«Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтпаған. Денсаулық – өмір, өмірдің әр күні – қайталанбас мүмкіндік. Бұл – он екі мүшеңнің амандығына, деніңнің саулығына, әр алған демің, көргенің мен естігенің, ойлай және сөйлей алғаның, ас ішіп, әл-қуатыңды күшейткенің үшін шүкіршілік етуге және алғыс айтуға, жаны жайсаң жандарды құрметтеуге берілген мүмкіндік. Осы Алланың берген денсаулығыңның арқасында өткен өміріңе шүкіршілік жасайсың. Өткеніңді ой елегінен өткізіп, бүгінгіге көз жүгіртесің, әрине, бұл жоғарыда айтқанымдай, он екі мүшенің саулығында. Ата заңымызда «ең қымбат қазынамыз – адам мен оның денсаулығы» делінген. Адам денсаулығын нығайту мақсатында әртүрлі аурудың алдын алу және науқас адамдардың ауру түрлерін дөп басып, Гиппократ антына берік, сөздері майда, қолдары жеңіл, әрбір науқасқа құрметпен қарап, адам жанының арашашысы болып жүрген қаншама жандар бар.
«Тұлпардың да тұлпары бар, қазанаты бір бөлек, жігіттің де жігіті бар, азаматы бір бөлек» деген аталы сөз жайсаң азаматтарға, жақсы адамдарға қаратып айтылады ғой. Кеудесінде адамдық, адалдық сезім, санасында жарық сәуле қалыптасқан адамдардың абырой биігіне көтеріліп, елдің ықыласына бөленетіні анық. Осы орайда қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген керемет сөз бар. Мен де бірнеше рет көзбен көріп, ойға алғандарымды көңілге түйіп, шынайы қызметтеріне лайық жандарға облыс көлемінде кең тараған, халықтың мұңын мұңдайтын, жақсылыққа қол ұшын созатын, оқырмандар сүйсініп оқитын «Халық» газеті арқылы бүгінгі таңда халыққа өз білімін сарп етіп, қолынан келгенше адам жанының арашашысы болып жүрген дәрігерлер мен аяжандарға ризалығымды білдіргім келеді. Осы ретте, облыстық көпбейінді аурухананың эндовоскулярлық бөлімнің меңгерушісі, хирург Нұрлан Тоқтағанұлы және ол бастаған ұжымның біліктілігі және ауызбіршіліктері жайлы сөз етпекпін. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген. Басшыға қарап түгел ұжым бойын тіктейді. Өз қызметіне лайық болуға ұмтылады. Нұрлан Тоқтағанұлы бастаған эндовоскулярлы бөлімінің атқаратын жұмыстары өте ұқыптылықты, білімділікті, тәжірбиелікті талап етеді.
Адам ағзасындағы ірілі-уақты барлық қан айналымдардың, жүйкелердің қалай жұмыс істеп тұрғанын анықтай келе, олардың бітелу жолдарын ашып стенді қояды. Тамырлардың бітелуі болғанда, нақты қай жерлерге ота жасалуы керектігін анықтап, ота жасалынады. Әрине, бұл айтуға оңай. Ауыр науқастардан адам өмірін сақтап қалу біліктілікті талап етеді. Бұрын науқастар Астана, Алматыға баратын болса, 2009 жылы облыстық ауруханаға ангография аппараты келіп, аурулар жоғарғы жаққа бармай өз облысымызда емделетін болған. Әрине, жауапты жұмыстарды жүргізу үшін білікті маман керек болды. Жас маман, тәжірибелі хирург Қызылорда қаласында 1969 жылы дүниеге келген. 1998 жылы Алматы медициналық инстутын бітіріп, облыстық аурухананың реанимация бөлімінде, кардиология бөлімінде дәрігерлік қызметте жүріп, Москва, Алматыда Сызғанов институтында, Литва, Америка, Жапонияда тәжірибе жинақтаған, эндовоскулярлық бөлім ашылғаннан бері, яғни 2009 жылдан осы кезге дейін осы бөлім меңгерушісі болып талай жанның ауру түрлерін анықтап ота жасай білген, жүрек тамырларынан бөлек, бас ми тамырларына, асқазаннан қан кеткенде онкология, жалпы адам құрылысының барлық жерлеріне ота жасай біледі.
«Ең ауыр кезеңдер ковид кезеңінде болды, үйде болмай осы ауруханада талай аурудың жанына араша болдық. Адам болғаннан кейін өз бойындағы жақсы қасиеттерді, игілікті істерді жаныңдағы адамға үйрете білу азаматтық парыз деп білемін Мен осы кезге дейін облыста бес шәкіртті тәрбиеледім. Аллаға шүкір, барлығы да өз ісінің маманы болып халықтың алғыстарын алуда, халықтың алғысы үлкен марапат емес пе? Атап айтсам, Қазалы аудандық ауруханада біздің бөлімшеміз бар. Арал, Қазалы, Қармақшы ауданв тұрғындарын емдейтін онда Кенесары Беспаев есімді шәкіртім бар, осы бөлімде Азамат Қожахметов, Нұрбол Базарбаев, Нұрлыхан Қасымов, Қанат Мағдиновтер бар. Бұл аталған бес шәкіртім оталардың қай түрі болса да сәтті жасауда. Қай дәрігер болмасын, қасында көмекші аяжандары болады. Аяжандардың да міндеттері ауыр, отаның жеңіл өтуіне үлкен себепкер болады, оларды атамай өту мүмкін емес. Атап айтсам, аға аяжан Гүлмира Піралиева, Гүлзада Әлмұқанова, Сәуле Шоманова, Ұлжан Нұрабаева, медбраттар Мамытов Асхат, Тілегенов Ерлан, Тоқанов Сәбит және тазалықшылар Мәмбетова Жеңісгүл, Найманова Жаңыл. Ұжымның ауызбірлігі, бір-біріне сыйластығы,бір-бірімен іс-тәжірибені бөлісуі, науқастардың көңілінен шыға білуі мені қуантады. Күніне жиырмадан астам ота жасаймыз. Отаның сәтті өтуі – біздің міндетіміз. Гиппократ алдындағы антымыз», – дейді ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, дүниежүзілік екі патенттің иесі Нұрлан ініміз.
Ұжымға келешектерің келісті, еңбектерің жемісті болсын деген тілек білдіремін.
Сердалы Шалбаев,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!