Осыдан төрт жыл бұрын барлығымыз терезеге телмірдік те қалдық. Себеп – корновирус инфекциясының көптеп таралуы болды. Тіпті, далаға шығуға заңмен тыйым салынды, көшелерде у-шу мүлде жоқ. «Тыныштық кімге жақпайды?» деуші едік, КОВИД-19-дың дәуірлеген шағында тынышталуға, артық қадам жасамауға тура келді. Тіпті, жөтелген адамнан қорқатынды шығардық. Коронофобияның әсері әлі күнге дейін басылмады. Түшкіріп-пысқарғандарды көрсек, ішіміз «қылп» ете қалатын күйдеміз. Дегенмен, ахуал өзгерді. Ауру көзі қайтты деп, екі жылдан кейін бөркімізді аспанға лақтырып қуандық. «Ауру-сырқаудан аманбыз» десе, соның өзі жүзге жымиыс ұялатты. Құдайға тәубе дейік. Бірақ, «дерт деген демде екен» демекші, қуанышымыздың соңы қызылшаға апарып тіреді. Ата-бабамыз атын тура атамайтын бұл диагноз балалар арасында көптеп таралуда.
Жалпы, республика бойынша қызылша ауруымен ауырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Жұқпалы ауру санатына жататын бұл диагноз денеде бөртіп пайда бола бастайды. Қып-қызыл болып көзге қорқыныш ұялататын аурудан жазылу мерзімі иммунитетке байланысты әртүрлі. Өткен айда денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингінде қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екенін айтып өтті.
Вице-министрдің айтуынша, қызылшамен ауырудың жоғары деңгейі Шымкент қаласында, Жамбыл, Алматы облыстарында және Алматы қаласында тіркелген.
– Вакцина алмаған балалар 71%-ті құрайды. Бұл ретте, 60% – бала екпеден бас тартуға байланысты, 18%-і – медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 21% – егу жасына жетпеген балалар, – деді вице-министр.
Ал облыстағы статистика қандай?
2023 жыл басынан бері Қызылорда облысында лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 708 жағдайы тіркелген. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 611 жағдай анықталды, оның ішінде 163 жағдай – 1 жасқа толмаған сәбилер арасында. Ересек тұрғындар арасынан 97 науқас анықталған. Мұны облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасарының өңірлік коммуникациялдар қызметінде берген брифингінде білдік.
– Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмаған, олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 67%-ын құрады, оның ішінде медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты егілмегендер үлесі – 18%, егілетін жасқа жетпегендер үлесі – 34%, вакцинадан бас тартқандар үлесі – 46%, сондай-ақ жоспарлы вакцина алуға тиісті мерзімде негізсіз себептермен (жол жүріп кету, тұрғылықты мекенжайынан тыс жерде болу, т.б.) екпе алмай жүргендер көрсеткіш 2%-ды құрады. Бұдан бөлек, 86 науқастың қызылшаға қарсы иммундық мәртебесі белгісіз екендігі анықталды. Ауырғандардың ішінде екпе алған науқастар да бар, алайда олар қызылшаға қарсы екпенің толық курсын алмаған, тек 1 дозасын алған, яғни ағзада толық иммунитет қалыптаспағандар арасынан ауруды жұқтырып алу деректері болып отыр, – деді Әлия Әбдіқайымова.
Жеке-жеке тоқталсақ. Облыс бойынша анықталған деректердің басым бөлігі, яғни 506 жағдай Қызылорда қаласының үлесінде екен. Аудандар бойынша көрсеткіш Аралда – 62, Қазалыда – 32, Қармақшыда – 12, Жалағашта – 5, Сырдарияда – 9, Шиеліде – 75 және Жаңақорғанда – 7.
Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіл әлемде күрделенуінің себебін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы салдарынан халық арасында қызылша ауруына қарсы вакциналау барысының төмендеп, екпеден бас тартушылар санының артуымен байланыстырады. Себебі ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын, ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдардың үлесі басым.
Бүгінгі күні қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру бойынша алдын алу шаралары тұрақты жүргізілуде. Мұны облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова айтып өтті.
– Атап айтқанда, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 14 наурыздағы №1 Қаулысына сәйкес:
1) шетелдік азаматтарды қоса алғанда ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін қызылшамен ауыратын науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірмей байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдарға шұғыл вакциналау жүргізілуде;
3) аурудың соңғы жағдайы анықталған сәтінен бастап 21 тәуліктің ішінде байланыста болған адамдар күнделікті медициналық бақылауға алынуда;
4) вакциналаумен төмен қамтылған, халықтың қиын қолжетімді топтары бар және көшіп-қонушылардың, тіркелмеген адамдардың саны жоғары аумақтарға аса назар аудара отырып, өңір бойынша 30 жасқа дейінгі адамдардың егілуіне талдау жүргізу, Қазақстан Республикасының азаматтары арасында қызылшаға қарсы егілмеген және егілуі туралы деректері жоқ адамдар анықталған кезде ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін оларды бір рет иммундау бойынша шаралар қабылдануда;
5) ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін бұрын қызылшаға қарсы егілмеген 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін вакциналау жүргізілуде;
6) вакцинамен басқарылатын инфекциялардың профилактикасы және иммундаудан бас тартулар салдары бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы күшейтілді, – деді брифингте.
Бұдан бөлек ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 01 қарашадағы №7 Қаулысына сәйкес Республика көлемінде қызылша ауруының 11 мыңнан астам жағдайына жетіп, оның 70%-дан астамын егілмеген балалар құрайтын, қызылшамен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында осы жылдың 6 қарашасынан бастап, 6 айдан 10 ай және 29 күнге дейінгі балаларды қызылшаға қарсы қосымша иммундау басталады. Ал 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларды ауруға қарсы қосымша егу ҚҚП-ға қарсы вакцина партиясы түскеннен кейін осы жылы 5 желтоқсаннан бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар қызылшаға қарсы профилактикалық екпелері жоқ, сондай-ақ 2019-2020 жылдары және 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша жүргізілген осы инфекцияға қарсы алдыңғы қосымша жаппай иммундау барысында қызылшаға қарсы егілмеген медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері де қосымша иммундауға жатады.
Бұл ретте 6 айлық балаларды қызылшаға қарсы ҚЖИ қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалар мен медицина қызметкерлеріне 2023 жылғы желтоқсаннан бастап 2024 жылғы қаңтар аралығында жүргізіледі.
Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақтылы вакциналау. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, екпе тегін жүргізіледі. Вакциналау үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен қоса қолданылады.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары осылай дейді.
Айта кететін жайт, облыста былтыр қызылша ауруына шалдыққандар тіркелмеген.
Облыстағы ахуал – осы. Негізі, қызылша ауруы – әлем бойынша дендеп келе жатқан диагноз. Мұнымен көбінесе неге балалар ауырады десеңіз, қазір жасөспірімдерде аурудан сақтану, қоршаған ортадан сәл оқшауланып, күтіну қағидалары әлі қалыптаса қойған жоқ. Ізінше балалар түрлі ортада осындай ауру аранына ілігуі мүмкін. Жә, бұған балалар ғана емес, ата-ананың аса көңіл бөлмеуі де себеп. Медициналық сұйықтықтар, бетперделер тағу қажет уақытта оны пайдаланбаймыз. Соңында қызуымыз көтерілгенде барып, күтім қамына кірісеміз. Оның үстіне қызылша жұқтырған адамда аурудың бірінші белгісі – әлсіреу мен қызудың көтерілуі. Мүны түсінбегендер салқынның әсері деп ойлап, денесін жылы ұстауға көшеді. Содан кейін қызыл бөртпелер пайда болғанда ыстықтың әсеріне жаба қоямыз. Бұл адамның өзіне ғана емес, отбасына, қасындағы адамдарға да жұғып, зиянын тигізеді. Осы кезеңнің барлығын өткерместен бұрын алғашқы симптомдарда дәрігерге қаралып, кеңес алсаңыз, сіз де, басқалар да қиналмайды. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік. Өйткені, қызылшаны қауіпсіз демеңіз…
Ердәулет ҚАЛИЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!