Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылшамен ауыратындар неге көбейіп кетті?

01.06.2023, 10:20 150

Қызылша – эпидемиялық вирусты ауру. Жыл басынан бері елімізде бұл дертпен ауырғандар саны күрт өсіп тұр. Оның басым бөлігі – балалар. Иә, өңірдегі мамандар да бұл эпидемиологиялық жағдайдың мәз емес екенін айтып, дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, ауырғандардың барлығы қызылшаға қарсы екпе алмаған дейді. Әлем бойынша да бұл мәселе өршіп келеді.

– Бүгінгі күні дүниежүзіндегі бір­қатар елде қызылша ауруы бойынша тұрақсыз жағдай қалыптасты. Біздің елде де бұл жағдай басты түйткілге айналуда. Ауырғандардың басым бөлігі дертке қарсы екпе алмай, нәтижесінде қызылша  ауруымен ауырып  қалып жатады. Бүгінгі таңда облыс бойынша 18 жасқа дейінгі 3092 азамат­тың екпе алмағаны анықталып, қазір екпеден бас  тартқан тұрғындармен тұрақты  жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді Қызылорда облыстық санитар­лық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.

Биылғы жылдың 4 ай қорытындысы бойынша республикада қызыл­ша ауруының 269 дерегі тіркеліп, оның  ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасын­да – 222, ал жасөспірімдерден – 3, ересектер арасында 44 науқас анықталған. Ал өңірімізде бүгінгі күні бұл ахуалдың тұрақты екені айтылды. Дегенмен, қазіргі таңда бір үйде бірнеше баланың ауруы айтпасақ та белгілі. Балалар мен жасөспірімдердің арасында көп кездесетін қызылша ауруы­ның асқынуы қайғылы жағдаймен де аяқталу қаупі бар. Сондықтан, дер кезінде алдын алу шарасын қолға алу аса маңызды. Бұл бағытта санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің атқарған жұмысына да  тікелей  байланысты.

– Иммунитеті жоқ кез келген адам қызылшамен ауруы мүмкін. Балалар және жасөспірімдер арасында қызылша ауруының өршу себептері сол, қызыл­ша – тез таралатын жұқпалы ауру. Бұл дерт, әсіресе ұйымдасқан, яғни бір жерде шоғырланған балалар арасында және бұрын вакциналанбаған балалар арасында өршу қауіпі жоғары. Апта сайын жүргізілетін мониторинг нәтижесі бойынша елімізде қызылша ауруы 1-9 жас балалар арасында белең алуда, яғни ұйымдасқан балалар арасында жиі тіркелуде, – дейді  департамент  басшысы.

Мамандардың айтуынша, вакцина салдырмағандар арасында індет ауыр өтеді. Сондай-ақ, қызылшаға қарсы екпе баланың бір жасында, одан кейін алтыға келгенде салынады. Бұдан соң аурудан қорғаныш көрсеткіші 95 па­йызға жоғарылайды. Ал екпе алмаған балалардың денсаулығында әлсіздік болып, кез келген ортадан жұқпалы дертті жұқтырып алуы басым болады. Қызылшаның алғашқы белгілері суық тиюдің белгілеріне өте ұқсас. Бөртпе шыққан күннің өзінде нақты диагнозы зертханалық сараптамадан соң анықталады. Алғашында адам бойынан дене қызуы байқалып, әлсіз­дік пайда болып, бас ауырып, тәбеті төмендеп, ұйқы бұзылып, одан ке­йін дене қышып, үстінде қызыл бөрт­пе­лер көрінсе, қызылша  ауруының бастапқы жолдары деген сөз. Ауруды асқындырып алған жағдайда оның белгілері, яғни инфекция адам ағзасында көп жыл бойы сақталуы мүмкін. Әлсіреген кезде қайта белең алып, басқа да созылмалы аурулардың бас көтеруіне алып келеді. Көп жағдайда өкпенің қабынуы, вирустық пневмония, балалардың көзіне коньюктивит түрінде зақым келуі және энцефалит мидың қабынуына ұрындырып, тіпті өлімге  әкелуі  мүмкін.

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, қызылша ауруына 5 жасқа дейінгі балалар көп шалдығады екен. Ал бүгінгі таңда бұл жағдайдың тұрақсыздануына соңғы 3 жыл көлемінде COVID-19 бойынша қалыптасқан қолайсыз эпидемиологиялық ахуал себепші десек те болады. Соның салдарынан қызылшаға қарсы вакциналаумен қамтудың және ауруды эпиде­миялық бақылаудың төмендеуіне алып  келіп, өз кезегінде бұл қызылша ауруы әлем бойынша өршуде. Бұны мамандарымыз  да  растап  отыр.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: