келеді. Яғни, таза емес. Көздің қасаң қабығына шаңды нәрсе тигізуге болмайды. Көз күтімінде таңертең жылы сумен жуып, гимнастика жасап, серуендеу керек. Телефон қарап отырғанда 20-30 минут сайын үзіліс жасау керек.

– Суқараңғылықтан  (глаукома)  қалай  сақтануға  болады?

– Бұл ауруға бір нәрсе ғана әсер етеді деп айта алмаймыз. Оның туындауына себеп те, салдар да көп. Оған көздің жас жолдарының қатысы жоқ. Үстіңгі және астыңғы жас жолдары көзді, одан кейін мұрынды ылғалдандырады. Жылаған кезде мұрнымызды тартатынымыз сондықтан. Көзімізде ірің пайда болса, онда көз-мұрын жолдарының бітелуі деген сөз. Ал көздің қысымын жылына бір рет офтальмологқа барып тексерту керек. Егер көз қысымы ұлғайса, көздің нерв талшықтарына да әсер етеді. Көзді кір қолмен ұстауға болмайды, конъюнктивит ауруы осыдан шығады. Әсіресе кішкентай балаларда көп кездеседі. Оның да бірнеше түрі, бактериалды, аллергиялық, вирустық  түрі  бар.

– Сұхбатыңызға  рақмет.

Сұхбаттасқан 

Амангелді  Сейітхан

Қағазға  түсірген  Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: