Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда маймыл шешек індетінің таралу қаупі бар

09.06.2022, 9:40 1229

Дүниежүзі бойынша көргенде адам шошитын, естігенде денесі тітіркенетін аурулардың атауы мен түрінде шек жоқ. Тек оның бірін естісек, басқасын білмей де қалып жатамыз. Қазір әлеуметтік желінің дамуы барысында жер жүзіндегі бүкіл ақпараттан хабардармыз. Ол аурулардың зерттелгені мен анықталмай жатқаны қаншама!? Ғалымдарымыздың айтуы мен әлеужеліден көріп, құлақтануымыз бойынша Үндістан мемлекетінде оба түрі басым көрінеді. Әсіресе, жұқпалы дерттің өршитін мекеніне айналған деуге саяды. Бұндай жедел жұғатын індеттердің негізгі тасымалы адами фактор екені хақ. Ал мұндай жайылмалы аурулардың өршуі сауда-саттық пен саяхаттау әсеріне тікелей байланысты. Жасыратыны жоқ, біздің де елімізде атауы жаман аурудың белең алған кезі болған. Бірақ, мақтағанымыз емес, індетті артынша ауыздықтап отыратын елміз.

Себебі, сол кезде қазақы емдеу тәсілдерінің пайдасы мол болды. Ал әлемді шарпыған тәжвирус індеті біраз адамды жалмап өтті. Қазір ол да ұмытылғандай. Дегенмен, тарихта ізін қалдырғаны анық. Бүгінгі таңда, жаңалықтың басты бетіне айналып жатқан, түрін көріп үрейленетін, естір құлаққа атауы жағымсыз жұқпалы маймыл шешек ауруы таралып жатыр. Бұл ауру жабайы жануар түрлерінен жұғады екен. Басқа жұқпалы обалардан айырмашылығы адамға ауа арқылы берілмейді. Сонымен қатар, ол – аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жататын зоонозды инфекция. Алыс құрлықта орналасқан елдерде енді ғана таралып жатқандықтан, бізге келмейді деудің мәні жоқ. Өйткені, ең бірінші Ұлыбритания мемлекетінде анықталып, небәрі 10 күнде АҚШ, Аустралия, Канада және Еуропаның бірқатар елінде таралған. Сондықтан қорғаныш қалқанымызды сайлап, барлығына қарсы тойтарыс беруге дайын болуымыз керек. «Сақтансаң – сақтайды» дейді, бұл тәмсілдің бүгінгі күнге дейін мән-мағынасының жоғалмауы осыдан.

Зерттеушілердің дерегіне сәйкес, маймыл шешек ауруын жұқтырған адамның дене қызуы көтеріліп, тұла бойдың ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бас айналуымен қоса қалтырайды. Дерт ушыққан жағдайда денесінің барлығы бөртіп кетеді. Сонымер қатар, маймыл шешек індеті бұрынғы шешек ауруына ұқсас келеді екен. Бірақ оған қарағанда адам бойында жеңіл түрде өтеді дейді. Осы таралмалы дертке шалдыққан адамның затын пайдаланып немесе жақын араласса өзіне жұқтырып алу қаупі өте жоғары болады.

Бұл жағдайда бәріміздің көкейіміздегі сұрақ «Маймыл шешек ауруының Қазақстанға келу қаупі бар ма?» болып отыр. Осы тұрғыда Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хат жолдаған болатынбыз. Олардың мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде маймыл шешек ауруына күдікті жағдайы тіркелмеген. Дегенмен жаз айларында, демалыс маусымда тұрғындар арасында басқа елдерге саяхаттау немесе  біздің елімізге миграциялық қозғалыстың жоғарылайтыны белгілі. Соған байланысты шет мемлекетке барған жағдайда азаматтардың жұқтырып алу қаупі жоғары екенін жасырмады. Сондай-ақ, маймыл шешек ауруын адамдар індетті жұқтырған жанның қанымен немесе оның биологиялық сұйықтықтарымен, сонымен бірге, ауру жануардың етін қолдану арқылы да пайда болуы мүмкін деген деректер айтады.

 – Маймыл шешегі ауруы қоздырғыштарына зерттеу республикалық М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында жүргізіледі. Қазіргі уақытта мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылау жүзеге асырылады. Мемлекеттік шекарада аса қауіпті ауруларға күдікті науқасты қашықтықтан термометрия арқылы анықтау (әкелудің алдын алу) бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Елімізде ауруға күдікті немесе науқас тіркелген жағдайда құзырлы органдармен бірлескен шұғыл індетке қарсы және алдын алу шараларының толық кешені жүргізіледі. Бүгінгі күні министрлік деңгейінде ауруды диагностикалауға арналған тест-системаларымен жабдықтау жұмыстары ұйымдастырылуда. Медицина қызметкерлері арасында аурудың клиникасы, профилактикасы жөнінде семинарлық сабақтар ұйымдастырылуда. Туристік компания қызметкерлеріне және шетелдерге шығатын азаматтар арасында  аурудан  сақтану шаралары туралы ақпараттандырылуда, – деді Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ә.Әбдіқайымова.

Маймыл шешегі инфекциясының Covid-19 сияқты таралу жылдамдығы жұғу жолына байланысты жоғары емес. Себебі коронавирус ауа тамшылары арқылы таралса, бұл жұқпалы вирус қатынас арқылы жайылады. Дегенмен, эндемиялық елдерден келген аурулар тасымалданса, өршу қатері болуы әп-сәтте-ақ. Осыған байланысты Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті сақтық шараларын ұсынады:

Біріншіден, маймыл шешек індетінің өршуі тіркелген шет мемлекеттерге баруға шектеу қойылу керек. Келесі, шетелге шыққан жағдайда жабайы жануарлармен байланысты болдырмау, стихиялық және көше саудасы орындарында тамақ ішуден аулақ болу, ет өнімдерінен жасалған тағамдарды мұқият пайдалану қажет. Сондай-ақ, адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде арақашықтық сақтау керек. Қол гигиенасын сақтау – негізгі шаралардың бірі. Сапардан оралғаннан кейін 2-3 апта ішінде мазасыздық, қызба, бөртпе жағдайларын сезінсеңіз, шетелде болғаныңыз туралы міндетті түрде хабарлай отырып, жақын жердегі медициналық орталықтан дереу көмек сұрау керек. Міне, жазғы демалыстың басталуына орай шетелге шығатын тұрғындардың назарына осы шектеулер беріледі.

Айта кетейік, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, маймыл шешек ауруынан Африка елі бойынша 70-ке жуық адам қаза тапқан. Мамыр айынан бері әлемнің 27 елінде тіркеліп, күні бүгінге дейін 780 адам жұқпалы індетке шалдыққан.

Қазіргі таңда халықтың жеке басының гигиенасын сақтау мәдениеті жоғары саналады. Сондықтан таралымы күдік тудырмайтын індеттің салдары біздің ұлттың ұстанатын салауатына мүлде алыс екені қуантады. Дегенмен, әр кезде адамды білместік пен бейғамдық құртады. Десек те,  халқымыз үшін әзірге  еш қорқыныш  жоқ.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: