Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Соңғы тәулікте 3 жағдай тіркелді

05.05.2020, 10:07 200 0

HALYQLINE.KZ –| Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 217 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан анықталған 3 жағдай туралы бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 217 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 3 жағдай анықталды. Оның біреуі – Атырау қаласында вахтада болып келген жұмысшылардың арасынан тіркелді. Ол Атыраудан қаламызға алғашқы келген рейсте вирус жұқтырған науқаспен қарым-қатынаста болып, карантиндік бақылауға алынған. Екінші науқас – облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының кіші қызметкері. Ол медицина қызметкерлерін скринингтік тексеруден өткізу барысында белгілі болды. Үшінші науқастың дене қызуы көтеріліп, қалалық жедел жәрдем бөліміне хабарласқан. Аталған тұрғын ЖРВИ диагнозына скринингтік тексеруден өткізіліп, одан тест сынамасы алынған. Сынама тест қорытындысы оң нәтиже берген. Осы үшінші науқас қалада жаңа ошақ ретінде анықталып отыр. Осылайша, Қызылорда қаласында коронавирустық инфекцияны жұқтырғандар саны 80 адамға жетті», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 217 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 3242. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1746, потенциалды байланыста болғандар – 1496 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 79, правизорлық стационарда – 25, карантиндік стационарда – 411 адам бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 471 тест сынамасы жасалыпты.

«Соңғы тәулікте 471 тест сынамасы жасалды. Оның 453-і теріс мәнді болып шықты. Үшеуі оң нәтиже берді. Ал, 15-і әлі тексерілу үстінде. Бүгінде облысымызда 5297 тест сынамасының қоры қалды», – деді ол.

Сондай-ақ, басқарма басшысы соңғы тәулікте анықталған науқас туралы да пікірін айтты.

«Бүгінде облыстағы карантин талаптарының маңызы – қарым-қатынас арқылы таралудың алдын алу. Осыған орай, мынаған баса назар аударғым келеді. Соңғы анықталған науқас, яғни, жаңа ошақтағы тұрғын осы қауіпті індетті жұқтырудан өзін қалай қорғады? Қаншалықты сақтық шараларына мән берді? Өзі жұқтырғаннан кейін отбасын қалай сақтандырды? Әрине, оның отбасындағы және қарым-қатынаста болған адамдар бақылауға алынып, тест сынамасы жасалады. Осы жағдайдан кейін аталған тұрғынның өзін қорғауға қаншалықты мән бергеніне баға беріледі. Сіздерді тағы да қарым-қатынас арқылы індет жұқтырудың алдын алуға шақырамын», – деді Ж.Әбілқасымұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: