Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қант диабеті балалар арасында көбейіп барады

08.09.2022, 12:00 671

Елімізде қант диабетіне тегін ем көрсетіледі. Бірақ бұл дертке көптеген адамдар шалдығып жатады. Тегін емнің пайдасы тимегендіктен бе, балалар арасында да қант диабетімен ауыратындар көбейген. Әсіресе, өңірімізде қант диабетіне шалдыққан балалар саны жыл сайын күрт өсіп келеді. «Тегін емдеме, тегін емдесе дәрігердің, тегін емделсе науқастың қадірі кетеді» деп дәрігерлік ілімнің атасы Гиппократ айтқандай, тегін емнің тиімді жағын осы қант диабеті ауруына келгенде оң нәтижесін көріп жатқанымыз жоқ. Жалпы, облыста қай бағытта да дәрігерлер жеткіліксіз. Дегенмен, қант диабетін емдейтін балалар дәрігерін көбейтуді қолға алу керек. Өйткені алдыңғы жылы аймағымыз бойынша 192 бала «Қант диабеті» диагнозымен диспансерлік есепте тұрса, биылғы жылы ол 197-ге көбейген.

Қант диабеті көмірсутек, май, ақуыздың зат алмасуының созылмалы бұзылуы, яғни қанға көп мөлшерде қант түйіршігінің бөлінуінен пайда болады. Сондықтан көп тәттіден бас тартып, вирус­ты жұқпалы аурулардан сақтанып, таза ауада көп серуен­деу керек. Ал қазіргі таңда балалар далаға шығып ойнамайды, керісінше телефон, теледидар көргеннен шаршамайды. Сол себептен де, бала­лардың денсаулығына бейқам қарағаннан қант кеселінің саны тым  ұлғаюда. Осы тұрғыда, облыс­тық ден­саулық сақтау басқармасына хат жолдап, толғандырған  сұрақтарымызды  қоюға  тура  келді.

Аймағымызда неге қант диабетіне шалдыққан бала­лар көбейіп барады? Себебі неде?

– Қазіргі таңда бұл аурудың балалар арасында көбеюінің маңызды себептері: тұқымқуалаушылық, балалардағы вирусты инфекцияның асқынуы, дене салмағының шамадан тыс өсуіне әкелетін артық тамақ ішу, құрамында көмірсулар көп кездесетін тамақтарды күнделікті тұтыну, баланың күйзеліске түсуі, далада сирек жүруі, баланың физикалық белсенділігінің төмен болуы. Осы аталғандар жиі орындалған жағдайда қант диабеті дертіне шалдығып, денсаулығына зиян келуі әбден мүмкін, – дейді дәрігер Д.Сарманова.

Денсаулығына зиян келіп, түрлі жағдаймен қант диабеті дертіне ұшыраған балалар қоғамнан алшақтап, бүгінде мектеп пен балабақшаларға баруы да үлкен мәселе екенін айта кету керек. Алайда денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметінше, қант диабетіне шалдыққан балалар  басқа да дені сау балалар тәрізді мектепке барып білім ала алады. Десе де, облысымызда 1-2 типтегі қант диабеті ауруымен ауыратын бүлдіршіндердің көбісі үйде оқиды. Сонымен қатар қант диабетіне шалдыққан балаларды сауықтыруға арналған санаторийлер еліміз бойынша тым аздық етеді. Сөзіміздің басында айтып өткендей, облыста қай бағытта болсын дәрігерлер жеткіліксіз. Аймағымызда денсаулық сақтау қызметінде, қант диабеті дертін емдейтін 45 эндокринолог дәрігер жұмыс істейді. Осының өзінде 2  эндокринолог дәрігер жетіспейді.

Әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жататын қант диабеті ауруының алдын алып, емдеу үшін өңірімізде дәрігермен қатар аппараттардың жай-жапсарын білгенді жөн көрдік. Жалпы, қант диабетіне ұшыраған жандар бірінші және екінші типтегі деп бөлініп, оның бірінші типтегі қант диабе­ті инсулинге тәуелді болады. Бұл ауру түрі ұйқы безінің дисфункциясына байланысты. Ал екіншісі инсулинге тәуелді емес. Мұндай жағдайда инсулинге сезімталдық жойылады. Екінші типті қант диабетінде қандағы глюкоза деңгейі көтеріледі. Айта кетейік, бұл аурудың салдарынан мүгедек  болып  отырғандар  аз  емес.

– Қазіргі таңда облыс бойынша қант диабеті диаг­нозымен тіркеуде тұратын 101 бала инсулино­терапия қабылдайды. Яғни, 1-типтегі қант диа­бетімен ауыратын балалардың сандық мөлшері жоғары. Бұдан бөлек, 96 бала 2-типтегі диагнозбен есепке алынған. Облысымызда балаларға арналған ағзаға микромөлшерлі инсулин беретін аппараттар жеткілікті, – деді  сала  мамандары.

Айта кететін болсақ, бүгінгі күнде облыс бо­йынша қант диабеті ауруымен диспансерлік есепке Байқоңыр қаласынан – 10, Аралдан – 19, Жаңақорған ауданынан – 11, Қазалыдан – 10, Қармақшыдан – 4, Сырдария ауданынан – 13, Шиелі­ден – 17, Жалағаштан 7 бала мен жасөспірім тіркелсе, оның қалғаны қала төңірегі бойынша тіркеу­де  тұр.

ТҮЙІН. Жыл сайын көбейіп бара жатқан қант диабетіне шалдыққан балақайлар мен жасөспірімдердің денсаулығына аса мән беріліп, қоғамнан алшақтатпай арнайы оқу орындары мен оңалту орталықтарын ашып, шипажайлардың санын көбейтсе, игі бастама болар еді. Бұл төңіректе айтылып жатқан мәселе мен ұсыныстар жеткілікті, тек қолға алса, нұр үстіне нұр болатыны анық. 

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

ҚАНТ  ДИАБЕТІНЕ  ШАЛДЫҚҚАН  ЖАНДАРҒА  КЕРЕК  КЕҢЕС

Диабеттің негізгі симптомдарының бірі – гипер­гликемия немесе қандағы қант деңгейінің көтерілуі. Оған шалдыққан адам үнемі шөлдеп жүреді, кіші дәретке шектен тыс көп барады, шаршағыш келеді, себепсізден-себепсіз арықтай бастайды. Аяқ-қолдың жансыздануы мен ауыруы да – сусамыр белгілерінің бірі. Қан құрамында қант көбейіп кеткеннен кейін жүйке жүйесі зақымданып, диабеттік нейропатияға ұласады. Дер кезінде дұрыс диагноз қойылса, мұны тоқтатуға, тіпті емдеп жазуға да болады. Уақытылы емделмесе, аяқ-қолдың ауырғаны күшейіп, жазылып бітпейтін жаралар пайда болады. Екінші типтегі диабет басталғанда науқастың көру қабілеті нашарлап, көз алды тұманданады. Тиісінше емделмесе, пациент көз  жанарынан  мүлдем  айырылып  қалуы  мүмкін.

Әлемнің кей елдерінде диабеттің алдын алу мақсатында бірқатар тағам түрін сатуға тыйым салынған немесе зиянды тағамдарға көп салық салынады. Мәселен, Венгрия билігі құрамында байытылмаған майлар, трансмайлар, қант пен тұзы көп тағамдарға салынатын салықты көтерді. Азық-түлікке  салық енгізілгеннен  кейін төрт жылда қазы­наға 200 миллион еуро түскен. Оның 95 мыңы  дәрігерлер  жалақысына 25 пайыз үстеме ретінде қосылды. Тұрғындардың басым бөлігі салық салына­тын өнімдерді  азайтып, пайдалы  тамақ­қа  бет  бұрған.

Ал Франция, Португалия, Мексика, Чили, Вьетнам сынды бірқатар елде қант салығы қолданылады. Шри-Ланкада «Сен ойлағандай тәтті емес»  деген  ұранмен әлеуметтік жарнама  жасалған. Авторлар аяғы кесілген пірәндік-адам, көзінің қарашы­ғы  жоқ  фигуралар  арқылы  диа­беттің ампута­ция, инсульт, соқырлық сынды  салдары жайлы баяндауға тырысқан. Британия билігі де  қант   салығын салды. Салық салынатын тағамдар тізімінде алкогольсіз сусындар, атап айтқан­да құрамын­дағы қант мөлшері 100 мил­лилитрге  5 грамнан  тура келетін сусындар  бар. Көп  ұзамай Fanta  сусындарындағы  қант мөлшерін  6,9 грамнан  4,6 грамға  дейін  төмендетті.

Қант диабетінің алдын алу бойынша бірқатар ұсыныстар  бар, оларға назар  аудару  керек:

балалар үшін өмірінің алғашқы бөлігінде эндокрин­дік аурулардың алдын алудың маңызды элементі – емізу;

күндізгі ұйқы режимін сақтау, міндетті түрде толық  түнгі  ұйқы;

дұрыс тамақтануды ұйымдастыру, тамақтану күніне  кемінде  3 рет;

баланың диетасына баяу көмірсулар қосу ұсыныла­ды: бұршақ дақылдары, шөптер, көкөніс­тер, жемістер, жаңғақтар;

тәттілерді, кәмпиттерді, шоколадты, тәтті тоқаштарды  және  жоғары қантты газдалған сусынд­арды  шектеңіз;

тұрақты  физикалық  белсенділік;

компьютерлік  ойындардың  орнына  ашық  ауа­да  бірлескен  белсенді  ойындар  болуы  мүмкін;

иммунитетті  арттыру;

стресті болдырмау (баланы отбасындағы жанжал­дардан және оны қатты алаңдатуы мүмкін жағдайлардан  қорғау);

темекі шегуге, оның ішінде электронды теме­кіге  тыйым салу: бұл жасөспірімдерге қатысты, өйтке­ні олар өздерін растау үшін темекі шегуді бастауға тырысады, бұл, әрине, жас денеге зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар, ағзаға кіретін нико­тин диабеттің дамуына және оның кейінгі асқынуларына  ықпал  етеді;

тұрғылықты жері бойынша емханада мерзімді тексеруден өту керек: бұл әсіресе жақын туыс­тарының арасында қант диабетімен ауыратын адамдар  болса.

Әр адам дұрыс тамақтану, тұрақты физикалық белсенділік, дене салмағын ұстап тұру, темекі мен алкогольді ішуден бас тарту арқылы қант диабеті ауруының алдын алуға немесе кешіктіруге, оның пайда  болу қаупін азайтуға болатындығын білуі керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: