Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: «Науқастардың 80%-ының жағдайы қанағаттанарлық»

10.04.2020, 9:24 767

HALYQLINE.KZ –| Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 104 адамға жетті. Бүгін соңғы тәулікте жаңадан анықталған 12 жағдайдың мән-жайын облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 102 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 12 жағдай анықталды. Оның алтауы – Сырдария, үшеуі – Шиелі, біреуі – Жаңақорған ауданынан және 2 науқас – Қызылорда қаласынан. Соңғы анықталған 12 науқас та – алдында анықталған науқастармен қарым-қатынаста болғандар. Шиелі ауданындағы 2 науқас – Қодаманов ауылынан, 1 науқас – Бала би ауылынан. Осы науқастардың барлығы жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылып, тиісті емдерін қабылдауды бастады», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 104 адам, правизорлық стационарда – 60, карантинде – 450 адам ем қабылдап жатыр. Барлығының жағдайы – қанағаттанарлық.

Ал, Covid-19 індетін жұқтырған өңірдегі 104 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 1143. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 564, потенциалды байланыста болғандар – 579 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған.

Басқарма басшысы атап өткендей, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 (Б) елдерінен 109 адам келген. Оның барлығы үй карантинінде бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, Қызылорда облысы – коронавирустық инфекция жұқтырған науқастардың саны бойынша республикада үшінші орынға шыққан.

«Осы ретте, ең алдымен, «біз республика бойынша үшінші орында тұрмыз» деп үрейге, қобалжуға бой алдыруға болмайды. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының бойында үрей басым. Айтарымыз – өңірде үрейге бой алдыруға еш негіз жоқ. Біздің облыста анықталған науқастардың барлығы – осы инфекцияны жұқтырудың ерте сатысында анықталды. Бәріне қажетті, тиісті ем-дом жасалуда», – деді басқарма басшысы.

Бүгінде облыста анықталып отырған 104 науқастың 80 пайызының жағдайы қанағаттанарлық. Осы науқастардың 72 пайызында қауіпті індеттің ешқандай белгілері білінбейтін көрінеді. Өздері ешқандай ауырсынуды сезбейді екен.

«Біздің қорқатынымыз – науқастардың өкпе қабынуы. Себебі, осы індетке шалдыққандардың алдымен тыныс жолдары ауырлап, кейін төменгі өкпеге түседі. Өкпе қабынуы басталса, жағдайлары қиындайды. Бірақ, біздің облыстағы науқастар уақытылы анықталып, басым көпшілігі бұл жағдайда жеткен жоқ. Біздің дәрігерлер ерте анықтау үшін барлық жағдайды жасап отыр. Науқастарды ерте сатысында анықтау – басты мақсат», – деді ол.

Басқарма басшысы, брифингте облыс тұрғындары кез келген жағдайда қажетті медициналық көмекті толық алатынын жеткізді. Сондай-ақ, ауру анықталған ошақтарда қауіп төнгеніне қарамастан аймақтың дәрігерлері күні-түні еңбек етіп жатыр. Сондай-ақ, коронавирустық инфекция жұқтырған жүкті әйелдің арнайы ғимаратқа оқшауланып барып, босанғанын жеткізді.

«Кеше босанған жүкті әйелге келсек, арнайы бөлінген ғимаратта аман-есен босанды. Оны дер кезінде оқшауладық. Яғни, перинатальдық орталықтағы басқа жүкті әйелдермен бірге босанған жоқ. Біздің акушер-гинеколог мамандар қауіпті болса да, барлық қажетті нәрсені жасады», – деді Ж.Абдусаметов.

Сонымен қатар, облысымыздағы енгізілген каратин жұмысы өз нәтижесін беріп келеді. Мәселен, кеше 23 жағдай анықталса, бүгін 12 жағдай тіркеліп отыр.

«Осы уақытқа дейінгі анықталған науқастар карантин енгізілгенге дейін бақылауға алынған болатын. Кеше 23 жағдай анықталса, бүгін 12-ге төмендеді. Осы 12 науқас зертханаға тапсырылған 162 сынама-тестінің арасынан анықталды. Біздің сырбойылық мамандар қауіпті індетті ерте сатысында анықтау үшін бәрін жасауда және жұмыстары нәтижесіз емес. Сондықтан, үрейге бой алдырмауға, карантин, оқшауланы талаптарын сақтауға шақырамын», – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, бүгін Қызылорда коронавирум жұқтырғандар саны 104-ке жетті. Оның ішінде, Қызылорда қаласында – 12, Жаңақорған ауданында – 17 жағдай, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 55, Сырдарияда – 14, Арал ауданында – 2 жағдай тіркеліп отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: