Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысында 3 медициналық нысан салынады

05.04.2023, 12:00 182

HALYQLINE.KZ «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында көпсалалы аурухана мен Қан орталығының құрылысы жалғасуда. Мұнан бөлек, Шиелі ауданының Досбол би ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында хабарлады.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде аймақтарда медициналық нысандар құрылысын салуды жалғастыру көзделген. Оның ішінде Қызылорда және Павлодар облыстарында көпсалалы аурухана, Қызылорда қаласында Қан орталығының құрылысын жалғастыру жоспарлануда», – деді ведомство басшысы.

Аталған жоба аясында Қызылорда облысында алдағы 3 жылда 27 денсаулық сақтау нысаны салынбақ. Атап айтқанда, 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылысының тізімі Үкімет қаулысына енгізілді.

Соңғы жылдары Қызылорда облысының денсаулық саласында оң өзгерістер байқалып келеді. Бүгінгі таңда облыс аумағында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медицинамен қамту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы медициналық ғимараты жоқ Арал мен Қазалы аудандарында 2 медициналық бекет пайдалануға берілген. Сондай-ақ, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған емхананың құрылысы аяқталды. Аталған емхана 80 мыңнан аса тұрғынға қолжетімді және жоғары сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді.

Бұдан өзге облыс аумағындағы медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға 2022 жылы 1523,9 миллион теңге қаражат бөлінді. Нәтижесінде өңірдегі ауруханалардың құрал-жабдықтармен қамтылу көрсеткіші 83,5 пайыздан 85%-ға дейін көтерілетін болады.

«Бөлінген қаражат шеңберінде 536,8 миллион теңгеге Қармақшы және Шиелі аудандық ауруханасына компьютерлік томограф, №3 Қалалық емхана, Арал және Жаңақорған ауданаралық ауруханаларына 443,9 миллион теңгеге видеоэндоскопиялық жүйесі, Қалалық орталық емханаға 36,5 млн теңгеге цифрлы стационарлық флюрографиялық рентген аппараты, №3 Қалалық емханаға 48,1 миллион теңгеге радиографиялық рентген жүйесі, №5 Қалалық емхана 49,5 миллион теңгеге маммографиялық рентген жүйесі аппараттары сатып алу жоспарлануда», – дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Одан бөлек, облыстық жедел жәрдем стансасына 20 дана санитарлық автокөлік сатып алынды. Ал, биыл республикалық бюджеттен 3,5 миллиард теңгеге медициналық бұйымдар сатып алу көзделуде. Қызылорда облысында көп бейінді аурухана салу жұмыстары да қолға алынған. Оның ішінде бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орнына арналған көп бейінді аурухана салу жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Одан басқа, әкімдік тарапынан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет қаражаты есебінен жоспарланған инвестициялық жобалардың тізбесін енгізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. Осыған орай, аталған нысан құрылысын бастауға республикалық бюджет есебінен биылғы жылға 750,0 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда конкурс рәсімдері жүргізілуде. Қазіргі таңда құны 6,5 миллиард теңге болатын 15 дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Нысан құрылысына жер учаскесі бөлініп, инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. Олардың қатарында Арал ауданы Бөген, Қызылжар, Қазалы ауданы Каукей, Абай, Бозкөл, Қармақшы ауданы Дүр Оңғар, Тұрмағанбет, Ақжар, Жалағаш ауданы Есет батыр, Мырзабай, Сырдария ауданы Н.Ільясов, Шиелі ауданы Досбол би, Бала би, Бұланбай бауы, Жаңақорған ауданы Қаратөбе және Арал ауданы Көктем елді мекендері бар.

Қалған 9 дәрігерлік амбулатория Арал ауданы Тоқабай, Жалағаш ауданы Қаракеткен, Шиелі ауданы Ортақшыл, Тәжібаев, Тартоғай, Бестам, Алмалы, Жаңақорған ауданы Талап, Әбдіғаппар мен Қармақшы ауданы Қармақшы және Қуандарияда 2 фельдшерлік-акушерлік бекет құрылысына 2023 жылы типтік жобаға байланыстыру жүргізілетін болады. Бүгінде жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласында құны 2,7 миллиард теңгені құрайтын облыстық қан орталығының құрылысы жүргізілуде. Аталған орталықта қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткіші жылына 500-ден 10 мыңға дейін жеткізіледі деп жоспарлануда. Нысан құрылысының аяқталу мерзімі 18 ай деп бекітілген. 2023 жылға нысан құрылысын аяқтауға 867,2 миллион теңге, 2024 жылға – 1447,5 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарлануда. Орталық 2024 жылы ақпан айында пайдалануға берілмек. Қызылорда облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жалпы құны 9,7 миллиард теңгені құрайтын 30-ға жуық нысан құрылысы жоспарлануда. Атап айтқанда, 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылысының тізімі Үкімет қаулысына енгізілді. Оның ішінде, 15 медициналық амбулатория мен 1 медициналық бекеттің құрылысы биыл салынатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: